Өлең, жыр, ақындар

Үлбір сұлу

  • 31.08.2018
  • 0
  • 0
  • 3806
поэма

Қырғыз ақыны Роза Мұқашеваға

Бүгіннен бөлек болған бұрынғысы,
Көзайым көркемдіктің туы, үлгісі
Жетісу —
Жаратылыс деген күштің
Тамаша, таңғажайып туындысы!
Жұмақтай тазалыққа ашылған жер.
Жұмбағын ғасырлардың жасырған жер.
Жерге де сұлу болу қиын екен,
Жебесі жаудың пырдай шашылған жер.
Көк таулар көк қарағай жамылған жер,
Көктемде мәуітіге малынған жер.
Бағындай баяғы өткен патшалардың
Кәусар су сурет салып ағылған жер.
Мәуесі дүниенің көктеген жер,
Алысқа "Жібек жолы" беттеген жер.
Жау көздер қызықса да, қызғанса да,
Бір қызыл жолбарысы кетпеген жер.
Сыңсыған сұлу тоғай, орман — ән жер.
Жыраулар жылнамалар толғаған жер.
Армандай жерұйықтың әр сүйемін
Батырлар басын тігіп қорғаған жер.
* * *
Жетісу — сырғалы су, сыңғырлы өлең,
Жетісу — жезтаңдай күй күмбірлеген.
Үйлескен нәзіктікпен осы өлкеде
Болыпты бір сұлу қыз Үлбір деген.
Үлбірдің ерекше екен мерей гүлі.
Ауылдың қырыңдайтын көбейді ұлы.
Асқақ та сұлу екен айрықша,
әттең,
Айыбы — әкесінің кедейлігі.
Қаракөз хабар берер зеректі ойдан.
Табылар мұңаярлық себеп бойдан.
Ұлына бір шонжар бай атастырып
Туғаннан қалың малын төлеп қойған!
Келген жоқ күйеу жігіт бұл жаққа әлі,
"Қашып кет", — деп біреулер қылжақтады.
Көп болды, күбір-сыбыр өсек тарап,
Жанарын жас арудың мұң жапқалы.
Түгел сән —
Түзенгені, таранғаны.
Айнаға қарап тұрып алаңдады.
Араға адам салып, күйеу жағы
Биыл да келеміз деп, келе алмады.
Жазғы түн салқындатып гүл құрақты,
Желпісе сылқым бұлақ — сыңғыр қақты.
Ақсүйек, алтыбақан көп күтеді
Ауылдың ару қызын Үлбір атты.
Күттіріп бүкіл жасты үзілдірді.
Күз болмай, үсік шалды қызыл гүлді.
Өзі ақын, өзі сұлу болғаннан соң
Құрбылар шақырады қыз Үлбірді.
Соңынан сұлу қыздың кім ермейді?
Сұңқар құс көгілдірді ілер дейді.
Сұрауын сұрайтұғын жері бар деп,
Анасы жиын-тойға жібермейді.
Санамен сөндіре алмай отын іштің,
Жүректен алаулайды жетім ұшқын.
Жүрегін жыр мен өлең жұбатады
Той көрмей,
Торда отырған тоты құстың...
Алыстан ән-жыр тыңдап,
Құр күрсіну,
Көңілі бір күн түлеп,
Бір күн сыну.
Жігіт жоқ. Жібитұғын ата-ана жоқ.
Күтуден құса болды Үлбір сұлу.
* * *
Сыр іздейді әр түрлі әңгімеден,
Малсыз кедей тең емес малдыменен...
Әрі-сәрі жүргенде хабар жетті —
"Күйеу жігіт дүние салды" деген.
Көргені ғой
Салғанды ғаріп басқа,
Ол жазғанда жоқ еді айып басқа.
Он екіде бір гүлі
Ашылмастан
Кете барған кез болып айықпасқа.
Өлді жігіт,
Басталды бұлдыр мәңгі.
Естімейді тылсым күш шыңғырғанды.
Ерік те жоқ, жар да жоқ,
Есеңгіреп,
Не болғанын түсінбей Үлбір қалды.
Аты кетті таралып ізгі есім боп,
Киліккендей кенеттен жүз кесір кеп,
Көзін ашып көрмеген күйеуі үшін
Ару Үлбір аталды қыз-жесір деп.
Ол кез үшін белгілі жас емесі,
Балалықтың біткендей бәсі, елесі.
Дау болатын түрі бар
Екі ауылға
Төлеп қойған қалың мал мәселесі.
Бай не қылсын кедейдің жалынғанын,
Кімнен көрсін тағдырға бағынғанын.
Жалғыз ұлдан аямай, көп төлеген
Қайтарыңдар деп отыр қалың малын.
Бастырмайды адамның ісін алға,
Аяқ асты бәрі тез ұшынар ма?
Қыздың малы не болсын көп кедейге
Кеміп кеткен...
Өтеуге күші бар ма?
Құлдай болды байлаулы есіктегі,
Сұлу қызы сор болды өсіп тегі.
Беріңдер деп бай отыр
Онда —
Қызды
Жамағайын сәбиге бесіктегі.
Осы болды Үлбірдің есіткені,
Қара жердің табылса тесіктері...
Бай аулынан, басы бос еркек шықпай,
Атастырды сәбиге бесіктегі.
Ойлаған жоқ бойжеткен жабығар деп,
Берем десе, байларда әлі мал көп.
Әкетеміз деп отыр,
Жас сәбимен
Бірге тұрып, өсіріп, бағып ал деп.
Тағдыр — шебер, өмірді өрнектеген,
Бала жарды не сұмдық тербет деген.
"Үлбіретіп Үлбір деп неге қойған?
Құрғыр екем, маңдайдан сор кетпеген".
Осылайша бір уақ мұңаяды.
Жыр жазады бір уақ тыңаяды.
Жылағаннан не пайда, жылады деп,
Қыз байғұсты жалғанда кім аяды?
Жұрт жиылды.
Бір қауым қиналысты.
Көтерейік маңдайға сыйған істі.
Ата-баба жолы деп,
Ақ батамен
Рұқсатын беруге ұйғарысты.
* * *
Жұрт дағдарған
Қыз жағында бүкілі,
Естілгендей жас жүректің лүпілі.
Гүлдей ерін алқызыл боп ашылып,
Былай деді Үлбір сұлу үкілі:
— Қалың малмен кірген болса берекең,
Құрбаныңа жарар тоқты мен екем.
Сен не дейсің шырылдаған балаңа,
Дегеніне жете алмаған, жан әкем?!'
Байдың малын қай малыңмен төлейсің?
Төлемі — мен.
Төрт түлігің көбейсін.
Қалың талдың арасында қайың ем,
Ардақтаған ағаларым, не дейсің?
Бойжеткеннің болашағы — бір мұнар,
Алдарыңда мен сияқты үлгі бар.
Белгісізге белді буып барам ба,
Не дейсіңдер,
Бірге ойнаған, құрбылар?
Болушы еңдер біздің жақтан үміткер,
Бодауына беріп отыр ғұрыпты ел.
Еркімменен ойнамадым еркелеп,
Не дейсіңдер,
Бозбалалар, жігіттер?
Бәрі — өткінші, сезіп тұрмын жаңа шын.
Бәрін үнсіз бақылайды дана шың.
Үміт отын жаға алам ба жат жерде,
Сен не дейсің,
Ақ сүт берген, анашым?!
* * *
— Шыдамай әрең тұр ем мен,
Сөз болса маған тірелген.
Айтылар арман мол менде,
Орманым түгел жайқалып,
Орап ем жібек жөргекпен,
Сен өмірге келгенде.
Амандық сұрап жер көктен,
Ақ бесігіңді тербеткем.
Шырын ұйқымды бөлгенде...
Уылжып тұрған бауыры
Шешең де бүгін шерменде.
Момақан туған ақ қозым,
Рақым мезгіл шақта өзім
Киелі тұмар таққыздым.
Көрпеше құрап қиықтан,
Аузыма түсіп сүйікті ән
Ұлпа мамыққа жатқыздым.
Айта берейін несін мен,
Шашыңа жұпар гүл бөлей,
Басқа баладан бір бөлек,
Бал қаймақ беріп өсіргем.
Өзіңе деген мейірімім
Ағып тұр сүт боп төсімнен.
Ақылың артық туған соң
Амандығыңды сұрап ек.
Сұқтана қарар көрген жан
Сұлулық деген бір әлек!
Жүректі жиі қақтырған
Сезімталдыққа үйретпей,
Баулыған едім сабырға,
Сергек боп тусаң, амал не,
Қайысты бүгін қабырға.
Асылым менің сәулетті,
Асырап баққан әулетті.
Әкеңнің сөзі заңға тән,
Алланың аты — уағда,
Айнымас әкең, сірә да,
Беремін десе,
Бар, ботам!
Қарағым, алыс кетесің,
Қалдырып жүрген ізге шаң.
Риза қылмай әкесін,
Бақытты болған қыз қашан?
Менде де болған сән-көрік,
Қарт әкең алған мал беріп.
Кетейін десе,
Кете алмай,
Үміттеріне жете алмай
Талпынған сенің анаң да.
Қызғалдақ ғұмыр — қыз дәурен
Тез өтер әрбір заманда.
Кіре алмай қалың топқа әлі,
Құтқарып алар жоқ халі,
Келіп тұр ағаң,
Нарбозың.
Ұрғашы басы — ноқталы,
Әкеңді жерге қаратпа,
Беремін десе,
Бар, қозым!
Қоштасып басын шұлғиды
Көктеуге шыққан толы гүл.
Тигізсе тағдыр қырғиды,
Қиғылық салып бола ма,
Берсе де сәби балаға —
Ата-бабаның жолы — бұл.
Ақ уыз бенен күн сіңген,
Айналдым сенің иісіңнен.
Табиғат заңы осылай —
Туған үй болса — тар мекен,
Күрсініп өтер әр уақ,
Қыздан да мұңлы бар ма екен?
Жар болсын, Алла, жарығым,
Айттырған жерге,
Бар, көкем!
* * *
— Жүректегі күйден бетер күмбірдің
Тіліменен ортаңа кеп үлгірдім.
Мықты билер! Айттыңыздар үкімін
Бір ауылдың үкісіндей Үлбірдің.
Таңдай жүзін тұнжыратып құрғыр мұң,
Әділеттің жағын іздеп тұр құрбым.
Арманым жоқ, жарай алсам, жамиғат,
Құрбанына қуанышым — Үлбірдің.
Төлеп қойған екен байлар малын бір,
Азат басқа азап болды-ау қағынғыр.
Бесіктегі жас балаға жар дейді
Жанған шамдай жарқыраған ақ Үлбір!
Жаным еді таң жұлдызға балаған,
Қарауға да жасқанушы ем мен оған.
Қиянатқа қалай қиып тұрсыңдар
Еркіндігін беріңіздер қалаған!
Атым — Жұма, аз ауылдың баласы ем.
Ақиқаттан іздер жүрек жарасы ем.
Қатты батты қатігез заң, қатал заң,
Үлбір десе, үлбір еді жаны әсем.
Қауыз жарып ашылады гүл бірде,
Гүл ашылса қуанбайды кім бірге.
Бұйдасы бар бота екенін білсем де,
Бала күннен ғашық едім Үлбірге.
Тас төбеде тілеуқор боп тұр әлі ай,
Қазақ қызы жар таппай ма жыламай?
Кінәлі ме,
Айтыңдаршы,
Көрмеген
Құланының ажалына құралай?!
Уыз иісі арылмаған тәнінен
Нәрестеге қимай тұрмын әлі мен.
Бүгін менің жас жүрегім жанып тұр,
Сүю деген қиын екен бәрінен!
Ертең — тағдыр қостамаса, биге — мін.
Өрімталды білер жөнсіз игенін.
Бесіктегі нәресте де жігіт боп,
Іздемей ме өзіне тең сүйгенін?
Асылдығы танылатын жәй көзге,
Үлбір — арман, білмеймін мен айды өзге.
Қазақ елім!
Қара қасты қыздарың
Қалауына жете алады қай кезде?
Тірлігіме түсіретін тосын із
Сәулем еді сәні бөлек осы қыз.
Әке, сізде аяушылық бар болса,
Үлбірменен екеумізді қосыңыз.
Жас жүректің ұғынбайды жайын кім?
Жапырағын өртемеңіз қайыңның.
Бақ десеңіз малыңызды бағайын,
Шап десеңіз жауыңызға дайынмын!
* * *
Үлбірдің екі көзі шамнан нұрлы,
Еркі жоқ, әттең қозы-бағлан құрлы.
Жұманың іңкәр тілек ұсынысы
Ожарын бай аулының шамдандырды.
— Не деп тұр бұл әдепсіз бізге бүгін,
Білеміз әр нәрсенің біз де құнын.
Сеніп тұр қай күшіне,
Қай малына,
Бұзақы бұзып тұрған қыз көңілін?!
Біреудің жесіріне
Жан ұшыра
Жабысар иесі ме, танысы ма?
Сүйенген тіл мен жаққа бұл есерсоқ,
Тиіп тұр бар ауылдың намысына!
Ол рас — әмеңгері жастау ұлан,
Жас өсер, есің болса, қаш дауынан.
Кедейдің заржағына бермек түгіл,
Келіннің ұстатпаймыз шашбауынан.
Ақымақ! Тапқан екен шын ғашығын,
Кім едік болатұғын құлға шығын?
Қауым жоқ отыратын сөзін тыңдап,
Шашы ұзын, ақылы қысқа ұрғашының
Түріне сенген екен толған күндей!
Тұра ма өмір бақи жалған бірдей?
Қызарған аз ғана күн беттің әрі
Жоғалар жаулық салса, солған гүлдей!
Ей, құда!
Ерге қарыз жайыңды аңғар,
Жесірін адамынан айырмаңдар.
Шығамыз таң сәріден жолға,
Қызды
Жеріне баратұғын дайындаңдар!
* * *
Айттырған жерге әкесі
Берерін дағы білмеді.
Бермесін дағы білмеді.
Тәлкекке салған тағдырын
Ішінен ғана тілдеді.
Қорғаймын деп те айта алмай,
Қарғаймын деп те айта алмай,
Үндемей ғана тыңдады
Ешкімнің бетін қайтармай.
Таба алмай тура сөз ұтқыр,
Жанары топты кезіп құр,
Жалтақтай берді жол таппай...
Үлбір де мұны сезіп тұр.
Амалсыз әке әлі үнсіз.
Күрсіне берді дамылсыз.
Үмітпен Үлбір қарады
Болашағына мәлімсіз.
* * *
Табылмай көңілдің бар баламасы,
Тарасты ел. Берілмекші қонақ асы.
Аз ауыл абыр-сабыр.
Қызды сыртқа
Шақырды тетелесі — жан ағасы.
— Шарадай болды-ау бүгін, жаным, басың,
Жан ағаң қалай шыдап, дамылдасын.
Жүрмей-ақ қояйын мен жерді басып
Өзіңді жылатқанша, қарындасым.
Жүргейсің келіскендей, қабақ ашып,
Дайындал, күдік салмай араға ашық.
Бұл елден әкетемін өзіңді алыс,
Кеткенде ел ұйқыға далаға шық.
Батады саған батса,
Ағаңа әр сын,
Айтайын дегенімді шамаларсың.
Ар жағы Алатаудың — қырғыз елі,
Сол елді біраз уақ паналарсың.
Көзіңді көрдім бүгін "босат" деген,
Болып тұр саған жәрдем осы-ақ менен.
Әзірлеп киіміңді білдірмей шық,
Түн ауа келіп тұрам қос атпенен.
* * *
Үлбірдің жас жүрегі бір нәзік-ақ,
Артында ақ қаласы, гүл жазы қап.
Сипалап ақбоз үйдің дөдегесін
Қия алмай туған үйді тұрды азырақ.
Сонан соң аяқтарын әрең басты,
Қобалжып екі бауыр алаңдасты.
"Алла" деп, жүйрік атқа мінді сұлу,
Қалдырып ата-ананы, замандасты.
Кез екен бұлт жапқан бір тұнық көкті,
Белгісіз болашаққа бұрып бетті.
Қараңғы түн қойнынан жарық іздеп,
Қос бауыр қос атпенен жүріп кетті.
Ілесіп жол білетін ағасына,
Қарайды қараңғыда даласына.
"Аз ғана түсейікші", — дейді Үлбір қыз
Жеткенде Іле өзені жағасына.
Тағдыры осылай-ды мың-мыңдардың...
Тереңнен мазалайды Үлбірді әр мұң.
Себездеп таң жарығы шығыс жақтан,
Басталған ән сабағы бұлбұлдардың.
Қоштасып бас изейді ақырын гүл,
Ұялап жүрегіне жақын үн бір.
Аз ғана арыздасты айдын көлмен
Әнші Үлбір, аяулы Үлбір, ақын Үлбір,
* * *
— Аман бол, аймалаған Іле суы,
Мүмкін бе қара тасқа гүл өсуі?
Қатыгез заңға қарсы қиын екен
Қазақтың қыздарының күресуі!
Білемін, келмейтінін балалық бал,
Бағыма жасамады заман ықпал.
Шығайын бір шомылып толқыныңа,
Қапалы мұң, шерімді сен алып қал.
Қалыңдар аман-есен,
Қаз, үйрегім.
Оянды қимастығым қазір менің.
Қаңқылдап жүргейсіңдер сәнге бөлеп,
Жайнаған Жетісудың жазын керім.
Өтейтін өткен малды бар ма ауылым?
Билердің маған құлақ салмауы — мұң.
Жеткізем еркіндікке дейді жалғыз
Жасымнан сырлас өскен жан бауырым.
Жағаңда жанып өскен бір қыз едім,
Ел-жұртқа қадірімді білгіземін.
Тұнжырап жұлдыз өңім, қарай-қарай,
Паналап кетіп барам қырғыз елін.
Жағдаймен
Іздеп барам жат несібін,
Жадыңда бір балаңның сақта есімін.
Аман бол! Атамекен мен сыймаған,
Аман бол,
Ақ айдыным,
Ақ бесігім!
* * *
Тәуекел!
Тар соқпақпен Үлбір кетті,
Тау ішін ат тұяғы күмбірлетті.
Ағасы асығыстау жол бастады
Мойнына алғаннан соң бір міндетті.
Ілесіп Үлбір бала, үн қатпайды.
Жүрегін жатыр ма екен тырнап қайғы?
Бас шұлғып қалың қамыс сусылдаса,
Қоштасып тал-қайыңдар бұлғақтайды.
Артына, ырым сақтап, бұрылмайды.
Боз ала самал соқты бір ыңғайлы.
Үлбірмен қоштасқандай
бозторғайлар
Мазасыз махаббатпен шырылдайды.
Ағасы бастырады қарқынды атын,
Алда — тау, тәкаппар да салқын да тым.
Жарық боп келе жатыр,
жүрген сайын
Қалғандай қараңғылық, артында — түн.
Қия алмай мейірімін төккен таң бір,
Қызыл күн — қып-қызыл боп кепкен тандыр.
Құс ұшып, құлын шапқан кең далада
Қыз басы сарсаң болған неткен тағдыр!
Пыр етіп бұлдырық құс алға ұшады.
Аяулы әр бұтасы, әр нышаны.
Құдай-ау, неткен көркем сурет еді —
Қанаттас тау, даланың таңғы шағы!
Келеді көкесінің жетегімен,
Көк шалғын тартатындай етегінен.
Таба алмай бара жатыр бағын ару
Мұнша кең, мұнша сұлу мекенінен!
* * *
Қынай белін шымқай жауып қызыл бүр,
Қына — қанға бояғандай жүзін қыр.
Дала жатты өрттей жанып ымыртта,
Жетісуға жетпей тұрды қыз Үлбір.
Сол кеткеннен оралмады сол Үлбір,
Періштелер қорғады ма жолын бір?
Сыр айтпайды толқындары Іленің,
Үндемейді биік таулар көгілдір!
* * *
Өмір — кілем, түрлі жіптен тоқылған.
Өмір — кітап, бізден бұрын оқылған.
Өткен күндер — тамырлары дарақтың,
Үлбір жайын баяндайын, оқырман.
Жаңа өмірі жалғасқанда гүл — қыздың,
Жүрегінде жатты салқын жұлдыз мұң.
Жұлдыз мұңы — сағынышы еліне,
Тамып түскен топырағына қырғыздың.
Пәк болса да жауыздықтан,
Күнәдан,
Мұңсыз болып қала алмайды бұл адам.
Азаттыққа жеткізсе де ағасы,
Көкірегінде көгілдір мұң туады ән.
Еркіндікке Үлбір еді ұмтылған,
Жатырқамай қырғыз елі бір туған.
Таппаса да жан қалауын түгелдей,
Жібек көңілін жамаған-ды жыртылған.
Қара көзі — қара шүңгіл, түнгі айдын.
Аппақ өңі суретіндей нұрлы айдың.
Үлбір сұлу
ағасымен екеуі
Қызметіне жалданыпты бір байдың.
Ем іздеген замананың сызына
Екеуіне
ел қарапты қызыға.
Қалдыра алмай қарындасын,
ағасы
Үйленіпті қырғыздың бір қызына.
Үйреніпті олар онда тұруға,
Бөленіпті көңілдері жылуға.
Сөз салушы көбейіпті Үлбірге,
Кім қызықпас өзі ақылды сұлуға?
Нәзік еді, асыл еді үміті,
Үміт деген — ақ ешкінің түбіті.
Біздің Үлбір әжемізге өмірлік
Жар болыпты қырғыздың бір жігіті.
Екі бауыр мекендеп сол алапты,
Тумаса да,
Туған жеpгe балапты.
Біздің Үлбір әжемізден
Бір ауыл
Үрім бұтақ, асыл ұрпақ тарапты.
Тірі адамның сыбағасы біраз, ә?
Күндер өтер бірі қалып, бірі оза!
Сол Үлбірдің шөпшегі екен — Қырғыздың
Тамаша бір ақын қызы Роза!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жұлдызым Жібек жолы бойындағы

  • 0
  • 2

Тақ Тараз. Жалқы Тараз жаһандағы,
Түп қазық, туған үйім Отандағы.
Ықылым замандардың шаңы жұққан
Шаһарлы шежіремнің қаһарманы!

Толық

Менің музыкам

  • 0
  • 0

Жақсы әндер —
Жалғандағы жан құмары,
Жай даусым
Әнге салсам, қарлығады.

Толық

Көктем. Көктеректер

  • 0
  • 0

Бұл көктемді алты ай қыс күтіп едіңдер,
Осылай басталады екен бүкіл өмірлер.
Тал, теректер, түн бойы толғақ қысып,
Бебеу қағып, ыңырсып, уһіледіңдер.

Толық

Қарап көріңіз