Телефоны құрғырың үндемеді – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Телефоны құрғырың үндемеді» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.07.2016
  • 0
  • 0
  • 8880
Телефоны құрғырың үндемеді -
оятпады мазалап түнде мені.
Шырт ұйқыдан тұрғызып сүйіктім кеп
кетеміз, жүр демеді.
Ақ айдынға тоғытып жыр-кемені,
желмен ұшып жанымның мұң-желегі,
ағыстармен алысар арман сәттер
ұмытты мүлде мені.
Жақындатпай, алдырмай ой қамалы,
үміт, ыза - жиылып бойға бәрі,
арман оты жарқылдап жанарымда
найзағай ойнамады.
Азаптың да рақат бар мұңдары,
сені сағынғаным да - жанның нәрі.
Осы бір сәт тыныштық болса игі еді
дауылдың алдындағы!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері