Қаламға табыну
Бұл бетте «Қаламға табыну» атты Гүлайым Дәуітбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Көңілге кірлі жат салмақ толып,
Күлуге мүлде жарамай барам...
Жүректің шерін ақтармақ болып,
Ұстадым сені, қарағай-қалам!
Тағдырға білдім ермек, тегі, мен
Тұтқын боп қалдым мұңлы уайымға.
Қашып кеп мұңның жендеттерінен,
Саялап сені тынығайын ба?..
Қопарып тауып қазына жерді,
Қылқытып ойды көп ішетін ем.
Запыран-шерді, асыл әндерді
Өзіңмен ғана бөлісетін ем!
Жалмауыз-ойға еріп келемін
Құлатпақ құздан, қақпалап жарға...
Көңілдің дертін, көріпкел едің
Көшіріп берші ақ парақтарға.
Тұншығып қалып қапырық ойға,
Мүсәпір болып, үдеттім мұңым.
Шертіп сен көрші ақырын бойлап
Көңілдің перне, жүректің қылын.
Өзіңнен қуат тілеп ем жанға,
Мөлдіреп ақса жыр-ән тамшылар.
Мың дәру болып жүдеген жанға
Кәдімгідей-ақ шаттанам шығар?..
...Көңілге кірлі жат салмақ толып,
Күлуге мүлдем жарамай барам.
Жүректің шерін ақтармақ болып,
Жығылдым саған, сәуегей-қалам!
1997 жыл
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі