Әншіге

Бұл бетте «Әншіге» атты Зияш Қалауова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сұлу ән шарықтады асқақ арын,
Төгілді мың құбылып әсем сарын.
Ой сырын, көңіл күйін, үнмен төгіп,
Жүректі билегендей ықтиярын.

Асау ән шырқап көкте буырқанып,
Қырандай сорғалайды қанат қағып,
Шарлаған орман кезіп гүлден-гүлге
Күйіндей сандуғаштың мың бұралып.

Құйылып тамылжыйды жанды тербеп,
Қиялды шалқытқандай аспанға өрлеп
Ағыны жан-жүйені билеп тегіс,
Лепіріп тау-тасқындай кетті селдеп.

Тыңдаушы әнмен бірге қанаттанып,
Әуезге қанып, көңіл рақаттанып,
Өмірді әнмен толғап айтқан жанға
Айтамын алғысымды мейрім қанып.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері