Сауыншы

Бұл бетте «Сауыншы» атты Зияш Қалауова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Марал көзді бұзаулар
Қырға қарай өреді.
Қалқан құлақ жануар
Балғын жұмыр, денелі.

Алтын нұры шашырап,
Күн батыска төнеді.
Кешке қарай мамырлап,
Өрістен сиыр келеді.

Жон-жотасы былқылдап,
Маңбасқан кербез келімі.
Тұяқтары сыртылдап,
Жер сызады желіні.

Сауып жатыр сиырды,
Келген бетте келіншек.
Сүт суылдап құйылды,
Желіндерден сала емшек.

Беті қаймак кілкілдеп,
Хош иісі келеді.
Сүтке толып күрпілдеп,
Кезектесті шелегі.

Тасып жатыр тәтті сүт,
Бейне теңіз телегей
Қоймасында ырыс-құт,
Тізген бетон кілегей.

Құрт, ірімшік тонналап,
Тәтті қатық, қаймағы,
Сарқылмайтын балбұлақ,
Көл секілді аймағы.

Ол күшімен өнімнің,
Сыбана түсіп білегін,
Шындап жатыр өмірдің
Бейбітшілік тірегін.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері