Өлең патшалығына бас ұру

Бұл бетте «Өлең патшалығына бас ұру» атты Гүлайым Дәуітбаева жазған поэзия туралы өлең берілген.

Поэзия!
Сен мен үшін аңыз ең
Қонар деп басқа сенбеппін.
Мың толғансам да сен жайлы
От-құшағыңа енбеппін.
Поэзия!
Сен мен үшін қиял ең
Баурайтыныңа нанбағам.
Табындым тілсіз тылсымғаӨзіме-өзім таңғалам.
Поэзия!
Сен мен үшін сиқыр ең
Арбайтыныңа сенбеп ем.
Шабыттың баурап шалығы
Есалаң жандай сенделем.
Поэзия!
Сен мен үшін сағым ең
Томдардан тұнық қанып ем.
Манаурап жатып арманның
Алауын жайлап жағып ем.
Талақ боп тәтті ұйқым қап
Елтідім елес-күй тындап.
Бозала таңда кеудемнен
Балапан-жырлар пыр-пырлап.
Поэзия!
Жартысы болшы жанымның
Жаршысы болшы Ар-үннің.
Жүрегім-сенің баспанаң
Билігім сенде, бағындым!

1996 жыл


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері