Қан тамырлар – Әбділдә Тәжібаев

Бұл бетте «Қан тамырлар» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 2583
Баллада

Тарам-тарам қан тамырдай,
Ертелі-кеш соққан тынбай,
Телефонның сымдарынан
Дамыл алмай жүргендей қан,
Бір ауыз сөз кетпей текке,
Жетсе бәрі зеңбірекке:
Батарейден от жалақтар,
«Жау қайдалар» снарядтар!
Жаудың оты жалмаң қаққан,
Зеңбіректен, минометтен,
Күркіреді, тынбай тұрды,
Жанған шоқтай оқ жаудырды.
Тарам-тарам тамырлардан,
Жетті тарап әмір жылдам.
Оққа оқпенен жауап кетті,
Жерді қатты дірілдетті.
Сым тамырлар оқтын-оқтын,
Салмағынан түскен доптың,
Үзіледі шыдай алмай,
Батарейге тіл бере алмай.
Сонда жігіт қан тамырлы,
Жалғастырып сым тамырды,
Жеңгізбеді оққа сырын.
Өшіргенше жаудың үнін,
Мадақтаймыз шын ерлерді:
Қан тамырлы жігіттерді!

1941


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері