Көріксіз ой – көкірегін көмген сыз

Бұл бетте «Көріксіз ой – көкірегін көмген сыз» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көріксіз ой – көкірегін көмген сыз,
Дүниеде жан болса ең дәрменсіз,
Ол – Мен, Сенсіз,
Қалайша
Күліп-ойнап жүр екенсің, Сен, Менсіз?!
Сенсіз дертке ем қонуы – өтірік.
Төрт құбылам тең болуы – өтірік.
«Жаным» деген жылы сөзді
Түстіктен
Соққан желге «жеткіз» деймін өтініп...
Өтіп жатқан бір күн ауыр бір күннен,
Сенсіз тірлік тұл екенін білдім Мен.
Сүйген Адам — тірі жазған Тәңіріне
Құлақ кесті құл екенін білдім Мен!
Хас Шындықтай сарамысың – Бибі-Ием,
«Құлыңды» еске аламысың – Бибі-Ием,
Талансыздың жететұғын түбіне
Әлде бітеу жарамысың – Бибі-Ием?!
Күз аспаны кәр құсады – күрсінсем,
Көңіл құсы зорға ұшады – дүрсінсем.
Менсіз қалай ауа жұтып, жер басып,
Менсіз қалай өмір сүріп жүрсің Сен?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері