Бір тілек – Ерлан Ахмет

Бұл бетте «Бір тілек» атты Ерлан Ахмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қай жерде жүрсем де мен, мейлі,
Өзің деп соғады бұл жүрек.
Жанымның жарасын емдейді,
Біздегі үндескен бір тілек.

Өлшеулі өмірдің шартында -
Таусылмас тіршілік толғауы.
Күлімдеп жүретін қалпымда
Есіңде сақталсам, болғаны.

Дүние жинаған бекер ғой,
Көңілге керегі - сыйластық.
Қиынның қиыны екен ғой -
Аяулы адамды қимастық.

Аңғармай айтылған сөздерді
Саралап, санадан өшіргін.
Жастықпен жаңылған кездерді
Кешіргін, жалғызым, кешіргін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері