Жетім мұңы (цикл)
Жаныма бізін мұң сұққан кезде
Жанарым жасқа тұншыққан кезде
Асау тағдырдың берік тізгіні
Ырқыма көнбей қырсыққан кезде
Еске алам әке мен сені
Өзекке зарым тығылған кезде
Тағдырым тасқа ұрылған кезде
Жаныма жалау тірек табылмай
Еңсемнің рухы жығылған кезде
Еске алам әке мен сені
Мендегі үміт сорлаған кезде
Кестесін қайғы торлаған кезде
Шырмауық ғұмыр шимайға толы
Санамды әбден арбаған кезде
Еске алам әке мен сені
Жүрегім жылап,жабыққан кезде
Даңғаза ойдан жалыққан кезде
Тұңғиық тылсым өмірдің қатал
Қатпарларынан зар ұққан кезде
Еске алам әке мен сені
Құлазып көңіл,ойланған кезде
Күдерім мұңға байланған кезде
Бағымның жаурап жайқалған гүлі
Солуға енді айналған кезде
Еске алам әке мен сені
Беймаза тірлік жасытқан кезде
Қуаныш тербеп тасытқан кезде
Сағынышымның шипасын таппай
Өзіңе қарай асыққан кезде
Еске алам әке мен сені
2
Күлкімді мұңым ұрлаған кезде
Көңілді қайғы шырмаған кезде
Еш дауа тапппай дертіме мына
Жігерім жасып,құм бо(л)ған кезде
Еске алам ана мен сені
Жанардың жасын көлдеткен кезде
Бесігін қайғы тербеткен кезде
Қабағын түйіп қатулы тағдыр
Мейіріміне шөлдеткен кезде
Еске алам ана мен сені
Сая табылмай сенделген кезде
Бақытым мұңға жерленген кезде
Жылуын бөлмей сүйкімсіз жалған
Уланған улы шер бөлген кезде
Еске алам ана мен сені
Арманым азып жоғалған кезде
Шаттықтың бағы тоналған кезде
Шүйлігіп алған шибөрі мұңға
Шиедей болып таланған кезде
Еске алам ана мен сені
Қуаныш сордан жеңілген кезде
Іргесі бақтың сөгілген кезде
Миымды жеген мазасыз ойлар
Мезі етіп жанды кемірген кезде
Еске алам ана мен сені
Үгіліп тауым шағылған кезде
Жүрекке жара салынған кезде
Аямай маған шуағын шашар
Күн келбетіңді сағынған кезде
Еске алам ана мен сені
Құрбанәлі Аманкелдіұлы
Almaskhapar
Иа жетім жандарға құдай өзі жар болсын өлең өте əсерлі, ата анасы бар жандарға көп оқыту керек ата анасының қадірне жетсін
guka1988
Ғабит Мүсіреповтың "Саңырау еститіндей, соқыр көретіндей етіп жаз"- деген сөзі бар ғой, өлеңің Ғабең айтқандай екен, қаламың ұшталсын бауырым!