Өлең, жыр, ақындар

Маңғыстаумен сырласу

Боз таулар бұлдырайды үнсіз ғана,
Батқанда көкжиекте күн сыздана.
Алқызыл өртке оранып теңіз беті,
Толқын көрпе оранды Күн-қыз бала...
Мелшиіп таулар жатыр үнсіз дана,
Меңіреу құпиясын құм қызғана.
Мезі қып менменсиді нар төбелер,
Не деген, түлен түрткен, үнсіз дала?!
О-о-оу!
Маң, маң жатқан маң дала!
Маңғазданған паң дала!
Маған да бір тіл қатсаңшы,
Мазасыз соққан шаң дала!
Бабамнан қалған іздерді
Жасырып жатқан сен ғана!
Тыңдашы мені, айдала,
Қабағын түйген тау дала,
Панасы болған едің ғой,
Қаңқылдап қайтқан қазға да.
Қапыда кеткен ұлыңнан
Оралған ұрпақ мен ғана.
О-оу, Боз дала!
Боздаса ботаң — жан жара,
Жырақта қалған ұлыңның,
Жете алмай қалған қызыңның
Аманатын ал, дала!
Сағынышты мұңымның,
Айта алмай қалған сырымның
Салауаты - "наз" ғана!
Үн қатшы, маған нар дала,
Баяғы сол тарихтың
Басылған мөрі бар дала.
Бабамның маңдай тері мен
Төгілген жері - қан дала.
Бауырыңа бас ботаңды,
Уа, Қаңға баба, хан - баба!
Жете алмай саған сан перзент
Жат жерде қалды арманда.
Жұлқынып туған қызыңмын,
Жұртыма келдім, жалған ба?
Бөлтірігі едім бөрінің, бөтен емеспін арланға.
Бөтенсінсе өз жұртым,
Бөрі мінезім, қорланба.
Танымаса жақыным, жатсынып, сірә, қалған да.
Жаhан даласын бабамның, жат жұрттық жайлап алғанда.
Құлқынын көздеп "қу түлкі",
"Құмырсқа" жаулап алған ба?
Құбырмен жұтып мұнайды,
Құм дала ғана қалған ба?!
Оу, Оғланды, Шерқала,
Шертетін күйің арман ба?
Деп тұрғандай;
-"Көпестер" көрімдік берсе, алданба!
Сырыңды дала, мен ұқтым, сыбырлап қана қалғанда...
Көк теңізің уланса, қаласың мәңгі арманда.
Топырағыңды жат басса,тозады ұрпақ таңдарда.
Көн тарихыңның тамырын
Күресін қылып қазғанда.
Көзбенен көріп, көңілмен соқырлық қылма жалғанға!-
деп тұрғандай бабалар,
Бабалар жатқан таулар да…
Аманат артып жатсың ба,
Адайдан туған тарланға?
Көзбенен көріп, қарағым, соқырлық қылма жалғанға!
Көк тәңірден басқаға бас иетіндер арлан ба?
Көкірегіме түйгенім - көңіліме де сол, - медеу;
Көк бөріліктің өрлігі Адайда ғана қалған ба?!

Шынар Кендін, 2006 жыл.
Форт-Шевченко.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз