Өлең, жыр, ақындар

Өмір — ғажап, алтындаған өзегін...

  • 07.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2936
Өздеріңдей, өздеріңдей менде осы,
Кең Алланың періште емес пендесі.
Бір басыма кемшілігім жетерлік,
Бірақ, бірақ өсектерге сенбеші...
***
«Айғыр ұшқан» басынан қасқыр қашты,
Ол қасқырды ақ «Нива» бастырмасты.
Саламат бар қасымда – «Құламерген»,
Табылмайды оған тең – сыңар елден.
Аң-құстары жыртылып айырылысқан,
Алып қырат дөңкиген – «Айғыр ұшқан».
Айғыр қалай ұшты екен біле алмадым,
Бейіттер тұр солғандай гүл арманы.
Тіке қарғып жықпылға құлау жардан,
Мерген көзден құтылмақ болған Арлан.
Саламаттың оғынан құшты ажалын,
Езуіне жинап ап сұсты ажарын...
«Қорадан қойды қоймай жан қысқанын»,
Малшылар жаудырды-ай кеп алғыстарын.
Бұл сонау 86, Желтоқсанды,
Намыс отын оятқан Ер Тоқсан-ды.
– Шіркін! – деді Саламат, – шіркін! – деді,
Келген сөзді тіліне іркілмеді:
– Аз ба, көп пе білмеймін татар дәмім,
Күлімдеген күнім де атар менің.
Алматыда Аруымды тепкілеген,
Дәл осылай
Ана бір қорқауларды атар ма едім?!
Ақ «Нива» ақ қарменен араласып,
Әп-сәтте бір тұтам боп ара қашық.
«Айғыр ұшқан» басында арға берік,
Сонау жыл өшімізді
Бөрілерден алған едік...
– Осы қасқыр, о-о әкең... осы, – деумен,
Шопан атын байлаған талға келіп...

22.12.2005 жыл.
* * *
Өлеңнің түп тамыры – Құран болар,
Намыстың түп тамыры – ұран болар.
Жылқының түп тамыры – құлан болар,
Өсектің түп тамыры – жылан болар.
Топырақ түп тамыры – құнар болар,
Жемістің түп тамыры – шынар болар.
Махаббат түп тамыры – құмар болар,
Қуанса, күйінсе де адам деген,
Егіліп ағыл-тегіл жыл ар болар.
Тағдыр солай адамды сынар болар

26.01.2009 жыл
***
Егіз ұғым:
Айуандық пен адамдық,
Жақсылық пен жамандық.
Жатады әсте тең шығып,
Жетістік пен кемшілік.
Адалдық пен арамдық,
Әділдік пен қараулық.
Өксік пенен жұбаныш,
Қайғы менен қуаныш.
Ғашық болу кектену,
Жақсы көру, жек көру.
Ұсақтық пен ірінің...
Бірі болмай бірінің,
Қадірі жоқ білсеңіз.
Еркіңізде күлсеңіз,
Кездеседі бәрі де,
Ұзақ өмір сүрсеңіз.

8.08.2004 жыл.
* * *
– Өмір – ғажап,
Алтындаған өзегін,
Өмір – азап,
Азабына төзе біл! –
Осы сөзің досым менің жадымда, –
Дәурен дейміз өмірдің әр кезеңін.
Төземін ғой
Кенде емеспін төзімге,
Бір жан едім тым берілгіш сезімге.
Түсінбейді сол жанымды көп адам,
Абайды да ел түсінбеген кезінде.
Өздеріңдей, өздеріңдей менде осы,
Кең Алланың періште емес пендесі.
Бір басыма кемшілігім жетерлік,
Бірақ, бірақ өсектерге сенбеші.
Қара есекке мені теріс мінгізіп,
Оқиғаны ойлап тауып ең қызық:
– Ренжіп бір ұлыққа,
Ішіп кетті – десе егер.
Құлқын деген құдыққа,
Түсіп кетті – десе егер.
Батпаққа сол шықпастай,
Батып кетті – десе егер.
Сатпаққа сыр ұқпастай,
Сатып кетті – десе егер.
Өз тілінен түңіліп,
Жараланды десе егер.
Өз дініне үңіліп,
Қарамады – десе егер –
Сенбеші, сен сенбеші,
Белгілі ғой ондайларға көнбесім.
Бір ақынды үкілеп,
Қосып едім жарысқа.
Қарсы шықты өзіме,
Мастанды да табысқа.
Бір әкімді үкілеп,
Қолдап едім жарыста.
Танысын – деп үкімет,
Айналсын – деп Барысқа.
Қарсы шықты өзіме,
Жеңілген соң, жеңілген,
Бақталасы алысқан.
Кейде ұқпай бағаны,
Кейде жыртып жағаны.
Досыңды да қас етіп,
Өмір солай ағады,
Ағады.

9.10.2008 жыл.
***
Құдағилар, Құдалар!
Достасуға келдім мен,
Басымызға тағы бір бас қосуға келдім мен.
Оң аяқпен қызыңыз келін болып аттайтын,
Өкілімін елдің мен.
Жету үшін сіздерге арғымақтай арқырап,
Желмаядай желдім мен.
Тебе би боп отырмын төбесінде төрдің мен.
Татулықтың жемісін,
Туыстықтың жемісін,
Талай рет тердім мен.
Жас отаудың құрылған жаққызатын шырағын,
Асқар таудың бауырынан аққызатын бұлағын,
Қос жүректің қосылған айтқызатын шын әнін,
Күмбірлеген күйлердің тартқызатын шынарын,
Көтеретін көңілді құдашалар сынағын,
Таныстырар көліне қос аққудың сыңарын,
Табыстырар екі елді елшімін мен – құдамын.
Ей, құдағи, құдағи,
Кемсең-кемсең жылама,
Қуаныш бұл, орынсыз көздің жасын бұлама.
Қимастықпен бір қарап ұясына қызыңыз,
Ұшқалы тұр ұшқалы қиясына қызыңыз.
Құшқалы тұр сүйгенін, азаматын, арысын,
Куә қылып құрбысын, көршілерін, танысын.
Өзгерткелі тұр және балалықтың қонысын,
Алалықшы тойшылар, алалықшы сол үшін,
Екі жастың алдағы ұзақ-ұзақ жолы үшін!!!

14.11.2008 жыл.
***
Қиялыммен бағзы барып қайтам кеп,
Адамзатты шығыпты Алла қайта ем деп:
«Тұрмысыңның шырқын бұзды, бүлдірді,
Болсын енді жер бетінде шайтан жоқ –
Депті Алла мейірі түсіп Адамға, –
Азғандарың қиын соқты маған да.
Ең ақылды иелері тірліктің,
Қадам басың мағыналы қоғамға».
Бітті іс.
Өтті көктем, өтті жаз да, өтті қыс,
Малғұн жоқ,
Ібіліс жоқ,
Шайтан жоқ,
Жердің беті бола қалды тып-тыныш.
Балағат жоқ, жағаларды жыртыс жоқ,
Бұрынғыдай жаугершілік, қырқыс жоқ.
Қызғаныш жоқ,
Алдау-арбау,
Өсек жоқ,
Әр ошақта жанды ылғи бір түсті от.
Кеуде шіркін ізгілікке тақ толды,
Бір сөзбенен басқа келіп бақ қонды.
Қайғы жоқ қой,
Ол болмаса жылау жоқ,
Жыламасаң қуаныш та жоқ болды.
Сұрамайды ешкім келіп жан сауға,
Ал өйткені алысатын жоқ жауда.
Ең жаманы жүректегі жоғалды,
Сағыныш та,
Құмарлық та,
Аңсау да.
Бұрын күйі, әсем әуез әні бар,
Бақталастық салтанаты, сәні бар.
Алла бірде келсе асыл Адамзат,
Болып алған қарыны тоқ жануар.
Өз түйсігім айт деген соң айта алам,
Бұны айтпай қалай сірә жай табам.
«Өзің күрес зұлымдықпен» – деп Алла,
Адамзаттың ортасына шайтанды,
Жіберіпті қайтадан.
Жақсылықты күндеу неткен жаман зат,
Улы оқ боп дәл жүрекке қадалмақ.
Азғырумен, аздырумен сол шайтан,
Бір-бірімен қырқысуда адамзат.
Рахатизм кештірем, – деп демалмай,
Данышпандар кеудеге от-нұр жаға алмай.
Жасар ма екен Ақырзаман қолымен,
Бұл Адамзат өзін-өзі жеңе алмай.
Оған, оған жеткізбеші кең Алла-ай!!!

26-27. 02.2009 жыл.
***
– Махаббатты кейбіреулер «Бал» – дейді,
«Жая» – дейді,
«Жал» – дейді,
Естен кетпес дәмін татып ал – дейді.
Махаббатты кейбіреулер
«Ұу» – дейді,
Түпсіз терең су – дейді.
Жеткізбейтін сағым ол,
Мейлі, мейлі қу – дейді.
Данышпан боп ту мейлі,
Отына өртеп, аязына үсіріп,
Өсек желі гулейді.
Бірақ, бірақ махаббат
Көзіне оны ілмейді.
«Не деп жатыр» – естімейді, білмейді.
Қас қылғандай,
Қас қылғандай солмастан,
Сол өсектер арасында гүлдейді...
О, Өмір!!!

15.02.2009 жыл.
***
Бүгін біздер көркем жігіт, көркем қыз,
Қара шал мен сары кемпір болармыз-ау ертең біз.
«Сіздерде жас болдыңдар ма?» – деген кезде немере,
Сағынышпен небір сырлар шертерміз.
Мәңгі біздер бола алмаймыз
Көркем жігіт, көркем қыз.
Қала алмаймыз бір ауылға жұлдыз боп та, ай боп та,
Сән-салтанат жарасатын мәңгі бақи бай боп та.
Өзге жұлдыз, өзге айлар туады,
Туады да ескі жұлдыз, ескі айларды қуады.
Айта алмаймын бірақ бұл іс қай уақта?!
Сезінеміз сол уақытта гүліміздің солғанын,
Сезінеміз өзгелердің толысқанын толғанын.
Сол шақтарда күл-қоқыстың астында,
Ұмытылып қалмасақ тек болғаны...
Солай жаным!..

23.03.2009 жыл.
***
Сағым-елес өткен күн,
Бір сәтінде көктемнің.
Туған жерден жыраққа,
Жалғыз ұшып кеткенмін.
Арман гүлін ектім де,
Тәуекелді жектім де.
Теңіз кешіп, тау кездім,
Мақсатыма жеттім бе?!
Білмеймін.
Содан бері жалғызбын,
Үні және шықпайды ғой жалғыздың.
Жықса жығар оңдырмай,
Күндесіміз бар біздің.
Сәттерім көп жығылған,
Кештеу бәрін ұғынғам.
Жеңіп келем бәрінде,
Мойымағандығымнан.

8.03.2009 жыл.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көздер

  • 0
  • 0

Көздер, көздер, түпсіз тұнық сырсыңдар,
Мөлдірлікпен баурап жанды тұрсыңдар.
Бұлқынсын деп бір өртеніп, бір күйіп,
Кетесіңдер жүректерге нұр құйып.

Толық

Гүлдердің нәзік болып өсетіні

  • 0
  • 0

Гүлдердің нәзік болып өсетіні,
Мәпелеп аймалағандықтан.
Қылыштың қара тасты қақ жарып кесетіні,
Қайрағандықтан.

Толық

Бақыт

  • 0
  • 0

Бақыт деген бір биікке ұмтыламын құмартып,
/Ол биігің тұр әзірге тым алыстан мұнартып/.
Шығам соған, шығам соған, отырмаймын телміріп,
Демен әсте: «Бақытым-ау, өзің үйге кел кіріп».

Толық

Қарап көріңіз