Шөп шабу

Бұл бетте «Шөп шабу» атты Зияш Қалауова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ертеңгі самал тербетіп,
Шабындық беті шалқыйды.
Қарлығаш ұшып әндетіп,
Хош иісті гүлдер аңқыйды.

Сылдыраған тас бұлақ,
Айнала торғын көкпеңбек.
Машина тісі сыртылдап,
Қыйылып жатыр десте шөп.

Орылған шөпті сыпырып,
Дестелеп тастап көдені.
Тырнауыш жеккен көк бесті
Кейде аяңдап келеді.

Айнадай арты теп-тегіс,
Жыйналған таза шапқан шөп.
Шөп шабылса мал күйлі,
Мал қамын ойла ертерек! —

Деп, делбені Айжамал,
Серпіп-серпіп қалады.
Машина даусы сыңғырап
Жаңғыртады даланы.

Тырнауыш тісі көдені
Жыйған сайын өндіріп.
Елестейді көзіне,
Колхоз малы бес түлік.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері