Қара өлең
Жатқандай тәтті ұйқыда қазақ халқы,
Айырылмай жақсы менен жаман парқы.
Баласы дін мұсылман, ояныңдар,
Көрінер өз пайдасы, жұрттың нарқы!
Әркімнің өз пайдасы - ойлағаны,
Тереңге түсіп жатыр - бойлағаны.
"Хұрият"- деген сөзді жоқ қылам!"-деп,
Аш бөрі бізді жеуден тоймағаны.
Ойлайды бізді ілем деп бармағына,
Көрсетіп зорлық күшін жан-жағына.
Бас қамын, жан пайдасын ойлаңыздар,
Жақсы емес, түсе берсең қармағына.
Өнерге, ғылым-білім, болсаң жерік,
Берілер ақыр бір күн басыңа ерік.
Көп жұртты көз жасыңа қылсаң куә,
Табылар мұңлы-зарлы саған серік.
Айтқаның үйде отырып жел болады,
Көз жасы көп жылаумен сел болады.
Көп басын қосуменен жасын төксе,
Сай-сайдан ағып дария көл болады.
Оңдырмас мынау қойшы бізді бағып,
Сіңбей тұр ішкен тамақ бойға жағып.
Тұрғызып омақаны әрбір жерге,
Жер-суды ап кетті ғой қазық қағып!
Орысты біздің қазақ күндемейді,
Үстінен басып өтсе, үндемейді.
Аямас әлі жетсе өмір бойы,
Жұрт қылып түзулікпен жөндемейді.
Көшпелі мал сықылды жүрген халық,
Бір шаруа жалқаулықпен болар талық.
Жел болып жаққан шамға дамыл бермей,
Болмай тұр қанша айтқанмен бізге жарық.
Әр түрлі бұл қазаққа шықты форым:
Сатулы жүрген жер мен тұрған орын.
Сұраса, біз иіліп көне бердік,
Жұрт едік бейпіл жүрген мұнан бұрын [8].
Шарасыз, амалсыздан жүріп едің,
Қай түрлі айдауына көніп едің.
Басқаны мал мен жанның ақша болып,
Қысымдық талай жөннен[әр түрлі тамашаны] көріп едің!.
Таусылмай толып жатыр арманымыз,
Ерікті болмаған соң мал-жанымыз,
Болмаңыз алты ауызды, [ бауырларым ] дін-мұсылман,
Бұл тойдан не боламыз қалғанымыз?!
Пайданың ортасында өзі жатар,
Залалға мейлінше арзан бізді сатар.
Ынтымақ қылыңыздар[дін-мұсылман] бас қосумен,
Мейлің қазақ, мейлің бол сарт пен татар!
Қазақтың қылып жүрген жұмысы
[Екінші рет сөз]
Жүзіне ақ қағаздың тартып қалам,
Сөйлеген мұң мен зарын бұл күнгі адам.
Болса да дария-сия, аспан-қағаз,
Мұң мен зар түгелденіп болмас тамам.
Көшпелі болған жұрттың шаруасы бар,
Сарт, ноғай жан сақтайды
[шаһардың алып сатқан] саудасы бар.
Кезқұйрық, жапалақпен жемтіктес боп,
Сұрайтын бір-бірінен сауғасы бар.
Таң атса, дүние жүзі қыбырлаған,
Сөзі бар екеу - екеу сыбырлаған.
Көкпары, бірін-бірі, қылып бұл жұрт,
Құпиялап бір-бірінен сөз ұрлаған.
Бөлініп жұрт екі жақ партиялап,
Қалмайды ұрғашыдай сол қиялап.
Басқа орын босағадан тимейтінді,
Бас қылып, бас жегізіп тәрбиелеп (тарбиалап).
Көрініс, екі жақтан, топ көбейтіп,
Дау-жанжал, жанып тұрған шоқ көбейтіп.
Болмаса малға зиян, еш пайда жоқ,
Атарға бір мылтық жоқ, оқ көбейтіп.
[Айғырша тыша берген боқ көбейтіп.]
Қазақтың мұнан кетер берекесі,
Жоқ болып ынтымақты мерекесі.
Бір шалды төрге орнатып, бас жегізіп,
Сол болар ақырында келекесі.
Боп жамбасқа (жанбасқа) бір отағасы,
Жасында еркелеткен бар баласы.
Жілікті "мә!"- деп, соған ұстатады,
Әкесінің [әкенің] баласы бар май жағасы.
Көп болып гуілдесер байлауы жоқ,
Партия,күнде кеңес, сайлауы жоқ.
Түп бұрын алас ұрып әуреленер,
Асулы күнде қазан, қайнауы жоқ.
Титықтап, жұмысы жоқ, шаршауменен,
Шыққан тіл ме, әуре боп, қамшауменен.
Өмірін өткізеді жазды - қысты,
Аузының дәмін алып тамсауменен.
Бай түсер төмен қарай шарасынан,
Айырылып азды-көпті қарасынан.
Аңдыған арам көңіл екі досты:
"Бір бұзық шыға ма деп — арасынан?".
Арасы ағайынның алыс болды,
Таласып, дамылы жоқ жарыс болды.
Жетіліп партиямен дәрежесі,
Жақсы - жат, жаман адам таныс болды.
Жаз болса, ауыл үй боп, ыңғай қонып:
"Қызық қой бұ жүрген,- деп,- мұндай болып".
Өңешін жылтыратып көп кедейлер,
Айырылып ат-тонынан жұрдай болып.
Біреуді пана қылып, сүйенгенсіп,
Мәз болып, отырғанға саумал ішіп.
Мырзасы қасына ерген нашарына
Шығынды баса салар сырттан пішіп.
Біреудің ерген ақымақ желігіне,
Жылп етер: "Жараймын,- деп - серігіне!"
Шақырса бір партия, жаназаға-
Бармайды туысқанның өлігіне.
Жиылса, сәлемдеспей қырын қарап,
Ac ішпес сарпалтаңмен атша жарап.
Ұзақ күн піскен сөз жоқ: керіс, тартыс.
Кетеді күнде ертеңмен кешке тарап.
Сол түнде азғырушы толып жатыр,
Шайтан да помогайтшы болып жатыр.
Құда түсер, бата оқыр сықылданып,
Он, он бесі бір үйде қонып жатыр.
Ет, сорпа, болса кемдік қымыз, шайдан,
Ия болмаса, жататын орын жайдан.
Ертең тұра кетеді бұрқ-сарқ етіп:
"Саған мен табылам, - деп,- енді қайдан?!"
Қызады базарлары күз болғанша,
Түзеліп оңала алмас бір былғанса.
Ағайын кінәласып арбасады,
Әркімнің талас жері сөз болғанша!
"Алаңдату бол!"-деп, біреу шыға,
Бұл өзіне пайдалы сөздерді ұғар.
"Жем қай жақтан түсед!"- деп, бір соны ойлап,
Сөз аяғы әр түрлі шарға соғар.
Тырс етіп бітіп қалған сөз табылмас,
Жазғы болған уағда күз табылмас.
Ақ-қараны айырып тексеретін,
Бұл жүргеннен құлақ пен көз табылмас.
Мал сойысып, болады татуласқан,
Жу үшін бас қосып, араласқан.
Апрель - майда тәп-тәтті тату болса,
Күмәнін шөп шабарда, август, ашқан.
Бата қылып, айтысып, аруақ, құдай,
Болады тату-тәтті бұрынғыдай.
Ұласып күзек, құдық, шабындыға,
Толуы тағы екіұдай тым - ақ оңай.
Таусылмай ала жаздай күнде жиын,
Жұмыс жоқ еш бітірген жалғыз тиын.
Сабылтып жалғыз атын, тулақ қылып,
Кедейге [мінері] мүбәрәк жоқ, болды қиын.
Жыртылды байға ерумен кедей таңы,
Есінен адастырып [адастырды]байдың шаңы.
Күпілдеп [Елді алып,], үйде отырып күжілдейді,
Жігіттің қоразданған кейбір паңы.
Көз салмас жақсы ниет жобасына,
Зор беріп туысқанның жұдасына [жұбашына].
Мал алып бесіктегі жас қызына,
Жалпылдап барысады құдасына.
Көрсетіп азына коп қуат күшін,
Суытып, илікпейді, өңі - түсін.
Бай, жарлы,төре, қара - тең (тек) талғамас,
Құдалық, бұл заманда, партия үшін.
Аңқауды алдаймын деп бәрі ептейді,
Жұмысын құрғақ тілмен реттейді.
Жағында жапырақ ет жоқ ашаң қудың
Сиқырына неше түрлі көз жетпейді.
Халық - жұрт өзі құмар қалың дауға,
Дау болса, екі ит шығар ырылдауға.
Алды-артын айтқан сөздің білмейтіндер,
Болмайды ұзақ күнге омырауға.
Мойнына жеңгенінің әбден мініп,
Семірген шайтанымен көңілі тынып.
Бозарған сұр жыландай, іші зәрлі,
Сүзектен тұрған жандай, өңі сынып.
Басына бостандық жоқ, дамыл алмай,
Сапырылып ертеңді-кеш жүрген талмай.
Сықылды ұзақ - қарға, шу-шу етіп,
Аттанар көтеріле бірі қалмай.
Мұратқа бірі жетер тас салғанда,
Би, болыс, ауылнай боп басқарғанда.
Шығыны партияның суға аққандай,
Таласып, саннан кеміп тас қалғанда.
Саны (сәні) жоқ қорқып енді тығылғанның,
Бәрі де пана іздейді жұлынғанның.
Мақсаты көңіліндегі болған жағы,
Үстінен баса берер жығылғанның.
Қайқияр сонда басы болыснайдың,
Майы үшін, жинап ақша, ет пен тайдың.
[Ақшадан майын сұрап ат пен тайдың]
Кигіз бен ақшасына дамыл бермес,
Шаруасын айналдырған бықсық байдың.
Жалаңдап аждаһадай ауылнайлар,
Беліне ақ кигізден күйек байлар.
Цифрын бес тиынның бес теңге деп,
Кедейдің хат білмеген соры қайнар.
Бұны сары жезден қарғы салып,
Түзетер бұ күнгіні тура шықты,
Бұрынғы қисық пенен шалыс болсын.
Шын жүйрік қызған сайын көтерілер,
Таласып әр уалаят жарыс болсын!
"Үмбеті пайғамбардың"- дейміз соны,
Кімде-кім дін жолында халыс (қалыс) болсын!
2
Ынтымақ, мүшуәрә әрбір жерде,
Талабы әркімнің - ақ биік өрде.
Жау ғой деп қараңғыда омақаны,
Жан сақтап, жалтаңдаймыз қазған көрде.
Өнерің әр тарапқа тегіс болса,
Барсаң да қай орынға, басың - төрде.
Болған соң жалқаулықта біздің қазақ,
Пәст тартқан жұмысы бар төмен жерде.
Хакімде хұкіметші ғаділдік жоқ,
Параны көп жейтұғын сол өнер де.
Сабатып ат-айғырды қан сорпа қып,
Чиновник қырып-жойып жүрген елде.
"Былқылдап майға піскен қой, қозыны
Сұраусыз, ықтиярсыз соя бер!"- де.
Тауықтың қоразындай қоқиланып,
Боқтайды стражник тұрып төрде.
Протокол жасаймын деп тілмаш айтар,
Отырып пәрмен (парман) етіп о да үстелде.
Кісімсіп зәреңді алып өңкей малай,
Әуре қып бұ қазақты көр мен жерде.
3
Қылады әркім мазақ ғылым жоқтан,
Надандар адасуда білім жоқтан.
Шаруаның берекесі кірмейді екен,
Мекен - жай, қоныс қылар орны жоқтан.
Заң, закон шариғаттан адастырып,
Би шықты қозы қарын формы жоқтан.
Кіргізіп дін жолына партиясын,
Жем болып, ақыл сұрап әр ұлықтан.
Жоғалса болыс сайлау, халық тынышланар,
Жылқы осал, қыс болғанда, жалы жоқтан.
Партия турасымен ұрласуда,
Қылмайды нашарлық пен малы жоқтан.
Қылмайтын атын беріп байдың өзі,
Таңдатып ұрыларға қалың топтан.
Қолтықтап бір іс келсе және сүйеп,
Ант беріп, ағартады, жаны жоқтан.
4
Жақындық, партия үшін,- құда шықты
Туысқан бір-бірінен, жұда (жүдә) шықты.
Бір-бірін сүйеймін деп, араз болып,
Шыбын жан болысқанға пида шықты.
Бір жерге сход үшін талас болып,
Сыныққа сылтау болып бұ да шықты.
Әркімді, әлі жеткен, шайнаймын деп,
Шабынып көбікті ауыз бура шықты.
Тарылтып аймағыңды крестьян
Іргеңнен ата қоныс мұра шықты.
Мизам мен думада жатқан жұмысы жоқ,
Ұлықтан үкім,зорлық тура шықты.
Әркімнің өз тамағы табылған соң,
Төре ісі қисық жаққа бұра шықты.
Шын көңілі бірін-бірі жеуде болып,
Бұл жұртқа [Халыққа] осындай бір жора шықты
5
Жақсыны, өзі болған көре алмаған,
Біреуді күндемесе жүре алмаған.
Білгеннің біліміне айып қойып,
Ол өзі жөн-жобаны біле алмаған.
Жұмысын теріс жаққа айналдырып (айландырып)
Айтса да: "Оңға бас!"- деп, тіл алмаған.
Айтуға аузы жетіп тұрған күнде
Ерлікпен оған қайрат [ғайрат]қыла алмаған.
Кімде-кім,- қорыққанына, алдауменен,
Түлкіше қылып хайла бұлаңдаған.
Болыснай (волостной) оязбенен жемтіктес боп,
Ұрыға тыю, тоқтау қыла алмаған.
Ұрыға үш жылқыға бір ат сатып,
Көбейтіп байлар тобын тыраңдаған.
Байлардан аты даяр боп тұрған соң,
Ұрылар ұрлығынан тына алмаған.
Би, болыс, бай мен ұры біріккен соң,
Кем-кетік, нашарлар күн көре алмаған.
Қисайып мойын біткен бұзықтыққа,
Бұл күнде жан қалмады сыналмаған.
6
Ұнайды дін-исламға мүфти-қазы,
Бұл өзі әуелде бар заман мазы.
Пайғамбар шариғаты тұрса ортада,
Тәңірге сонда жетер халықтың разы.
Қол күшпен ел билеген хакімдерге
Мұңдының өтер емес айтып назы.
Алаш боп қоссақ басты, қор болмаспыз,
Біз болып тұрсақ - тағы көптің азы.
Ынтымақ, партиясыз болып жүрсең,
Басыңа сағымданар күннің жазы.
Еркіңе желікпеске қоймай тұр ғой,
Қымызы қара саба, сары қазы.
Күжілдеп, шекең қызып, лағу сөйлеп,
Байлардың бас қосады көп буазы (муазы).
Сыбырлап екеу-екеу үй сыртында,
Айтақтап әркім қосқан бір қу тазы.
Байға дос көп, кедейге бәрі - дұшпан,
Бар-жоқты теңгеретін жоқ таразы.
Қажы мен қожа, молда көбейген соң,
Күшейді өштік - қастық, ел аразы.
Құдай деп бір жанының қамын ойлап,
Тұратын жан көрмедім қысы-жазы.
7
Түлкінің басынды тарт, хайласынан,
Жырақ жүр соның айтқан пайдасынан.
Ақ болсын, Хаққа көңілің, бұл сықылды,
Шынының жалтыраған айнасынан.
Ынтымақ, алаш болып, қосылмаса,
Көп сөздің зиян табар хаймасынан.
Поселке крестьян салып жатыр,
Үлгілі (Өлкелі) өзен (ұзын) жердің жалмасынан.
Күл төбе, қыраң жерге аударылды,
Бұрынғы ата-баба қоймасынан.
Алумен артық тәртіп кедейлер жүр,
Қуанып орын алса бай қасынан.
Бұл қазақ тік (тек) сөйлесе жалдамаға,
Жеке топ тиіп қалар май басынан.
Біз - түйе: тартынар деп мұрнын тескен,
Жетелеп алып кетер бұйдасынан.
Қазақты, бір начальник, өтсе аралап,
Шығын деп жияды ақша үй басынан.
8
Шариғат, хакім жүрсе, турасы бар,
Халықтың, иа болмаса, жорасы бар.
Баласы кейін туған, қайта қонса,
Атаның, отын қылған, мұрасы бар.
Екі қыс арқасынан бірден қысып,
Шабынсыз, дөңге салған, қорасы бар.
Түйеге ноқта қалай бұйрық болды,
Қазақтың кісі алатын бурасы бар.
Байлайтын, бұрап соққан, шынжыры жоқ,
Жабағы, қыл-қыбыр мен шудасы бар.
Мүйізден өгіз, сиыр бой бермейді,
Сәйгелді. ойнайтұғын, құрдасы бар.
Қазақта отарба мен отқайық жоқ,
Мінуге үш түліктің пайдасы бар.
Көшпелі, үй тігетін, болғаннан соң,
Осындай әр малына хайласы бар.
9
Тоспа(түспе) деп, тағы айтады, көптің бойын,
Бұл жұрттың қойдырам деп айт пен тойын.
Халқына Россияның - мейрамы бар,
Біз, айтқан пәрменіне қойдық, мойын.
Сауықтан, қазақ болып,біз тыйылсақ,
Басқа жұрт қарап тұр ма қылмай ойын?!
Көкпары - құнан, дөнен; атын шауып,
Жиылысар қонақ болып, сойып қойын.
Қымыздың, басын қосып, ортаға алған,
Жағалай қонып алып судың бойын.
Сонымен өз ермегі өзінде боп,
Салады шаруасына ғақыл-ойын.
Партия, болыстыққа таласқаннан,
Ас берген, ұмытып тұр, қалың тойын.
Ұры да (үриеде) қуаттанды партиямен,
Көрсетіп әлсіздерге жуан мойын.
10
Жазы жоқ, біздің халық, күнсіз болды,
Басқа жұрт, күні тұрып, түнсіз болды.
Ие болып көп қойға тоқты қошқар,
Начальник әр не қылса, мінсіз болды.
Аз айтып, ақша берсе, соған ауып,
Көп сөзі ақшасыздан, пұлсыз болды.
Тескенге түйе мұрнын - жиырма бес сом,
Қалаға бара қалсаң, бұл сөз болды,
Жазықсыз, қалашыны, мұжық атып,
Өлуі мұсылманның құнсыз болды.
Патшаға жете алмайды бізден арыз,
Дыбыс жоқ, қорқуменен, үнсіз болды.
Хұзыры сұлтан шаһым теңгермесе,
Кінәлы болса да орыс, кірсіз болды.
Таяққа біздің қазақ көніп тұр ғой,
Атқаны мылтық алып жөнсіз болды!
Қылмаса бұған қайран депутаттар,
Айтқаным құр далаға жел сөз болды!
11
Түн болса, рақат кетер жарлы, байдан,
Арықтап, семіз құр ат, қалың майдан.
Тамағы хакімдердің тоқ болған[тойғаннан] соң,
Тыйылсын бұ мінезге ұры қайдан?!
Абақтыны көреді өз үйіндей:
"Орнымыз - ағаш үй,- деп, жақсы жайдан".
Шақырып құзырына алдырған соң,
Жұмысы біте қалар тез оңайдан.
Жылт етіп жетіп елге келер қайтып:
"Бостандық алдым мен,- деп,- оязнайдан".
Дәуірлеп онан сайын көтерілер,
Қорқыныш жоқ боп титтей ол Құдайдан.
Жаназа, некеқияр деген жұмыс,
Артылмас жалаңдаған ауылнайдан.
Еңбегі қожа, молда жалғыз-ақ сол:
Қанағат - қанып ішсе, қара шайдан.
Аяқты қыбырлатса [бір аттаса], тиын сұрап,
Шығып тұр елге жыбыр осындайдан.
12
Пайда жоқ өтірік пен жалған-дағы
Жалғанға құлақ құрышы қанған-дағы.
"Еркіндік бұл халыққа!"- деген публик-
Айтуға бар, көруге [ойлауы әр адамның] арман-дағы.
Түбіне сол арманның жетемін деп,
Пәруана ерлер шамға жанған-дағы.
Ойлай ма: "Дін жолына болыстым!"-деп,
Бас тартып бұл кеңестен қалған - дағы.
Манифест император берілген соң,
Қуаттап әркім дінін алған - дағы.
Патшаның қол астында: поляк, еврей,
Сарт, ноғай, орыс, қазақ, армян - дағы.
Газетпен көңіліндегі мұңын айтып,
Жұмысын бұлар ойға салған - дағы.
Көп дұға шаһымыздың құзырына
Жан рақат халқына айтқан пәрмен-дағы.
Құлағы біздей болған алыс - жұрттың,
Дәміне тәуір сөздің қанған - дағы.
Бәйгеге әркім баптап ат қосып тұр,
Арманда: алмаған да, алған - дағы!
Жұмысы депутаттың - жұрт [ел] пайдасы,
Думаға государин барған - дағы.
13
Шын жақсы ішкі өнерін жасырмаса,
Халқынан бойын биік асырмаса.
Бәріне мұсылманның бауыр болып,
Аулаққа бойын тартып қашырмаса.
Бай адам малым көп деп теңгермейді,
Нашарлар бір Құдайға асылмаса.
Қазақтың берекесі ортасында,
Өзді-өзі партия боп шашылмаса!
Мезгілі ашылатын келе жатыр,
Бақ талай мұнан бұрын ашылмаса.
Әр қайда жақсыларды [жақсы болса,] тану керек:
Жылқы мал үйір болмас қасынбаса.
Бұлақ деп судың көзін ешкім ашпас,
Екпіндеп өзі тасып, шашылмаса.
Ерлерге жай жатумен қайрат кірмес,
Ғалідей орда жатып ашынбаса!
14
Бұл заман сауыт қалған, қалам, сия,
Кеңестің шыңда тұрған, бәрі - қия.
Қаратар бір аузына тамам көпті,
Ақылға болған адам ніл - дария.
Сөйлесең, көтереді көңіліңді ашып,
Жарық қып шам жаққандай раушан зия.
Дін ислам баласына ашып жаны,
Ұнатқан бостандықты Франция.
Ішінде жанған оттың жатар басың,
Әр айтқан жарлығына десең зия.
Жоғалтты әділдік пен туралықты,
Болған соң жемтіктестер кампания.
Патшаның қол астында артық-кем жоқ,
Бәрі бір: еврей, поляк, Россия.
Милләтке шам жағамын деген ерге,
Пайғамбар болсын шафиғ ахмадия.
Әлиф, ләм, хи мен әлиф, ақыры-нун
Болуға ләмнің асты керек бір ия.
Жисаңыз бас-аяғын бұл әріптің,
Аты бар жұрт аузында шаһбазия.
Би, батыр бұ кәфке ұст иага сәкін,
Қосылса бұған қанық фамилия.
Ди-дименен (дей-дейменен) барады ғұмыр өтіп
Табылар біреуге айтсаң онан бір ия...
Түзетеp шебер жамап қалған сөзін,
Тегістер кем-кетігін салған көзін.
Қой жылы, жұма күні Қызылтауда
Көріппіз туып сонда жалған жүзін.
Жалғанда бір ұшырамай айт пен тойға,
Құса боп түсіп кеттім ұзын ойға.
Бес жерде оннан - бірі кем тұрған жас,
Аман жетсе, аманат осы "қойға".
Беc жаста еді бисмилла бастағаным,
Ақ қағазды қаралап ластағаным.
Жасым жетіп он "беске" алқындырды,
Сонда да өсіп бес жастан аспағаным.
Біреу-ақ кем он "беске" жетті жасым, I
Иегімнің астында өш пен қасым.
Үрейімді ұшырды, зәремді алып,
Алып айна қарасам, сақал-шашым.
Қоян қуған тазыдай, шалмай жүрген,
Өмір бойы аң қуып, алмай жүрген.
Он бестегі жолдастар үйір болған,
Бұл он "беске" жеткенше, қалмай жүрген.
Жібермей жүр шығуға биік өрге,
Қорғалатар қайдағы тау мен жерге.
Ұйтқып соққан борандай ұйлықтырып,
Күнде-күнде түсіріп қара терге.
Келуі жоқ, ойласам, өткен түнгі,
Көшуінен көп керуен берді белгі.
Қалмай жүрген не дейсің сонша менен,
Ақымақтық та баяғы бала күнгі.
Өз сөзіме түсе алмай өзім оқып,
Бармағымды тістеумен жедім опық.
Ләйла жоқ, босқа Мәжнүн көргің келсе,
Қайда деп іздеңіздер ғиыр мыфық.
Ұстайтұғын жыным бар соқпа-соқпа,
Сөйлетеді кіргізіп шаршы топқа.
Кит пен лағыл таусыла ма,
Бір тарау сөз жібердім Боштаевқа.
1906-ыншы жылда сөйлеген.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі