Сабырын алған сананың

Бұл бетте «Сабырын алған сананың» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сабырын алған сананың,
Бұл не деген дәремет:
Он Сегіз Мың Ғаламның
Әлек – бәрі...
Бәрі – әлек.
Әлек – бәрі...
Күн де – әлек –
Шығады да батады –
Ашына-Айы түнделеп
Секс-фонда жатады.
Тәңір өзі о бастан
Салып қойған әлекке:
Таң кірпігін жаңа ашқан –
Іңір қуған алаөкпе.
Жанып-өшу – мұрады,
Жұлдыз – әтек...
Не хайыр?! –
Бұлт-Шашын жұлады,
Жасыңды Жай – Көкайыл!
Дүниежарық – дүрбелең,
Тәтті ұйыққа батқандай –
Күңіренісіп Күллі Әлем
Күйектеніп жатқандай.
Жер кеудесін қысқандай,
Көк қызығы тоналып:
Тату Атадұшпандай –
Аталық пен Аналық.
Жалап қыстың ұлтанын,
Көктем Алтынкүрегі –
Қызыл-жасыл қырқаның
Кең етегін түреді.
Керемет бұл не деген:
Жас Бұташық желк етсе –
Селк етеді Кәрі Емен,
Белі оянған Еркекше.
Әлек – бәрі...
Бәрі – әлек:
Жаны бар да,
Жансыз да.
Әлектенген Көбелек
Айналады қамсызға...
Аң да,
Құс та,
Адам да
Әлектену керектей –
Душар дертті Заманға,
Көті-басы көнектей!
...Мен де әлекпін,
Сен де – әлек,
Пәлектеп тіл қатсаң-шы –
Алтын сырғаң дөңгелеп,
Әлкеленіп жатсаң-шы?!
Табиғаттай тылсымның
Басқа мәні жоқтайын –
Қан құсардай күрсіндім,
Ұңғыдағы Оқтайын!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері