Жылдан жылға жетейік есен-аман! – Ерлан Ахмет

Бұл бетте «Жылдан жылға жетейік есен-аман!» атты Ерлан Ахмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жыл ішінде он екі ай қатарласып,
бір-бірінің іздерін жатар басып.
Көктем келсе көкорай, көгал іздеп,
көңіліңді көншітер сапарға шық.

Жадыраған жаз күні жайраңдаған
жалаң аяқ, жалаң төс ойнар балаң.
Жас келіндей жасанған қайран далам,
жайлауында төрт түлік тайраңдаған.

Молшылығын сезімнің күздей берсін,
ылайым тек ырысын үзбей берсін!
Ұлы Дала Елінде бақыт, шіркін,
қонатұғын әр үйді іздей берсін!

Ақ айрандай ұйытқан берекесін,
Ақ жүрекпен қарсы алған мерекесін.
Аппақ қардай шашылған қыстыгүні,
Ақ маржан жыр, арындап төрлетесің!

Мен сенемін, біреу кеп десе маған:
«Жаратқанның жазмышын кешеді адам».
Тіршілікте бес күндік, жарандарым,
жылдан жылға жетейік есен-аман!


Пікірлер (1)

Айару

Мына сұраққа жауап қажет: http://qa.bilim-all.kz/3034

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері