Айналамда бозөкпе – кілең бала – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Айналамда бозөкпе – кілең бала» атты Фариза Оңғарсынова жазған бала туралы өлең берілген.

  • 30.03.2018
  • 0
  • 0
  • 3798
Айналамда бозөкпе – кілең бала,
кілең бала ішінде жүрем дара.
Қыз-ақкөңіл, сол тектес күйеу бала,
ұл-келінде пәктік пен жігер ғана.
Ойламастан қалғанын маған күз кеп,
Өздерінше іс етер амал іздеп
бәрі маған жаудырап жалтақтайды,
бірдеңені бүлдіріп алармыз деп.
Ренжітіп өлеңді астан қалдым,
өкпелері қазандай дастандардың.
Жыр күткендер тағы бар жаутаңдаған,
осылардан жанымда тапсалған мұң.
Бастықтарға бұрыннан семген үміт,
(Алдарына бармаймын мен де емініп)
тағдырыммен ісі жоқ, ешбірінің –
мен бармын ба, кеттім бе жерге кіріп.
Білем, өлсем қамқорсып ас берерін,
Бейнемді ойып, атымды тасқа егерін.
Тірімде жайымды білмеген қоғамыңды
өлмей тұрып күрер ем тапсам ебін,
кетем сосын бетке алып мақшар елін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері