Корея жерінде

Бұл бетте «Корея жерінде» атты Зияш Қалауова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кореяның жерінде
Жаудың өрті көрінді.
Бейбіт жатқан еліне
Әкеп салды өлімді.

Ысқырды бомба, снаряд,
Жер солқылдап сілкінді.
Өлім, ойран, жарақат...
Қырды талай қыршынды.

Балапанды қаз, үйрек
Шулап ұшты ұядан.
Өскен қыран тау билеп,
Қалықтай ұшты қыядан.

Оқ тиіп қырда ақ марал,
Жетім қалған жас лақ.
Енесін іздеп жануар
Қасында жүрді маңырап.

Үрейлі жүзі, шырқырап,
Көзінде жасы мөлдіреп,
Ыршып өртте аналар,
Жүгірді жетім жас бөбек.

Қызыл жалын ішінде,
Өртеніп жатыр баспана.
Сұлық, суық пішінде
Демсіз жатыр жас ана.

Аймалады ол құшақтап,
Суынып қалған анасын.
Ашулы көзде жас бұршақ,
Ұстап еміп мамасын.

Жалыны жасты көзінің,
Кореяның кегіндей,
Сол сәбидің сезімін,
Шындамақшы темірдей.

Сәбиді сүйіп аймалап,
Жұбатты соққан жел ғана.
Өкініп, өксіп зар жылап,
Күрсініп күйіп долдана.

Адам да, аң да, табиғат,
Соғыстың тартқан азабын,
Жауларға жолдап лағнат,
Күтеді жаза зауалын.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері