Өлең, жыр, ақындар

Мың тырна


Хиросимадағы жарылыстан кейін екі жастағы Сасаки Садако деген қыз таңқаларлық жағдайда аман қалған. Бірақ он жастан аса бергенде қан обыры ауруына шалдығады. Сонда қыз ауруханда жатып «қағаздан мың тырна жасасаң, тілегің орындалады» деген жапондардың ескі аңызы бойынша қағаздан тырна жасай береді. Сасаки 12 жасында қайтыс болады. Тек 644 тырна жасап үлгеріпті. Достары ол жасай алмаған тырналардың орнын толтырады. Содан бері жапондарда «мың тырна» аңызы тіріліп, тыныштықтың, тілектің орындалуының символына айналғанға ұқсайды.

Бір мекеннің күлі көкке ұшты бізден шалғайда,
Тек бірлік деп арайлап бір ататұғын таң қайда?
Көк аспаннан адам жауған, сол жарылыс кезінде
Бір бүлдіршін аман қалды таңқаларлық жағдайда.

Екі жаста жетім қалып, қыз көп көрді тарлықты
Қасіретті мұнша ауыр көтереді жан мықты.
Амандығым бағым ба, әлде сорым ба деп жүргенде,
Он жасында жазылмайтын ауруға шалдықты.

Содан бері сезгені өлім, жалған болды қалғаны,
Сағым болып бұлдырайды көрер жарық алдағы
Бала – көңіл, періште қыз, сенім еді не деген
«Мың тырнаның» қанатында тұтанатын арманы.

Батыра алмай күнін әуре және алысып таңымен,
Сыздатады тән ауруы таба алмайды жанына ем.
Ол сондада «Мың тырнаны» жасай алсам егерде,
Тілегімді орындар деп сенді бар жан – тәнімен.

Үзілмейді үміт шіркін жасап отыр қанатын,
Көп қағазға сырын айтып жеңілдеп бір алатын.
Әттеген – ай, өлім сәті тақау қалды ол әлі,
Төрт жүз қағаз тырна жасап үлгермеген болатын.

Сөнді ғұмыр он екіде ашылмаған бір гүлі,
Алып кетті өзіменен риясыз бір күлкіні.
Ғажайыпқа толып тұрып өмір дейтін шіркіннің,
Долы ажалдан алып қалып, өлтіргені күлкілі.




Пікірлер (1)

Сымбат

Қатты ұнады, болашақта мықты ақын боласыз!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз