Меруерт моншақ тіземіз – Әбділдә Тәжібаев

Бұл бетте «Меруерт моншақ тіземіз» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 3001
Айна көл көктей мөп-мөлдір,
Айнала бұйра қарағай,
Аспан көлге төніп тұр,
Төңкерілген шарадай.
Қанатымен су сабап,
Көл бетінде қоңыр қаз,
Бір-біріне етсе наз,
Естіледі даусы саз.
Қасымда сүйген сұлуым,
Мен де көлге келемін.
Сұлудың бірге жүруін
Шын бақыт деп білемін.
Үркітпейміз көл құсын,
Жырлай берсін жырларын.
Ұшпасын құс біз үшін,
Айта берсін сырларын.
Сұлуым менің аққуым,
Көлге біз де жүземіз,
Суға түскен сәуледен
Меруерт, моншақ тіземіз.
Көл қойнына кірдік біз,
Кеттік жүзіп екі жас.
Ақ кайықпен жүрдік біз,
Аққулармен аралас.
Аспан ашты пердесін,
Көлге түсті мың сәуле;
Көл бетінен жұлдыздан
Көзге түсті бір сәуле.
Бар жұлдыздың жарығы
Сәулем екен өзімнің.
Бар сәуленің анығы
Жанары екен көзінің.
Сұлуым менің - аққуым,
Көлге біз де жүземіз.
Судай таза бақыттан
Меруерт, маржан тіземіз.

1935


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері