Өзгерген Еділ

Бұл бетте «Өзгерген Еділ» атты Зияш Қалауова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тамшы суға зар болып,
Көкте бұлтқа табынған,
Жері тозан шаң болып,
Шөбі күнге қарылған.

Су жоқ көздің жасындай,
Есетін тек жел ғана.
Құм бораны басылмай,
Тозаң түтеп айнала.

Ел қиялы жер кезіп,
Жер үйегін іздеген.
Құмды боран шөл кезіп,
Судан күдер үзбеген.

Сонда көкте жыл құсы,
Қос қанаты талатын.
Біткен кезде тынысы,
Шөлде ұша алмай қалатын.

Сыбырлап Еділ әлдиін,
Тербеткен толқын бесігін.
Төгетін Жайық зар күйін,
Күтетін ерлер өсуін.

Жайықтың бойын жағалап,
Жарқылдатып қылышын,
Пугачевтай ер казак
Тарылтқан патша тынысын.

Сорғалаған қырандай,
Тартып жорық шеруін.
Еліндегі ер Чапай
Кегін қуған елінің.

Кезінде соғыс жойқыншы,
Кесе жатып көлденең,
Жауына жалын толқыны,
Қарыған бетін ер өзен.

Царицыді, Еділді,
Қысқанда майдан дауылы.
Сталин бастап елімді,
Жеңіске жеткен қауымы.

Қолынан намыс бермеген,
Тұлғасы туы жеңістің.
Сүйегін мәңгі жерлеген,
Менменсіген немістің.

Желекті найза желбіреп,
Түн қатып талай желген жер.
Ұрпағы өсіп ер жүрек,
Күн туды қазір гүлденер.

Көрсең-ау бүгін Махамбет,
Жиырмасыншы ғасырды,
Сталин алға жаткан көп,
Арманды іске асырды.

Қан жұтып қамын ойлаған,
Халқының бағы ашылды.
Құм қуып, құйын ойнаған,
Жеріңді орман жасырды.

Еділдің бойы ен тоғай,
Еркімен жайлап ел қонды.
Жайық бойы жағалай,
Құм-шағылға көл қонды.

Өзегі тілеп шөлдердің,
Қазылған арна жосылды,
Кеудесін кесе белдердің,
Жайыққа Еділ қосылды.

Жотасынан су жүріп,
Соқты дала жүрегі.
Денесіне жан кіріп,
Бүгін дала күледі.

ЧТЗ-дар тілгілеп,
Жер қыртысын төңкерді.
Қырмызыдай, қыр жібек,
Тумысынан өзгерді.

Зым-зыя болды құйын да,
Орманда самал сыбырлап.
Кеткендей сусып құмың да,
Жаралды қайта топырақ.

Елімнің күші еңбегі,
Маздатты бақыт шырағын.
Тағдырды билеп жердегі,
Құлпыртты қоныс, тұрағын.

Жасыл бархыт жамылып,
Еділ, Жайық арасы,
Балауса гүлге малынып,
Дегендей бүгін қарашы.

Құм бұйраттар жайқалды,
Өзгеше өң бар жерінде,
Қыздардың әні шырқалды,
Жайқалып, өскен егінде.

Көз тартып жатты күміс көл,
Жыл құстары ұялап,
Айдынын сүйіп самал жел,
Көмкеріп шетін бал құрақ.

Тілініп тастан мрамор,
Салынған сарай қат-қабат,
Салтанатты, сәнді өмір,
Алтын аймақ болды алап.

Қош иіс бағы балбырап,
Шырадай жанып тұр гүлі.
Күмістей сұлу бал-бұлақ,
Сайраған сансыз бұлбұлы.

Көбесі күйдің сөгіліп,
Шаттықтың сырын шертеді,
Сәуледей ойға төгіліп,
Жүректі оттай ерітеді.

Ақ Еділ жатыр толықсып,
Бейнесі сұлу өмірдің,
Торығандай төсін күн құшып,
Құтындай байтақ елімнің.

Жетектеп құрыш қолымен
Толқынын асау Еділдің,
Жүргізген шөлейт жонымен,
Ұрпағы батыр Лениннің.

Елімнің ұлан ұл-қызы,
Бақытқа жүзіп Еділде.
Еділде бақыт жұлдызы,
Еділ менің жерімде.

Жоқ екенін білді жұрт,
Табиғатта керемет,
Еңбекте екен бақыт — кілт,
Қолымызда екен құдірет.

Бақыт менің жерімде,
Уысымда, колымда.
Тура тарттық өмірге,
Тосқауыл жоқ жолымда.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері