Сталиннің ең биік аты гимн

Бұл бетте «Сталиннің ең биік аты гимн» атты Зияш Қалауова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жаңа тілі былдырап шыққан бөбек
Сөзін бастар әуелі Сталин деп.
Қайта жасап елімде қарт әкелер
Сталиннен өмірге алады өзек.

Сталиннің қолымен жоспарланып,
Жер картасы қайтадан жаңаланып,
Болашақ бір кең үйді қалап жатыр
Россия елінде батыр халық.

Меруерттей, шөлдерде сулар ағып,
Өспек онда жас орман сылаң қағып.
Мақта, күріш, ақ бидай, алма бағы,
Жатпақ жүзім сабағы гүлге оралып.

Нью-Йоркте, Парижде, Лондондарда,
Түрмеде шындық үшін жатқан жанға
Қуат боп жігер берген көсем аты,
Оларға, тар кезеңде қысылғанда.

Сүйгендерге күн нұры, су тұнығын,
Сүйгендерге әділдік тіршілігін,
Қамқоршы боп оларға жол нұсқаған
Сталиннің ең биік аты гимн.

Ол есім — таза ауадай жан тынысы,
Өмірдің тұтқасындай қуат-күші.
Бар тілде, бар әлемде адал жанның
Сталин ең жақыны сүйіктісі.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері