Әбу Насыр Мұхамед әл Фараби
(Ұлы ғұламаның туғанына бір мың бір жүз жыл толуымен байланысты Алматыда өткен тойдық тұсында жазылған дастан.)
ЖЫР БАСЫ
Қазақта домбыра бар әл Фараби,
Ежелден сан алуан ойнаған күй.
Әр жыры — арпалысқан асау тартыс,
Тулаған жүрек толқып, қайнаған ми!
Сол аспап ескі тарих күйін шерткен.
(Жанына күйі батар қиын дерттен)
Сағынып сарғайсаң да оралмайтын
Жоқтайды кәриядай күнін өткен.
Жатқандай одан өрбіп мұң бұлағы,
Бітпейтін қасіретті үн шығады.
Осынау өксік күйге құлақ қойсаң,
Көзде жас, көңілде арман тұншығады.
Бір күй бар домбырада құдіретті.
Ашатын хош иістей көкіректі.
Аты оның Әбу Насыр Мұхамед қой,
Сөйлеткен тіл бітіріп, тоғыз шекті!..
БІРІНШІ ЖЫР
Сол күйді тыңдаймын мен таң атқанша,
Таң атып, таусылып кеп, күн батқанша.
Өйткені онда қайғы, өкініш жоқ,
Адамдай кеткен өліп тіл қатқанша.
Тыңдайды күйді бірге кілең өрен,
Тіршілік шаттандырған бейне өлең.
Ұрпағы Фарабидің бұлар тегіс,
Шомылған қуанышқа түпсіз терең.
Фараби біздей қызық көрген емес.
Өмірі болды талас, күрес, егес.
Жұлдыз боп бірақ көкке көтерілді,
Сол жұлдыз әлі күнге сөнген емес!
Шын дарын дәл осылай нұр боп жанар,
Дүниеге мәңгі өшпес жыр боп қалар,
Халықтың жүректегі жұлдызындай
Жарқырап тарихының төрін алар!
Уа, Адам, жинағаның, бар тергенің,
Қылмысың, қиянатың жек көргенің —
Өзіңмен бірге кетер, қалар жалғыз
Дарынды болса артыңда тек енбегің!
Дүниеге бәрімізді еткен қонақ
Табиғат жаралғансың неткен олақ!
Таусылмас арман бердің тағы бізге
Несіне онда өмірді еттің шолақ?!
Қандай іс қысқа жаста үлгірерсің,
Өтпей-ақ шаңқай түсің келер бесін,
Уақытты жеңе алмасаң бергеніңмен,
Өмірде өкінішті кетер өшің!
Жалғанда жақсылық көп қол жетпейтін
Жалғанда адам да көп дос етпейтін,
Қуантқың келсе өзгені және өзіңді,
Арманың болсын өмір бос өтпейтін!
Сахара, құмды қырат, жыңғылды ойпаң
Міңгірлеп қария ұзақ жырын айтқан.
Келеді керуен кезіп кер даланы
Алыстан тізбектеліп қаздай қайтқан.
Күлсары араби нар кілең түсі,
Бәдәуи, керуен басы кәрі кісі,
Байлаған күміс қоңырау соңғы лекке
Тоқтайды көш біліне таңсәрісі.
Бір мезет Самум дауыл соқса дүлей,
Дүние бола қалар алай-түлей.
Құм көрпе жауып кенет көк аспанды
Әлемді басады кеп албасты үрей.
Жел тынса, күн көктегі жүзген шалқып,
Төгеді оттай жалын жерді шарпып.
Көрікпен қақталғандай сұрғылт құмдар,
Кетуге әлем жақын жездей балқып.
Тек түнде ай әлемге сәуле беріп,
Құм теңіз ақшыл тартып, сәулеленіп,
Біртіндеп, Сахараға жан кіреді,
Жұлдыздар оқта-текте көкте сөніп.
Мезгіл ме құратұғын жұрт серуен,
Қай жақтан келе жатыр бұл керуен?
Көшеді неге түнде тыным таппай,
Жатады неге сонша таңсәріден?
Тәубе етпей ұлан-асыр жер кеңдігін,
Мысырдың жойғаннан соң еркіндігін.
Мұхамед пайғамбар ол бар әлемге
Жүргізбек болған Ісләм үстемдігін.
Орда етіп Сирия мен Египетті,
Өз дінін жер шарына үгіт етті.
Шұбырды сахабалар күншығысқа,
Бір шеті Сейхұнға да келіп жетті.
Медресе, шаһар салып тұрғалы көп,
Арабтар Сырды бойлай орнады кеп.
Туған жер аттарымен атады олар
Кенттерін Қарнақ, Сунақ Отырар деп...
Осылай діннің ұзақ жолын ашқан,
Ойланған сұмдық та бар әуел бастан:
Қайтарған қожа-молда етіп елге,
Әкетіп қыпшақ ұлын бала жастан,
Бәдәуи жетектеген сондай көшті,
Сәбилер киген күпі, тонды ескі...
Ішінде он бір жасар Әбу Насыр,
Өзгеден зирек және ойлы, есті...
Әкесі қыпшақ, болған Бұхарда әмір.
(Алды оны биыл құдай, алды тәңір.)
Ал әке өле-өлгенше таласта етті.
Бала өсті одан жаны көріп зәбір...
Шешесі Қанғылыдан арғы беткі.
Көшпелі, нағашы елі құдіретті,
Балаға барған сайын сән - салтымен
Ұғуға сұлулықты әсер етті.
Кемелге жетпей жатып жиһан кезген,
Қарайды ол енді өмірге жасты көзбен.
Көрмесін бұдан кейін елін мәңгі
Секілді күні бұрын жаны сезген...
Сонда алып домбырасын тоғыз шекті,
Шертеді саусағымен келген епті.
Қоштасқан жұртыменен күй шығады,
Қақ жарған қайғылы үні көкіректі...
Оятып тыныш түнді күңгірт - бұлдыр,
Шығады қоңыраудан күміс сылдыр.
Тек әттең, өкініштің өксігіндей,
Бір мезет тебіренбейді көңіл құрғыр.
Сұм тағдыр, қара албасты, кәрі мыстан,
Обал деп мүскіндерге қарамастан,
Мықшитып иықтарына салған ауыр
Қайғыны, қара тастай, қарғыс басқан.
Көңілі балалардың бітеу жара,
Оларға жұмбақ — жазмыш, барар қала..
Көш тынбай қозғалады айлы түнде,
Бозарып сөнген күлдей жатыр дала...
Сахара ренжігендей қабақ шытып,
Таусылған бейне үміттей күтіп - күтіп,
Жоғалып қоңыраудың сылдыры да
Алыстап бірте-бірте жатыр бітіп....
Болғандай шығып арман көкіректен,
Таусылған мана күйде қайғы төккен.
Құшақтап жан серігі домбырасын
Жас бала түйе үстінде қалғып кеткен...
Жолы бар керуеннің әлі талай,
Жылжиды ол, изең-изең алға қарай.
Қыпшақтың жас ұлдарын не күтіп тұр,
Қара түн әлде таң ба алтын арай?
ЕКІНШІ ЖЫР
Қандай жан жақсы көрген қайғыруды,
Досынан, жолдасынан айрылуды?
Бұлты жоқ көк аспанды жаным сүйген
Жазғы кун, жасыл дала, айлы түнді.
Не жетсін жастық шаққа күлімдеген,
Өткені б.астан қалай білінбеген,
Адамның ол бір таза қызық кезі
Миуа гүл, шық моншақты, бүлінбеген.
Жастық пен шаттық қана таласады,
Тек жастық — шаттықсыз да гүл ашады
Кәріге көрген өмір бар қызығын,
Тұнжырай ойға кету —жарасады.
Адамда көңіл күйі деген күш бар,
Кең дүние кейде оған көрінер тар.
Кімде-кім өз заманын қабыл етсе,
Бақытты ол, өмірге де келер құштар.
Біреудің өлеңі тек өз билігі,
Оған жат мұң-наласы ел күйігі.
Тек қана үлкен жүрек халқын ойлар
Тіршілік білсең, сонда бар түйіні!
Алады біреу шыңды, біреу өрді,
Тәубе етер біреу есік, біреу төрді,
Шығыстың шыңы менен терін алған,
Дүниеге ақылдың бір Пірі келді!
О, Шығыс — Адамзаттың сен бесігі,
Алғашқы ақыл-ойдың көл - кесірі!
Адамға сенен бастап мәдениет
Ашылған, алтын қақпа, кең есігі!
Білімге басқа елден бұрын келдің,
Өзгеден жырттың бетін бұрын жердің.
Теңіз бен жұлдыз тану ғылымдарын
Дүниеге барлық жұрттан бұрын бердің!
Сен таптың құпиясын жауһар тастың,
Емдеудің ең алғашқы жолын аштың.
Қолбасшы әлемге ұлы ұлдар беріп,
Дүниеге ақыл, ойдың нұрын шаштың!
Этилла, Шыңғысты да сен туғыздың,
Сел етіп көздің жасын сен жуғыздың...
Пәрмені пирамида — гранит тауды,
Атақты Газыны да сен тұрғыздың!
Көтердің Сфинксті немен пілдей?
Бар ғалам жүрген жоқ па әлі білмей!
Таң қалған адам жеті ғаламатты
Тудырған өзінсің ғой бәрін бірдей!
Теңесең шайқалмалы минаретке,
Бүгінгі жүз қабат үй керемет пе?
Қарасаң, Таджи Махал шын ғажап қой,
Сұлулық бар ма ондай жер мен көкте?!
Аз емес сен күресіп жыққан жауын,
Аз емес сен Батыстан ұтқан дауың,
Гете айтқан сенің ұлы ақындарың
Әлемдік поэзияға соққан тауын!
Осының бәрі Шығыс, бәрі Шығыс,
Алғашқы алыстарға берген тыныс.
Беу, әттең, бір кезде ол қалды кейін,
Секілді шырқап барып сөнген дыбыс!
Осылай домбырадан күй кернеді,
Енді оның жаңа Шығыс болды өрнегі.
Оянған азат елдер әнін естіп,
Биледі бір ғажайып күш кеудемді!
Дегендей надандыққа көп төзем бе,
Ұқсаған тарихы ұзын Ніл өзенге,
Дін қанша басса дағы араб елі —
Ғылымға қайта оралған бұл кезеңде.
Тұр әлі Ескендрия — жиһан қала,
Амал не, Герон11 — салған жоқ мұнара.
Сақталған Софокл, Эсхил еңбектері —
Қираған көне әйгілі кітапхана...
Бірақ Шам, Мысыр, Бағдат, Мәдинеде,
Бұл күнде мәдениет жаңа күйде.
От алған қайта ғылым көне ошағы,
Кірсе де зад боп құран әрбір үйге.
Ашылды медреселер уақ, ірі.
Онда тек жатталған жоқ ісләм діні,
Сабақ боп алгебра, пәлсапалар,
Оқылды фарсы, латын, грек тілі.
Керуен балаларды Мысырға әкеп,
Тапсырды: енді үйлерің медресе деп...
Жалғыз-ақ Әбу Насыр Мұхамедтің
Дін емес, ғылым болды мүддесі тек.
Қалай ол жат шаһарға тез көндікті,
Тек аян: шықпады естен ана үні
Ақ кигіз, ескен өзі, үй түндікті.
Шықпады мәңгі-бақи және естен,
Ауылы сары белден самғай кешкен.
Халқының ұмытпады қайғылы әнін
Желіндей cap даланың сарнай ескен.
ҮШІНШІ ЖЫР
Өмірдің қызығынан кім бар безген?
Сол үшін бар мұхитты кеме кезген.
Опасыз тағдыр, кілең панасыздың —
Жауы боп келе жатқан көне кезден.
Көңілде жатса қайғы жыры тынбай,
Көрсетпей дос дегендер жылы шырай,
Түйгендей өгей ана тас қабағын,
Тұрса өмір, қалар кімнің қыры сынбай?!
Бұл жалған кейде жарқын таң боп атқан.
Кей кезде қара су ол тұнып жатқан.
Өтесің бірде қалқып, бірде батып,
О, жүрек, күнің бар ма тыным тапқан!
Қоғамның әлімсақтан келе жатқан,
Фараби жақсартар кей емін тапқан.
Дүние тұрсың неге бір қалыпта
Қарсы оған шықты біреу кері тартқан.
Жиналған мұхиттағы тамшы судан,
Таластан әр қашанда шындық туған.
Әттең - ай, жұрттың бәрі Фараби ма,
Бар ғой ел ғылымда да сұмдық қуған.
Іздену жүрек, миға салған ойран.
Ұлы адам алыс келер ұсақ ойдан.
Білмеді ол, бар арманы ғылым болып,
Тұрғанын құрылғалы тұзақ қайдан!
Біреудің келіскенмен түр, келбеті,
Не пайда жатса ішінде кірлі дерті?
Жақсылық басқаға істеу қолдан келсе,
Адамның ең қадірлі бір міндеті.
Кей кісі туғанынан кең келмейді,
Жастықпен кейбір адам жөн білмейді.
Адалдық жастан егер дарымаса,
Кәріде қартайдым деп жөнделмейді,
О, жалған, ондайыңнан аман сақта.
Қалдырма халқым үркер, жаман атқа.
Тіпті сен бермесең де бақытыңды,
Жақсылық ойлата көр адамзатқа!
Ғалымға ақын тағы бас иеді,
Шындықшыл жан екен ол шын киелі.
Ал шындық —жүзін бермес бір асыл тас,
Жұқтыра алар оған кім күйені?
Дананың тек еңбекте атақ, бағы.
Ғылымның шыны оның алтын тағы.
Даңқымен бірге жауы көбейеді,
Дарынға мұндай да үлес бар ғой тағы.
Шын дарын ол бір нәзік байғұс кісі,
Сөзден тез жараланар, күйер іші,
Жалғыздық жол бермейді, өр мінезі
Келмейді өзгелерге білдіргісі!
Әлгі адам күншілдіктің жарасы жеп,
Жабады Фарабиге жаланы көп.
Қуылып Бағдат, Мысыр, Нишапурдан
Құрысын біржолата қарасы деп.
Көтерді жала қастар дереу десін,
Ұмытып әділдіктің ережесін.
Зұлымға алтын аса бәйге беріп,
Жеткізді мүфтилікке дәрежесін.
Фараби достары да екен мықты,
Ғылымнан әлгі сұмды қуып шықты.
Тек қана дарынсызға айтпақ болған
Ішінде ұлы ғалым сыр тұншықты:
«Мейлі өссін дәрежесі, жансын бағы,
Асығы түсе берсін алшы тағы.
Бишара білмейді ме оңбайтынын
Жүз жерден асыл жүлде алса - дағы!
Әй, мүскін, қылығыңа қарамайсың,
Өзіңді өзің ұлы бағалайсың.
Ұмытпа: жүлдені сен сұрап алсаң,
Дарынды сұрап бірақ ала алмайсың!
Сындырып өзге жұрттың ылғи сағын,
Сенің - ақ аса берсін атақ - бағың!
Бәрібір одан үлкен бола алмайсың
Өйткені көңілің — пақыр, ойың — шағын!
Даңқы тұр кітабымның құз боп биік
Қасқиып кәрлі басы көкті сүйіп!
Қолыңнан ондай жазу келмеген соң
Шыдамай барады ғой ішің күйіп!»
Фараби, тарихымның кейіпкері,
Керек жоқ дарынсызға кейіп тегі,
Өйткені дарынсыздық ол бір кесел,
Еш кезде жазылмайтын, кеткен кері!
Қиындық, қыспақ күштен тайсалмаған,
Ашам деп құпияны қайсарланған.
Атанған «Екінші - ұстаз» Фарабидің
Ғылымның саласы жоқ ой салмаған.
Білген ол араб, латын, грек тілін,
Ғұлама, Шығысқа көп берген білім,
Пәлсапа, алгебра, музыканы,
Зерттеген бос тастамай бірде-бірін.
Өзге ұлттан араб елі оған жақын.
Сол бір тіл бар әлемге таратты атын.
Сол тілде жазды «Аристотель түсінігін»
Сол тілде —«саясаттың трактатын».
Қақ жарған найзағайдай қара аспанды,
Жеңем деп шындықпенен таласқан-ды.
Тисе де жүзі тасқа, мұқалмады
Қыпшақтың асыл берен алдаспаны!
Ұлы ойға құлдық етіп жұрт табынды,
Жалау ғып көтерді кеп шын дарынды.
Өспейді алтын бидай арам шепсіз,
Әрине, қас жандарда көп табылды!
Есте жоқ, бұған етті қастық кімдер,
Жеңе алды бәрін еңбек, жастық, жігер.
Бәлкім ол қалар ма еді бірден күйреп,
Арабтар көрсетпесе достық егер.
Қылыш боп төнсе кейде жат дүние,
Дейтұғын мұндай шақта ол күйіне:
«Адамның шыдамсыздық мықты жауы,
Сабырлылық болсын қорған, оған ие!»
Кейде ол қолға алатын домбырасын,
(Елінен шыққан бірге жан жолдасын),
Сол сәтте көкке қанат жаятұғын
Көңілден ұшып аққу, кейде лашын...
Домбыра беретұғын әл-қуатты,
Ашатын оған мөлдір көз - суатты,
Халқының күйін төгіп қос ішегінен,
Үніндей анасының сан уатты.
Толқып кеп Әбу Насыр тартады күй,
Сан қилы үнге толып жатады үй.
Ұшқыр ой туған сонау домбыраға
Артынан ат қойды жұрт әл Фараби.
Домбыра жанын талай тебірентті.
Соңынан әлемге де әйгілі етті.
Жазды ол музыкалық трактатын
Құрал ғып жан серігін екі шекті.
Елімнің ұмытқан жоқ кең даласын
Данаға айтады алғыс бар баласы:
Фараби тартып, содан аян болды,
Қыпшақтың әлемге ағаш домбырасы.
Махаббат — атып таңы алтын арай,
Әл берді Фарабиге әрі қарай.
Шын ләззат келмегенде, қасіреттен —
Тірі онын қалуы еді екіталай.
Ғашықтық бүгінгідей, мың жыл бұрын.
Қозғаған көңіл күйін, іштің сырын.
Ойға шоқ салған талай ол кезде де
Көген көз, сұлу қыздар, пісте мұрын.
Әмірші, патшаны да бишара еткен,
Көш бар ма бұдан асқан, бұдан өктем?
Бар ма екен сірә көніп, бағынбаған,
Жарлыққа алған орын көкіректен?!
Құл болмай, бұл тәңірден кім құтылды?
Ол келсе, қайғы - қасірет ұмытылды.
Оянып тыныш жатқан қайнар көздер,
Мұз бұлақ тасты жарып көкке ұмтылды!
Махаббат — жаз ғой, сүйген күннің көзін.
Оятқан алтын таң ғой түннің өзін.
Туар ма Фарабиден асқақ ойлар,
Осындай билемесе ұлы сезім?!
ТӨРТІНШІ ЖЫР
Миллион жыл бұдан бұрын жанып кеткен,
Бітпеген нұры әлі сөніп көктен.
Жұлдызға ұқсар дарын иелері
Еңбегі бүгін бізге келіп жеткен.
Фараби, қиындықты талай көрген,
Жезтырнақ— сұм тағдырды талай жеңген.
Өйткені серіктері болды қорған,
Ғалымға ақ жүрекпен тастай сенген.
Саф алтын сара ойлары кетер текке.
Есті адам ұқпастарға етсе өкпе.
Тусінді ол өз бағының жатқандығын
Дуалы, сонау алыс келешекте!
Қаймығып, көңіл шіркін алас ұрар
Келешек бүгінгі емес адастырар.
Келешек дарынының кесімкері,
Жауын жоқ сеніменен бақ таластырар!
Осалды қанды балақ өлім жеңген,
Қағида келе жатқан бар ежелден.
Күшті тек бұл өмірде сондай жандар —
Кімде-кім қорықпаса егер сол өлімнен!
Ғалымда ашқан талай жаңа ұғым.
Ей, Қыпшақ, Фарабидей дана ұғлың
Дүниеге келсе - дағы Отырарда,
Мысырдан тапты ұлы даналығын!
Сан рет қуантсаң да жүрегімді,
Жат елден берді тәңір тілегіңді.
Сен алдың Нишапур, Бағдат, Мысыр, Шамнан,
Қызына, ғылым атты керегіңді!
Мадақтап бас игенде әлем біткен,
Мақтанғам, мен де сені тәңір еткем.
Дегенің «Мен Отырардың баласымын»
Кетпейді, ант сөзіндей, көкіректен.
Сол күннен міне қанша ғасыр өтті,
Фараби ғалым болды құдіретті.
Таңданды жердің жүзі, қайран қалды
Қандай жұрт тапты деп бұл кереметті?!
Ал жұртың бастап сонау ескі сақтан,
Аргипей, массагет пен саураматтан,
Найза ұстап бірі қалмай жауға аттанған
Көшпелі ел, Шығысқа аян әлімсақтан!
Мал баққан, кейде тіпті егін еккен.
Жау тисе, жаугершілік туын тіккен,
Жұрт еді Үнді менен Иран барған,
Батысын шүршіттің сан тітіреткен!
Сен туған кене тарих, көне халық.
Бір кезде бұ да әлемге төккен жарық.
Төнгенде талай жауы «құртамын» деп,
Шыға алған тауды бұзып, тасты жарып!
Жатқан соң шапқыншылар жолы болып,
Көп кірдік күштілерді салған жорық.
Сонда да бермедік біз ешкімге де
Қазақтың ұлы жерін, қалдық қорып.
Бул ара дозақ та еді, бейіш те еді,
(Талай хан бұл далаға кейісті еді),
Бұл жерсіз дүние жүзі тарихы жоқ,
Шығыс пен Батыс мұнда түйіседі!
Еліңнен жүрсең де алыс, болдың бірге,
Сақтадың оны мәңгі жүрегіңде,
Ұқсады махабатың оған деген
Сарғайып, сағынып бір күткен күнге.
Әрине қалған жұртың жанға батты.
Әр күнің тамшылаған жас боп ақты.
Тек қана ұлы арман — ғылым деген
Жаныңның ауырғанын баяулатты.
Қарт етті мезгіл кеулеп жас жігітті,
Ақтап ол әлем күткен көп үмітті,
Жүректен тамған қаны таусылғанда,
Уа, дүние, қарияның күні бітті!
Өлім не? Мәңгі ұйқы тас қамалы,
Құтылмас одан дүние бар адамы,
Өмірге деген сәби әр талпылы —
Өмірге таяй түскен ол қадамы.
Өлген жоқ әл Фараби тірі мәңгі,
Ұйқыдан оянған жоқ сол күн таңғы.
Ала алмай келе жатыр мың жыл бойы,
Ұлы ойды, алса да өлім жан мен тәнді!
Мінекей тұрмын мен де атыңды атап,
Халқыңа тарап жатыр аңыз, лақап.
Бас иген Шығыс, Батыс, барлық жұртың
Бір адам алсын сендей алсын атақ!
Тартып бір әл Фараби домбырамды,
Тілеймін бұдан да шат атар таңды.
Мың жылдан кейін тағы кездес, бабам,
Той тойлап ұрпағыңмен қазақ қанды!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі