Анажан, өмірімнің желкені едің

Бұл бетте «Анажан, өмірімнің желкені едің» атты Жангелді Немеребай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Анажан, өмірімнің желкені едің,
Сен жоқсың. Енді кімге еркеледім.
Бүгінгі қызығымды көрсетпеген,
Ой, өмір-ай, неғылған келтелі едің?
Шынында өмір неткен келтелі едің,
Анамды асықтырдың,ентеледің.
Балалықты бір күнде артқа тастап,
Жас күнімді есейттің ерте менің.
Есейгені не керек ес білемін,
Қайғы-мұң жүрегімді кесті менің.
Жүргенде алдан күтіп бақыт таңын,
Кім білген қаралы бір кеш кірерін.
Атыңнан айналайын киелі есім,
Киелі есім түсіме жиі енесің.
Тірлікте асқақтаған әуенім ең,
Естілмей кеткен бүгін күй-елесім.
Жақпай жүр ме әлде бір жат қылығым,
(Ерсілеу естілді ме шаттық үнім).
Әйтеуір түсімде ылғи мұңаясың,
Өрулі келбетіңде ақ бұрымың.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері