Өлең, жыр, ақындар

Нартай

  • 29.03.2019
  • 0
  • 0
  • 3192
«Тартып жібер, Нарекесі, сырнайды.
Сырнайлатпай, сірә, көңіл тынбайды.
Ұшыр, ұшыр ақ тұйғындай әніңді,
Төк жырыңды, туған жұртың Тыңдайды!»
Деуші едік біз Нарекеңді көргенде,
Аңсап аға алыс жолдан келгенде.
Қырандай бір қомдап алып қанатын
Жазушы еді, құлашын кең сермеуге.
Ә, дегенде, түйіп түйсініңкіреп қабағын,
Ащы айқаймен ашып тұнған тамағын,
Найзағайдай қара түнді қақ жарған,
Жалтылдатып алатын көз жанарын.
Содан кейін жауар бұлтша төнетін,
Төңірегін ол тінти қарап көретін.
Суып беті, сұрғылт тартып алған соң,
Борандата, бұрқырата төгетін.
Әлі есімде, бүгінгідей есімде:
Біздің үйдің көңілді бір кешінде
Қадалғанмын қою қара мұртыңа,
Тынбай қаққан жыр қанаты секілді.
Өтті күндер, өтті жылдар зулаған, -
Ұшты үзіліп қанша жапырақ қураған...
Сол жылдарға жастық көркін ұрлатып,
Жасай берді тынбай ақын жырлаған.
Біздің үйдің кейінгі бір кешінде,
Жақсы құрбы, жас бауырлар ішінде,
Сыр қып айтқан мұңлы термелерінің
Дәл мынасы сақталыпты есімде:
− Өздерің білер Нартаймын.
Нар да болсам, қартайдым.
Арнасы бар, өзі жоқ
Баяғы боран айқайдың...
Тұғырдан дауыл тыңдайды
Ақ иығы Алтайдың.
Тұзағы түсті мойныма
Кәрілік деген сайтанның.
Бұғалық киген асаудай,
Бұлқынып ала қаша алмай,
Басымды ғана шайқаймын.
Алпыс жыл тарттым сырнайды.
Сырнайым енді көнерді.
Көнергенше сырнайым,
Күйіме жұртым кенелді.
Шырылдап туған сәбиге
Жаялық еттім өлеңді,
Дірілдеп тұрған кәріге
Таяныш еттім өлеңді.
Осы отырған інілер,
Кімің барсың алмаған
Ағадан жәрдем елеулі?
Сағына қалсаң жарыңды,
Шәрбатын іштің жырымның.
Аузыңа шырын сөз салдым
Арманын айтар сырыңның.
Қайғының лебі мұздатса,
Отыма келіп жылындың.
Шаршасаң, таптың әнімнен
Төсегін жайлы тынымның.
Жасқанып бұқсаң майданда,
Оққа да төсеп өзімді,
Алдыңа түсіп жүгірдім.
ЬІстықта болдым көлеңке,
Боранда болдым ығыңдай,
Еңбекте жүрдім қасыңда
Жанымды күйттеп тығылмай,
Отанды бірге күзеттім,
Түндерде көзім жұмылмай,
Биікке бассаң сүйедім,
Шықсын деп тауға жығылмай,
Тереңге түссең, бір түстім
Бөгеліп яки бұрылмай.
Тобыңды бастар серке едім,
Тойыңды бастар ерке едім,
Жақсыға жаным жайдары,
Жаманға жанған өрт едім.
Анадан алғыс алып ем –
Ашылсын деген өркенің,
Атадан алғыс алып - ем –
Алды бол деген өлкенің.
Ішемін десең, бұлақ ем.
Жағамын десең, шырақ ем,
Жанын да қияр мерт едім.
Қартайдым міне, қартайдым,
Келеді кілең жантайғым,
Кесел де меңдеп барады,
Келісер емес, байқаймын.
Алыстап қалды артымда
Күндері қызу айқайдың.
Дәме көп те, дәрмен жоқ,
Еріксіз басты шайқаймын.
Қанаты тозған тұйғындай,
Тұяғы тозған жүйріктей,
Мұң шағар бүгін Нартаймын... -
Деген Нәкең көз жұмыпты артынша,
Амал нешік алатын дем сарқылса!
Келген еді бұл дүниеге жырменен,
Өтіпті сол жыр ағызған қалпынша
Қалдырыпты арнап бізге сырнайын.
Тартшы, жолдас, құмарлана тыңдайын.
Тартшы жолдас, құлашыңды кең жазып,
Шырқайын бір, Нарекемше жырлайын!

1953



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүзіп келем

  • 0
  • 0

Жүзіп келем, жүзіп келем өзенмен,
Жүрегімнің шаршағанын сезем мен.
Алып кетіп барады ағыс ықтатып,
Тербеп толқын тыншытпақшы ұйықтатып.

Толық

Жер

  • 0
  • 0

Байланысын қара жер мен адамның,
Баяндайды баяғысы бабамның:
Жатыр мөрі тақырларды таңбалап,
Тірлік үшін тынбай басқан табанның.

Толық

Ол және мен

  • 0
  • 0

– Сен емес,- деді Ол маған,
– Мен емес,- дедім, иілдім.
– Иеңмін,- деді Ол маған,
– Нем сен,- дедім сиындым.

Толық

Қарап көріңіз