Раймонда
Бұл бетте «Раймонда» атты Зияш Қалауова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Табытындай өлімнің түсі суық,
Қару, асқан АҚШ-тың солдаттары,
Тұрған халқын Бордоның үйден қуып,
Орнатуда орнына казарманы;
Вьетнамға тіміскіп жемтік іздеп,
Поездарын дамылсыз тізе тартып,
Түсі суық танктер тізбек-тізбек
Келе жатты ажалдың жүгін артып.
Қан өзенмен сөндірмек селдей аққан,
Бостандықтың екпінін, сарындаған.
Тұншықтырмақ, қырандай қанат қаққан
Адам әнін көкке ыршып жалындаған.
Бейбіт елдің Шығыста алыс жатқан
Тонап, талап сөлінің сормақ бәрін.
Кұлқыны үшін тойымсыз, қарғыс атқан,
Кұл бұғауда ұстамақ ұрпақтарын.
Тұнжырасып ызалы тұрды халық,
Топ ішінде жас қана Раймонда,
Қатуланып шықты да көпті жарып,
Қан өзенін бөгеуге жатты жолда.
Тосты өлімге халқы үшін өз кеудесін
Қарлығаштай су сепкен қанатымен.
Шеп қып ұстап арына өз денесін,
Үлгісімен жол ашты өмірге кең.
Ол өмірін қорғаушы адамзаттың,
Сонау түстік теңізде, аралдағы.
Тұлғасындай ізгілік махаббаттың,
Достық гүлі қырмызы қызғалдағы.
Ол кешегі Жаннадай сүйді халқын,
Қан майданда қорғаған келешегін.
Ізгіліктің, ерліктің жайып даңқын
Жібермеген жауына өз есебін.
Ол қорғаушы Отанын Кореяның,
Ойрандалып бомбалап үйі өртенген.
Ол сүйеді сәбиін Вьетнамның
Қан жоса боп кінәсіз жаудан өлген;
Аналарды ондағы алып жүрек
Қорғап жатқан шайқаста туған жерін,
Айбынды, асқар даңқынан жау тітіреп,
Ноян етіп өсірген сәбилерін.
Өмір заңын ерлікпен меңгеруші,
Билеп ескі тағдырды бағындырмақ.
Жеңісіне ол солардың демберуші
Шар болаттай шарықтап күшін шыңдап.
Ол кешегі қан жоса із қалдырған,
Ұмытқан жоқ соғыстың сергелдеңін.
Трумэншілер ойлаған апатынан
Қорғамақшы әлемнің келешегін.
Үрейленіп бомбадан, жан ұшырған,
Көрмек емес баланың жылағанын.
Жарасынан әлсіреп қан ағылған
Жас жігіттің жұтым су сұрағанын.
Ойранында соғыстың қанды қырғын,
Өрт ішінде жамылып қызыл жалын,
Күрес, сәулет айғағы сан ғасырдың
Көрмек емес Париждің қирағанын.
Бейбітшілік бейнесі ол көгершіндей,
Оның аты шарлап жүр жердің шарын,
Нәрестенің кіршіксіз жүрегіндей
Ізгілікке шақырып жанның бәрін.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі