Қарлығаштың анасы

Бұл бетте «Қарлығаштың анасы» атты Зияш Қалауова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Түйме-түйме кірпіш құйып,
Қос қарлығаш ұя салды.
Сабан, мақта түбіт жыйып,
Үйін оңдап азаптанды.

Біздің үйдің кенеріне
Ұя салған қарлығашым.
Бақылаймын қарап күнде,
Шайқап жаткан жұмыртқасын.

Қызылшақа, тақыр қанат,
Шықты бір күн жаңа жандар.
Шу-шу етті сұрап тамақ
Сары ауызды балапандар.

Ұзақ күнге дамыл көрмей,
Бар тапқанын алып келді.
Ұстаса да шыбын, шыркей
Бірдей етіп бөліп берді.

Аясында балалары
Ұшып, қонып бәйектейді.
Балажан бұл аналары
Өсіруге өбектейді.

Шыр-шыр етіп сыңғыратып,
Ертелі-кеш салады әнін.
Тербеткендей кей уақыт
Әлдиімен балапанын.

Үсті қара бейне атлас,
Мың құлпырып мөлдіреген.
Ақ омырау бес қарлығаш
Бауыр жүні үлбіреген.

Өсіп, жетіп балалары
Ұясынан қанат қақты.
Кішкентай құс аналары
Қандай тәтті махаббаты.

Әлдиімен ана өсірген
Бал мейірлі бала бөбек.
Ана сырын оймен білген
Ақыл ойы болсын зерек.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері