Күзетші
І – сцена
Жазғы түн. Қолына фонарь ұстаған кемпір келеді.
Кемпір
Қайда кетті екен жоғалғыр?
Тым болмаса маған тыным берсе еді.
Айтқан тілді алса еді.
Уһ, жолы қайда жаңағы?
(Еңкейіп аяғының астына қарайды.)
Жеңіл пальтосын қарына ілген шляпалы жігіт қарсы кездеседі. Екеуі де кідіреді.
Жігіт
Жол болсын, шеше?
Кемпір
Жоқшымын. Өзің кімсің, жас жігіт?
Жігіт
Ақынмын
Айдан асты мен шыққалы қаладан,
Аралап келем алтын бесік даламды.
Малшыларға түстенем, Егіншіге қонамын.
Бұл маңайда қырман жоқ па, әжетай?
Кемпір
Төңірегің, толы қып-қызыл қырман
Жолаушыға келмейді екен сияғың.
Атың қайда, арбаң қайда?
Қоржының мен дорбаң қайда, шырағым?
Жігіт
Бәрін де, әжетай,
Тастап кеттім анау тұрған қыстаққа.
Біраз жүріп бой жазуға шығып ем.
Кемпір
Ақынмын де, жақсы екен.
Күлдіргішпісің, жылатқышпысың, қайсысы?
Жігіт (күліп)
Екеуіне де бірдеймін
Қайсысын қалар едіңіз?
Кемпір
Әуелі жоғымды тауып алайын.
Жігіт
Түртінектеп түнде қайдан табасыз,
Ертең ерте іздемейсіз бе, жарықта.
Кемпір
Жарыққа жетпей жазым боп кетсе қайтемін
Жігіт
Жылқы ма еді, сиыр ма еді жоғыңыз?
Кемпір
Алдынан келсең сүзеді,
Артынан барсаң тебеді,
Ондай жануар түспеді ме көзіңе?
Жігіт
Сүзеген мен тебегенге
Жәй қоймас ешкім де.
Егер тілімді алсаңыз,
Кәзір әуре болмаңыз.
Кемпір
Іздегенім қаусап тұрған кәрі еді,
Тым болмаса ертерек сүйегін жинап алайын.
Жігіт (күледі)
Дұрыс, дұрыс.
Шалыңыз ба еді жоғыңыз?
Кемпір
Дәл өзі.
Жігіт
Атай кесір екен де.
Кемпір
Атама, балам, атама.
Кесір мінез жастағы
Қалмайды екен қартықта,
Жігіт
Жастағы оты өшпесе,
Кәрілік оған не қылсын
Жүріңіз, әже,
Думан сүйер тарланды
Бірге іздейік қосылып.
Кемпір
Әуре болма, шырағым
Қажет емес кесірдің
Қанатына су бүркетін жәрдемші.
(Кетуге айналады).
Жігіт
Қате айтасыз, әжетай (ұстап)
Ең болмаса бір ауыз сөз тыңдаңыз.
Жастың бәрі бір емес,
Қарттың бәрі бір емес...
Кемпір
Жетті, жетті.
Оны өзім де білемін.
Жігіт (бөгеп).
Сөнер отқа тамызық,
Сүрінер қартқа таяныш керек емес пе?
Кемпір (бөліп).
Сексенге келсең селкілдеп,
Жылында емес, күнде түлер боларсың.
Ет біткен соң, тозған терің пана емес,
Әр сүйегін әр сайда қалсын демесең,
Ондай жаста тыңдау керек лөктірді.
Жігіт
Доктор не дейді, - әжетай?
Кемпір
«Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл».
Сексенге келдің желікпе,
Тыраң еткің келмесе,
Жаныпты құт, жылы оран, - дейді.
Түсіндің бе, жолаушым?
Жігіт
Түсіндім, шеше, түсіндім.
Кемпір
Ендеше мені бөгеме
(кетеді)
Жігіт
(Кемпip кеткен жаққа ойлана қарап тұр)
Осынша шымыр кемпірі
Шалы қандай десеңші?
Сексенге кепті - ау жарықтық.
Я сабырсыз елгезек,
Я қайратты бір сұмдық.
Екінің бірі әйтеуір.
Әйтпесе шалы қашып үйінен,
Кемпірі түнде іздей ме?
(Күліп)
Өжет әже табады іздеп асауын,
Жастан тастап шеберленген
Бұғалығын тастайды,
Ал асау ата, бұлқынады, тулайды,
Екі күшті жекпе-жекке түседі.
Жеңер екен қайсысы?
Не де болса өз көзіммен көрейін.
Бақылайын сырттарынан екеуін.
(Жүгіре жөнеледі)
ІІ - Сцена
Қырман басы қызылданған астық. Жылы киінген, берік буынған қарт кәрі серігі - шиті мылтығын құшақтап, жантайып жатыр. Қарт елең етіп басын көтеріп алады, бірдеңені көргісі келгендей сығырая қарайды,
Шал
Бұл не жарық болды екен?
Тұп-тура маған беттеп келеді.
Я басқарма, я хатшы,
Я ауданның өкілі.
Пысығын қарашы шіркіннің.
«Өлмелі шал жатқан шығар тырайып,
Ұйқысын түнде бұзайық,
Ермек болар келемежге», дескен ғой.
Е, десең дендер, келіңдер,
Шал кім екен, көріңдер.
Сендерді ме, бәлем!
Фонарь көтерген адам жақындайды. Жарығы да көрінеді.
Жүрісі қалай байғұстың?
Малтыққандай ылайға
Әрең басады аяғын
Әлде жұтқан біреу ме?
Ей, тоқта! Кімсің өзің?
Кемпір (кідіріп).
Өзің кімсің?
Шал (өзіне).
Ұрды құдай, біздің кемпір.
(Дауысын өзгерте түсіп)
Күзетшімін. Кім де болсаң жуыма.
Жақындасаң атамын.
Кемпір
Ендеше мылтығыңды оқтай бер
Кемпір ат та, мерген атан, күзетші,
(Тағы жүреді)
Шал (өзіне).
Біздің, кесір өстеді.
(Жекіп)
Тоқта! Тоқта деймін мен саған!
Керегіңді айт әуелі.
Кемпір (өзіне).
Қалай, даусы таныс сияқты ма өзінің?
(Жақындап)
Қай баласың, шырағым?
Шал (шегініп).
Құртты - ау, мына қу кемпір,
(Дауыстап)
Айдарлымын.
Кемпір
Танымадым, қалқашым,
Сырттан келген жастардың бірімісің?
Шал
Алматыдан келген ей.
Кемпір (сабанның шетіне отыра кетеді).
Уһ, тынығайыншы азырақ.
Алматыдан келдім де.
Жақсы қала дейді ғой жарықтық, рас па?
Рас - рас.
Осы кезде қараңдап көрінген жігіт сабанның бір шетіне еңбектей кеп тығылады.
Кемпір
Тұңғышымыз сонда тұрады, шырағым,
Келініміз қандай әйбәт, жақсы жан.
Жыл құрғатпай келіп-кетіп тұрады,
Келген сайын өзімен бірге әкетпек болады,
Әйтеуір бір сәті түспей келеді.
Шал
Жолда жүріп-тұруға
Өзіңіз қырсау шығарсыз.
Әйтпесе, мына тұрған жер емес пе
Алматы?
Кемпір
Айтуға оңай, сәулешім,
Мен сияқты өлмелі шал күзетсең,
Көpep едім күшіңді.
Шал
Шалы құрсын.
Кемпір (шошып).
Астапыралла!
Әкең барма, шырағым...
Бар еді бір кесір әкем,
Биыл ғана құтылдым.
Кемпір
Басыңа келсін, жүгермек!
Немене, өзің тұншықтырдың ба?
Шал
О да ойымда бар еді.
Құдай оңдап қылжия қапты бір күні,
Кемпір (Орнынан тұрады),
Тіпай - тіпай пәлекет!
Шал
Әр нәрсенің мөлшері бар емес пе?
Кемпір
Тыңдамаймын сөзіңді?
Шал
Қартайғанда ауыздан тіс кетеді,
Буындардан қалтырап күш кетеді.
Қас пен кірпік күйгендей қуарады,
Екі көздің жарығын су алады.
Қою жесең қақаласың.
Сұйық ішсең шашаласың.
Кемпір қажыды десе,
Келін алжыды, - дейді,
Жақсы ойың ұғымсыз болады.
Жақсы сөзің жұғымсыз болады.
Мұндай күйге түскеннен
Өлген артық емес пе?
Кемпір
Сен жас емес, сұмдық шығарсың!
Тілің қандай ащы еді.
Кез келген соң жүзіңді көре кетейін.
Шамын көтеріп қасқая қарап тұрған күзетшінің бетіне үңіледі. Шалын таниды.
Шал.
Ұнаймын ба, кемпірім?
Кемпір
Бәсе, бәсе, сөз саптауың таныс еді.
Басын қылтың еткізіп жігіт те көрініп. қалады,
Иә, айта бер, тыңдайын
Неден қаштың? Нe іздедің? Не таптың?
Шал
Лөктір менен сен екеуің қашқаным,
Іздегенім жас шағым.
Үйден кеттім, соны таптым, кемпірім.
Кемпip
Ендеше маған да қарас олжаңнан,
Табысыңнан бөліп бер.
(Қолын созады).
Жігіт (өзіне).
Қысты шешей, жағасына жабысты.
Шал
Онда екеуміз қылшылдаған жас едік,
Осындай бір жазғы түнде
Қызық тойдан қайтқанбыз,
Қосылып өлең айтқанбыз...
Кемпір
Қойшы арман, қайдағыңды қозғамай,
Соның бәрі есте қалды деймісің...
Шал (ойын бөлмей)
Сонда да осы Есекқырған
Taп осындай жарық еді,
Taп осындай жақын еді.
Жігіт (өзіне).
Мәссаған, енді астрономға айналды.
Кемпір
Жұлдыз болса жастығым деп тапқаның,
Алыс екен ол әлі.
Одан да, шалым, үйге жүр.
Дәріден күт дәрменді,
Төсектен ізде рақат.
Шал
Жо... жоқ, атама.
Дәріңді де татпаймын,
Төсекке де жатпаймын.
(Ауыр күрсініп)
Әйнек жабық, есік берік...
Күндіз күнсіз, түнде жарық жұлдызсыз
Оңашадан қорқамын.
Ондай да рақат болар ма?..
Ал, қалауыңша, ал кемпірім.
Кемпірінің созған қолынан ұстап, өзіне тартып алады,
Көремісің, қарашы.
Кемпір
Мені дейсің?
Шал
Аспанды, ай - жұлдызды,
Айналаны, кең даланы деймін де.
Жігіт (өзіне).
Meн білсем ақынның зоры осы қарт.
Кемпір
Көріп тұрмын.
Шал
Бойыңды жаз, дұрыстап қара, байғұсым,
(Қолын нұсқап)
Әнеки, баяғы Үркер, Сол күйі
Анау тұрған
Ақбоз ат пен Көкбоз ат,
Ортадағы Темірқазық айнымас.
Кемпір (еріксіз елігіп).
О, жарықтықтар...
Ал мынау ше... жарқыраған қайсысы еді?
Есекқырған емес пе?
Шал
Дәл өзі.
Атын қойып Есекқырған,
Мұны да қазақ өсек қылған.
(Екеуі жарыса күледі)
Есіңде ме, кемпірім...
Кемпір
Қорыққаны несі, қу шұнақ!
Сенімен бірге бөрі қамар деймісің?
Бөрі де бір, күшік те бір қолда өскен
Одан адам қорқа ма?
Кемпір
Е, енді неден қорқасың?
Шал
Жалғыздықтан... жалғыздықтан қорқамын.
Кемпір
Сен жынданған шығарсың.
Шал (ойын бөлмей).
Төсек тарту, жалғыз қалу,
Кең дүниеден шет қағылу
Тірлік емес, кемпірім.
Жігіт
Айтқаныңыз аталы сөз, ақсақал.
(Орнынан тұрады).
Шал
Әй, тоқта
Сені қашан шақырып ем билікке,
Жаратайын ба өзіңді?!
Басынан асырып атып қалған, жігіт құлап түседі.
Құрттың, қу шұнақ, құртты!
Құлаған адамға ұмтылмақ болады.
Шал оны жібермейді,
Шал
Абыржыма, кемпірім.
Жігіт (басын сәл көтеріп)
Өлдім, ата, жәрдем ет.
Шал
Кел дедім ғой мен саған
Әйтпесе шындап атамын.
Жігіт
Тұрайын, ата
(Тұрып келеді).
Шал
Тыңшымысың, сыншымысың, қай қусың?
Жігіт
Оларыңның бірі де емен, әкежан.
Қастарына келеді. Кемпір фонарын көтеріп үңіледі, таниды.
Кемпір
Е, сен бе едің, шырағым.
Маған ерме демеп пе ем?!
Жігіт
Кешіріңіз, әжетай.
Кемпір (еріне).
Алматыдан келіпті
Ақыны ма, әртісі ме, бірдеңе.
Жігіт
Түнде әжеме көмекші болармын деп еріп ем.
Есіткен соң атам айтқан сөздерді
Арбалып қаппын, кете алмай.
Шал
Онда, шырақ, ессізден емес екенсің
Шын ұнатсаң сөзімді,
Енді саған көрсетейін өзімді.
Қарашы кәне нұсқама.
Кемпірдің фонарын алып өз бетін көрсетеді.
Дұрыстап қара, танып айт.
Жатайын ба қамауында кемпірдің?
Жоқ әлде орным бар ма тірлікте?
Жігіт (Шал жүзіне қуаныса қарайды),
О, ғажайып, таң-тамаша ғажайып!
Кемпір (нұқып қалады).
Бос сөзді қой, жас жігіт,
Бұлтақтамай шыныңды айт.
(Құлағына).
Есіңде ме, не деп едім мен саған?
Қанатына су бүркуші керек емес демеп пе ем?!
Жігіт
Есімде екен... кешіріңіз, әжетай
(Шалға қарап).
− Әрине, жас емессіз, қария,
Қаны тамған жүзінен,
Шал
Оны өзім де білемін.
Кемпір
Мұндай сөзді ұнатпайды біздің шал
Жігіт (бөгелмей).
Әжіміңіз сондай көп
Соқа жыртқан бір өңірдей бетіңіз.
Сақал күйген, мұрт қуарған,
Өткір тістер орны қалған,
Қас та, шаш та тоналған,
Кәдімгі қарттың суреті.
Шал
Жетті, жетті, тоқтат енді!
Фонарды кемпіріне қайта береді.
Айта түс, балам, аяма!
Фонарьды шалының бетіне қайта көтереді,
«Орның үйде кемпіріңнің қасында»
Дегенді де жасырма.
Жігіт
Кешіріңіз, айта алмаймын олай деп.
Кемпір
Heге?
Жігіт
Соққан желден, шайған селден
Тасқа да әжім түседі,
Биік шыңдар жасамай ма сонда да?
Кемпір
Құлпырады - ақ екенсің!
Жігіт
Әжетай
Кәрі бүркіт тұғырымда сілкінсе,
Көк зеңгерін көксегені емес пе?
Кәрі тарлан байлауында бұлқынса,
Той дүбірін аңсағаны емес пе?
Көріп тұрмын: сырты, тозған атамның
Кеудесінде лапылдаған от жатыр,
Жүрегінде сарқылмаған күш жатыр
Оны айтпасам, әділ қазы болмас ем.
Шал
Міне, сөз осы.
Аңғарып қал, кемпірім.
Кемпір
Олай десең мен де отырдым жайғасып
(Отыра кетеді).
Ұшшы кәне, кәрі бүркіт
Жүгірші кәне, кәрі жүйрік, көрейін!
Көкірек байғұс текірек қағады,
Күресуге дәрмен жоқ
Ал мынадай жас жігіттер еріккен
Көтеремді ермекке айналдырады.
Ұят қайда, балам, ұят?
Жігіт
Мен шын айттым, сеніңіз.
Кемпір
Жоқ, қалқашым, сенбеймін.
О, суыған күл от емес,
Тозған кәрі күш емес.
Бізге енді аспаннан гөрі жер жақын.
Қабыр жақын, шырағым,
Соны неге айтпадың?
Жігіт
Туу, қайда тартып кеттіңіз...
Біздің сапар - бөлек сапар, жарқыным,
Келіппіз жарық дүниеге
Көріппіз қызығымызды...
Күліп те болдық кезінде,
Қайғыны да көтердік...
Ендігі базар - жада адамдар базары.
(Шалына бұрылып).
Ал, сен шал бар ғой,
Саудыраған сүйегіңді үйде ұста,
Ажалыңды да үйден күт,
Оралғы болма аяғына өзгенің,
Менің сөзім осы, Кетемін.
Келген жағына қайта беттейді. Қалған екеуінің көзі кемпірде.
ЖІГІТ
Жүріңіз, ата, демейін.
Шал
Жоқ, жүрмеймін.
Кемпір (ұзамай бұрылып).
Кәрі тұлпар, кәрі бүркіт
Жүрмеуші ме ең менімен!
Шал
Апарарың қабыр болса бармаймын.
Сайтан боп кет ендеше!
(Кетеді)
Жігіт
Апырм - ай, әжем қандай қатал еді!
Шал
Ол сондай жан, қарғашым...
Ал сен мені сүйер болсаң жолаушым,
Қалжырамай, осы арада құламай
Аяғымнан тік басып тұратындай сүйейсің.
Жігіт
Оныңызға да әзірмін.
Шал (ойланып).
Кәрі өлерін, жас қаларын,
Заманын жас басқарарын
Мен өзім де білемін...
Мені туған әке-шешем
Көмілгелі не заман!
Не көрді солар осынша кең жалғаннан?
Жігіт
Иә, не көрді...
Шал
Құйынын көрді, сағымын көрді жапанның,
Жылжымайтын дөңбек көрді,
Жел жүгірткен қаңбақ көрді.
Шілде түссе, су іздеді.
Ақпан келсе, ық іздеді,
Сонымен өтті дүниеден...
Қабырлары қосаяқтың ініне,
Қорқаулардың апанына айналды.
Дала атанған жалпақта
Иемсініп біз қалдық.
Жігіт
Жақсы ие келді дүниеге
Сіздер, ата, Ленинменен қосылып
Революция туын көтердіңіздер.
Шал
Ол емес менің айтарым.
Жігіт
Кешіріңіз, ойыңызды бөлмейін.
Шал
Жасай түскім, көре бергім,
Күшті ұрпаққа ере бергім келеді.
Далаларды көгерткен,
Дарияларды бөгеген
Құдіретті қию оңай ма?
Жігіт
Әрине, ата.
Шал
Есіңде болсын, шырағым.
Адамзатты жерітетін тірліктен
Үш қана нәрсе болғаны.
Жігіт
Атаңызшы соларды.
Шал
Мұратсыздық, үмітсіздік, әлсіздік.
1956
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі