Құтсыз қонақтар
Құтылам деп ісінен,
Бәрін көріп кісіден,
Шығынға әбден батады,
Пұл болмаса онысы
Аударылып қонысы,
Алыстан дәм татады.
(Абай.)
Тық-тық біреу есік қағады,
Кірмейтіндей сұрамай.
Бір ашады, бір жабады,
«Кір» дегенше шыдамай.
Сықырлатып босағаны,
Жөтеледі қақырып.
Тықылдатады үстін-үстін,
Іштен рұқсат шақырып.
Бұл кім өзі түнделеткен,
Неткен адам сабырсыз?
Есігімді шертіп біткен,
Асыққандай дамылсыз.
− Можно, можно пожалуйста,
Пожалуйста, кіріңіз.
О, ақсақал, сіз бе едіңіз,
Мінекей біз ініңіз.
Бір қолында чемоданы,
Бір қолында төсегі.
Келген қонақ өрлеп төрге,
Сырт киімін шешеді.
Қонақ күткіш байғұс шешем,
Төсегінен тұрады.
Елдің жайын езіп сұрап,
Әңгімені құрады.
Түн ішінде байғұс шешем,
Самауырын қайнатып,
Алып келед бүкшең қағып,
Бұрқылдатып ойнатып.
Сыйлы қонақ ақ жастыққа,
Шығанақтап жатады.
«Бісмілда» деп бір күбірлеп
Шайдың дәмін татады.
Қаймақ құйған тола қасық,
Қаннан қызыл қою шай,
Ішкен сайын бойға сіңіп,
Тер ағады сорғалай.
Орамалмен сүртіп терін,
Желпінеді қонағым.
Тоқтамайды біткенше шай,
Тойдырғанша тамағын.
Бел босатып, сыртқа шығып,
Қайта келіп жатады.
Елден келген сыйлы қонақ,
Тәтті ұйқыға батады.
Орындауға не де болса,
Поэмамның планын.
Жайғасқан соң келген қонақ
Қайта отырып сызамын.
Ойдан өлең тілге жетіп
Жаңа шыға бергенде,
Тілден қалам қағып алып,
Жорта шауып желгенде.
Тереземді тарсылдатып,
Тағы біреу қағады.
«Аш! Аш!» деген ащы дауысы,
Құлағымды шағады.
Пай - пай - пай - пай, бұл неткен жан
Сындыра ма әйнекті
Өлең үркіп, ой шашырап,
Салды - ау шіркін әлекті.
Тұрғанымды көріп сырттан,
Қақпадан кеп кіреді.
Қара төбет жақтырмаған,
Жатып баяу үреді.
Можно, можно, пожалуйста,
Пожалуйста, кіріңіз.
А, ақсақал, саламат па?
Мінеки біз ініңіз,
Қонақ күткіш байғұс шешем,
Тағы қайта тұрады.
Ұйқылы-ояу бүкшең-бүкшең,
Самаурынмен шығады.
Шайға қанып, бел босатып,
Бұл да келіп жатады.
Мен де жатам шаршап, талып,
Артынша таң атады.
Атқанша таң, шыққанша күн,
Сапырылған бір қонақ.
Төрдің алды толған төсек,
«Әрі жат та, бері жат».
Ұлы сәске
Тереземнен,
Күлімдеп күн қарайды.
Төрдің алдын басып сәуле,
Қонағымды санайды.
Терлетіп күн қонақтарды,
Оятады біріндеп.
Жатқан жерде алысып қол,
Сөйлеседі күлімдеп.
Үйге кіріп жез самаурын,
Жайылғанша дастарқан.
Тұрар емес қонақтарым,
Рақаттан... Жатқаннан.
Кеңеседі, сырласады,
Сөз кетеді жамырап.
Бәрі таныс, білемін мен,
Бірақ маған сөзі жат.
Бірі шыққан партиядан,
Екіншісі - сотталып.
Үшіншісі - о да сондай,
Жиналыпты топталып.
Жан «құдайдан» тамақ менен,
Келген екен жатқалы.
Ақталудың, пәк болудың,
Бір тәсілін тапқалы.
Білдім, білдім, білдім бәрін.
Дастарқанды жинадым.
Өз үйімнен жат қонаққа
Ac беруді қимадым.
− Пожалуйста, есік ашық,
Бәріңіз де тайыңыз.
Мен советтің ақынымын,
Болмас енді жайыңыз!
Қонақ күткіш қадірлі анам,
Аң-таң болып күледі.
«Мұның не, - деп, - жаным балам?
Маған қарап жүреді.
− Бұл сияқты жат жандарды,
Жатқызбаспын, - дедім мен.
Есігім мен тереземді,
Қаққызбаспын, - дедім мен.
1935
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі