Ұлағатың – ұлың бар деп жылайсың

Бұл бетте «Ұлағатың – ұлың бар деп жылайсың» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Азербайжан ақыны Сиявуш Сарханлы досымның ұлы дүние салғанда.

Ұлағатың – ұлың бар деп жылайсың,
Көз жасыңды көтере алмай құлайсың.
Ұл беретің құдіреттің құлымын,
Қолқаң қолым емес... несін сұрайсың.
Бүтін түтін түтемесе түңліктен,
Күрсінбегін, күдер үзбе тірліктен.
Жады мықты жалғыздыққа жар берме,
Енсізбін деп еру керек кіндіктен.
Жалқылық тек жарасады «Құдайға»,
Қызым жоқ деп, ұлым жоқ деп мұңайма.
Сен де – жалқы,
Мен де – жалқы,
Жалқы – өмір,
Жалқылыққа жасалмайды түк айла.
Жер бетіне жалғыз болып келесің,
Келесің де көресіңді көресің.
Қызың да – жат,
Ұлың да – жат,
Жаттығың
Жалғыздықтан асыра алмас өресін.
Қатының да, хоштаның да қастаның,
Түптеп келсе кетер бағып бас қамын.
Шырғалаңда шыбын жаның шырылдап,
Жетімсіреп жас төгеді аспаның...
Туған әкең түсіре алмас панасын,
Жалқы туып, жалпы жалғыз қаласың.
Туады да тастап тамұқ отына,
Пейішіне бейіл бұрар анашың.
Торық мейлің, қорық мейлің, азалым,
Жалғыздықтың жазған азап, ғажабын –
Жеке жеңіп, салт ат сабау қамшылы
Сыңар күйде сұлатады ажалың.
Кемелдіктің кереметі бар мұнда:
Сұрақ – жалғыз – Ақыреттің алдында.
Жауап – жалғыз,
Жаны жетеу жан – Жылан,
Қара басы Адамның да, Аңның да.
Реңіңді тонап,
Рухыңды ұрлатар,
Үкімі – зіл,
Заңдылығы тым қатал –
Жалғыздықтың жатырында Жалғыздық
Жұдырықтай жүрегің боп тіл қатар.
Жер де – жалғыз,
Ай да – жалғыз,
Күн – жалғыз,
Жалғыздықтан жапа шеккен мұндармыз.
Күллі Әлемнің Жалғыздары жиылып,
Мағынасыз Мәңгілікті жырлармыз...
Жалған жаһан жағдаяты осылай –
Жазмышыңа бауыр басқын шошымай.
Бір өзіңнің еншің – Екі Дүние,
Жалғыздықты жал етпеші, досым-ай!
Қалған соңғы тұяғы ем деп атаның,
Қол қусырып, қосын жекпе қапаның –
Жалғыздықтан Рухың үстем болсын де,
Болсын аман Отың басы – Отаның!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері