Әлі қарт

Бұл бетте «Әлі қарт» атты Зияш Қалауова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ақсақалдың күндіз-түн,
Бақша ғана ермегі.
Өсіріп бал жемісін,
Жанданады еңбегі.

Тәтті ұйқыда таң алды,
Тыным алмай бел шешіп,
Қалың бағын суарды,
Толарсақтан саз кешіп.

Шаршамады, талмады,
Бағын күтіп түзетті,
Көз шырымын алмады,
Жазғы таңда күзетті.

Уылжытып өрікті,
Мөлдіреді қарақат,
Бақшасына көрікті
Қуанады Әли қарт.

Қараша өрік, шапталы,
Тамылжыйды мөлдіреп.
Қызыл-күрең алмасы
Бал татыйды елжіреп.

Қырауланып жүзімі
Меруерттей тізілген.
Жаудыраған шиесі,
Лағыл-маржан сүзілген.

Немересі — Болаттың
Қолдан түспей күрегі,
Атасының бағында
Күндіз-түні жүреді.

Атасынан оқыған
Еңбек — қазна дастанын,
Мичуриндей болуға
Инженері бақшаның.

— Халқымыз үшін еңбегім
Ең асылым — өнерден.
Үлгі алсын ісімнен
Немерем мен шөберем!

«Балдыбармақ» аталған
Колхоздағы Әли қарт,
Еңбегіне ел айтқан —
Алғыстарын мың қабат.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері