Қырғыз — менің өз елім – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Қырғыз — менің өз елім» атты Тайыр Жароков жазған отан туралы өлең берілген.

  • 09.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1051
Туыстармен сәлемдесіп, қол ала, —
Көрейін деп келдім бірер қонаға.
Мейман емен, Қырғыз — менің өз елім,
Өз еліне — кісі мейман бола ма?
Ақын қырғыз жырласа да әр сөзін
Ырғақтары секілді бір өз үнім!
Домбыраның шанағындай күй толы
Қырғыз үйі — бейне менің өз үйім.
Тауларының жанар тіксем жүзіне,—
Біздің таудың деп қалам нақ өзі ме?
Күлімдеген қыздарының көзі де
Ұқсап-ақ тұр біздің қыздар көзіне...
Сыңғыраған сұлу күйдей ырғалып,
Көңіліме достық ойлар оралып,—
Туысқандық үн тоғыссын деп келдім,
Алматыдан Фрунзеге жыр алып.

1955


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері