Еділ бойында
Бұл бетте «Еділ бойында» атты Зияш Қалауова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Майдағы сұлу жаз күні,
Көк торғын аспан, атқан таң,
Нұр құйып күміс кірпігі,
Күледі күн де шығыстан.
Ақ Еділ жатыр толықсып,
Бейнесіндей өмірдің,
Көк жібек төсін күн құшып
Құтындай байтақ елінің.
Алматы, Харьков, Оралдан
Ағылған құрал-саймандар.
Жер-жерден өзі сұранған
Көрісіп жатты мамандар.
Инженер де, шофер де,
Қалауымен өзінің
Келіпті, ұста, токарь да
Игілігі үшін елінің.
Жердің құты — анасы,
Шалқып жатыр ақ Еділ.
Думанды дүбір жағасы
Мейірімді жандай кең пейіл.
Өзеріп кеткен ескі күй,
Жасарып жаңа тұлғасы.
Жаңғырып жатты Жигули,
Жаңқадай ұшып жартасы.
Тізбегіндей тырнаның,
Заулаған сансыз машина,
Опырып таудың құздарын,
Еділге құрал тасуда.
Қопарып түбін еспелеп,
Дәуірден қалған тұнбаны,
Таспенен өріп текшелеп,
Табанын Еділ шыңдады.
Құрыштай тоған құйылып,
Орнатып болат турбаны,
Толқыны тауды үйіріп,
Қалды тек ГЭС-тің зырлауы.
Оралға қарай Еділдің,
Жосылды жаңа тармағы,
Көбесі қойнау сөгілген,
Бейне бір таудың аңғары.
Төгіліп жары төбедей,
Көтерілген топырақ,
Науалардан кемедей
Ақтарылды бұрқырап.
Жер жиегін ысырып,
Экскаватор күрілдеп.
Тасты шайнап түсіріп,
Ыршытып жатыр біріндеп.
Комсомолец жас бала,
Тетігін тегіс меңгеріп.
Қолқасын жердің ақтара,
Опырып жатыр еңсеріп.
Соғыс пен сордың қаупінен,
Жүзінде оның жоқ белгі.
Әлемге сәуле шалқыған,
Шынардай өскен көктемгі.
Мақсаты достық, махаббат,
Еңбектің, күштің дауылы.
Бақыты үшін адамзат,
Жұмылған еңбек қауымы.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі