Өлең, жыр, ақындар

Жалыннан жаралғандар

  • 24.04.2019
  • 0
  • 1
  • 8099
(поэма)

О бастан-ақ парасат, ой дарыған
Біз боламыз жарқын қыз,
Жайдары ұлан.
Біз — жалынбыз өшпейтін мәңгі бақи,
Біз — комсомол жел ескен айдарынан!
Біз — комсомол:
Күштіміз,
Қарымдымыз.
Қолтықтаған құрбымыз — дарынды қыз.
Алқынуды білмейтін арғымақпыз,
Ауыздықпен алысқан арындымыз.
Біз — комсомол:
Ауылдан,
Шаһарданбыз.
Артқан жүкті алысқа апарғанбыз.
Спортында — әлемдік чемпионбыз,
Ал майданда — қып-қызыл қаһарманбыз!
Даңқты жол — біздердің өткеніміз.
Музейлерде қайла мен кетпеніміз.
Бес қарудың ішінде — қылышымыз,
Төрт мезгілдің ішінде — көктеміміз!
Ақиқаттың мұрагер, мирасымыз,
Айтар сөздің төтесі, турасымыз.
Қырандардың ішінде қырағысы,
Ұрандардың ішінде УРАсымыз!
Біз — комсомол,
Жастықтың өркешіміз.
Топ бастаған ай мүйіз серкесіміз.
Кішілердің мейірбан қамқоршысы,
Үлкендердің ақылды еркесіміз.
Бізден биік ұша алған қай құсыңыз?!
Арамызда болмайды байғұсыңыз!
Жездейлердің — қылықты балдызымыз,
Жеңгейлердің — сүйікті қайнысымыз.
Тамашамен өтпеген жоқ түніміз.
Тарих-жырға айналды көп күніміз.
Біз — уақыттың өзінің қарқынымыз,
Біз — заманның өзінің екпініміз!
Бізді тосып тұрса да мың ісіңіз,
Тарылмаған өкпеміз, тынысымыз.
Біз — халықтың қалаулы перзентіміз,
Партияның алаулы інісіміз!
Біздер емес кететін дертке көніп,
Шыныққанбыз дауылда,
Өрт те көріп.
Біз — көсемнің жолынан айнымайтын
Лениншіл жастарымыз сертке берік!
О бастан-ақ парасат, ой дарыған
Біз боламыз жарқын қыз,
Жайдары ұлан.
Біз — жалыннан жаралған жас боламыз.
Біз — комсомол жел ескен айдарынан!
Азамат па елімен бір өспеген!
Ата жаумен алысып тіреспеген!
Біздің кіндік шешеміз — Революция,
Тұсауымыз кесілген күреспенен!
Қара бұлттай қауіптің төнсе мыңы,
Қорғасындай баспайды еңсені мұң.
Тумай жатып айқасқа араласып,
Ер жігіт боп ақтадық ел сенімін.
Біз мергенбіз атқаны тауып тиген.
Қуып шықтық буржуйды сауықты үйден.
Біз ұланбыз:
Басына буденовка,
Кеудесіне кебенек-сауыт киген!
Бұзылғанмен сабындай тынышымыз,
Шынығудай шынықты құрышымыз.
Айқыш-ұйқыш асылып патронташ,
Ұзақ жүрді жарқылдап қылышымыз.
Төгіп жатты әскерін Батыс күнде.
Ұйықтатпады халықты атыс түнде.
Ат үстінде өткізіп балалықты,
Азамат боп ер жеттік ат үстінде!
Біздер ме екен отырған көнейін деп,
Келеді жау келгенде өлейін деп.
Бір қылғытпақ болғанда Антантаңыз,
Тұрып алдық сүйек боп көмейінде!
Қанішерлер ет кесті етімізден,
Қайтпадық біз бірақ та бетімізден.
Азаймадық.
Ажалдың жауған оты
Алып кетіп жатса да шетімізден.
Шапқан кезде дұшпапға андағайлап,
Қалдық талай өлімді аңдамай да!
Өмір қымбат!
Алайда Ел бақыты
Одан гөрі қымбаттау әлдеқайда!
Қызыл қанға боялды ақ армандар —
Келешектен еншісін алармандар.
Ертең өмір сүрсін деп Совет Елі
Бүгін өліп кетеді қаһармандар!
Ақтарам деп архивтен фактіңізді.
Ерліктегі өшпейтін таптым ізді.
«Жарайсың!»— деп
«Ерсің!»— деп,
«Жігітсің!»— деп
Комиссарлар арқадан қақты Бізді.
Кезең еді алдымен оқ ұсынған,
Ер шынығып, ездердің сағы сынған...
Алдаспандай жарқылдап өте шықтық
Алаулаған Азамат соғысынан...
О бастан-ақ естімей жаманатты,
Өзімізді Уақытқа бағалаттық.
Абыроймен тағы бір ақтап бердік
Ленин комсомолы деген атты!
III
Қыс көңілдер жатты ұзақ тоңыменен.
Жібітуді ойладық соны немен.
Бітті Азамат соғысы,
Біздер үшін
Бірақ күрес біткен жоқ оныменен.
Көргеніміз ұлы той көпшілікпен,
Көркейеді қарт орман көк шыбықпен.
Кулактардың қалтасын айналдырып,
Кеусен іздеп,
Күрестік жоқшылықпен.
Қиындық жоқ әйтеуір біз өтпеген.
Суық тиді сан мәрте күз өкпеге.
Айқасудай айқастық аштықпенен,
Күресудей күрестік сүзекпенен.
Айтты деме бұл сөзді астамдықпен,
Айқастарда ерлікті жастан күткен.
Ве-Че-Ка-ға сенімді қолғанат боп,
Көп күрестік қаскүнем қастандықпен.
Тиіскенде дүлейлер қағынып кеп,
Тегеурінді жастығым, бағынып па ең?
Қақырайған мүйізі мен жынын қағып,
Күресудей күрестік тағылықпен!
Келешектен үміткер адам біткен
Комсомолдан қарышты қадам күткен.
Қолымызға шырақ пен қалам алып,
Көп күрестік қараңғы-надандықпен!
Кеуделерді шабытты жыр кеулеген
Тұман заман келіпті бүркеуменен.
Күресудей күрестік мешітпенен,
Күресудей күрестік шіркеуменен!
Сөз айттық та әкең мен шешең күткен,
Жалт қараттық халықты шешендікпен.
Небір жолдар орнына темір жол сап,
Күресудей күрестік мешеулікпен.
О заманым, сен әлі жырлатасың,
Дайындатып Ертеңге құрмет асын.
Талқан қылып ескі өмір қабырғасын,
Жаңа өмірдің қаладық ірге тасын!
О бастан-ақ естімей жаманатты,
Өзімізді Уақытқа бағалаттық.
Абыроймен тағы бір ақтап шықтық
Ленин комсомолы деген атты!
IV
Қолың жетіп табысқа қиырдағы,
Қуанышқа көшкенде күй ырғағы,
Тамылжыған әдемі тыныштықтың
Таңы бізге тағы да бұйырмады.
Қанішерлер қасірет, шер тасыған
Сызбақ болды бізді әлем картасынан.
Аяқталмай басталған өлең-дастан,
Тұтас тіркес үзілді ортасынан.
Қас дұшпанның қашанда қауіпті ойы.
Жетім қалды жастықтың сауық тойы.
Тура келді оқуға соғыс жырын,
Бейбіт күннің жинағын жауып қойып.
Ата жаудың сынады ұрсаң сағы.
Күннен күнге ұлғайды құрсау саны.
Болдық біздер біреуі бес солдаттың —
Жұдырықтың жұмулы бір саусағы.
Бұл сөзіме біреулер дауласа ма,
Жас болсам да атылды жауға сақам.
Жау ішінде қоршауда қалған жігіт
Партизанға айналды қауға сақал.
Көкіректер толғанда кекті ұранға,
Бомба болып жарылмай тек тұрам ба?!
Самолеті өртенген Гастелломыз,
Дұшпан үшін айналды от-қыранға.
Қардай жауған қорғасын түршіктірді,
Бірақ біздің ер Сұлтан ыршып тұрды:
Жүрегі мен билетін шұрық тесіп,
Пулеметін ажалдың тұншықтырды.
Бізді көрсе, дұшпаннан қашады айбар.
Соны неге сезбейді мешеу ойлар?!
Мина болып, өртенген қойма болып,
Ұйықтатпады фашисті Кошевойлар.
Туған кезде басына азап күні,
Қорқыта алмас гестапо тозақ түні.
Дар ағаштың түбінде бір дір етпей
Зоя тұрды өлімді мазақ қылып
Соқпаса деп салқыны шерлі күннің,
Кепкен кезі аз шығар терлігімнің.
Ерлігімнің бір бетін жазса Әлия,
Мәншүк жазды бір бетін ерлігімнің.
Іргесі алыс Ерліктің құр дүбірден,
Шекарада Ел қорғап тұрды іңірден.
Әр ерліктің орыны— бір жарақат,
Әр жарақат орыны — бір-бір орден!
О бастан-ақ естімей жаманатты,
Өзімізді Уақытқа бағалаттық.
Абыроймен тағы да ақтап шықтық
Ленин комсомола деген атты!
Ү
Мен қалайша шарқ ұрып ізденбейін!
Қайдан білем ұшпасам құз деңгейін?!
Біз жетеміз алдымен елсіз жерге,
Ал тіршілік жетеді бізден кейін!
Иықта емес — жүректе зор жүгіміз.
Басталады тағы бір ер жылымыз.
Болады ылғи шап-шағын шатырымыз,
Болады ылғи рюкзак-қоржынымыз.
Елің үшін, жер үшін жан қиықыз.
Қансыраған жолдасқа қан құйыңыз.
Болады ылғи гитара, сырнайымыз,
Болады ылғи бір қоржын ән-күйіміз.
Сұрамаймыз ешкімнен қаржыны Біз.
Менсінбейтін байлықты бар жынымыз.
Болады ылғи көл-көсір күлкіміз де,
Болады ылғи бір қоржын қалжыңымыз.
Біз де Сіздің жемісті бұтағыңбыз,
Алаулайық,
Лапылдап тұтаныңыз!
Болады ылғи ортаймас ойларымыз,
Болады ылғи бір қоржын кітабымыз,
Төлемейміз тиынмен жарнаны біз.
Бір жарнамыз — тау-тасты жарғанымыз,
Болады ылғи сарқылмас сенім-үміт,
Болады ылғи бір қоржын арманымыз!
Арманыңды бірден жұрт аңғара ма?!
Әр сөзімде айтылған мән бар, аға!
Біз келгенбіз осылай Амурға да,
Біз келгенбіз осылай Ангараға!
Мен ырзамын кешіме, таңыма да.
Ерлік сіңген қаныма,
Жаныма да!
Біз келгенбіз осылай КамАЗыңа,
Біз келгенбіз осылай БАМыңа да!
Қиындықсыз қаһарман шыңдала ма?!
Күткен ерлік қызы мен ұлдан ана.
Біз келгенбіз осылай Теміртауға,
Біз келгенбіз осылай Тың далаға!
Үйренгенмін жүлделі жарысыңа,
Ілеспейді тұғырлар қарышыма.
Біз осылай жаңғыртып жердің бетін,
Біз осылай шыққанбыз ғарышыңа!
Мен қалайша шарқ ұрып ізденбейін!
Қайдан білем ұшпасам құз деңгейін?!
Біз жетеміз алдымен елсіз жерге,
Ал тіршілік жетеді бізден кейін!
О бастан-ақ естімей жаманатты,
Өзімізді Уақытқа бағалаттық.
Абыроймен сан рет ақтап шықтық
Ленин комсомолы деген атты!
VI
Назарыңды Ертеңге бұршы, Гүлім!
Мен де өзіңдей заманның бүршігімін.
Елсізге кеп есіңді жимай жатып,
Емтиханнан басталар тіршілігің.
Ерлік үшін тудың ба,
Жаралдың ба?!
Тәуекелге ойланбай бара алдың ба?!
Тапсырады емтихан берген сертің
Туған жерің,
Ата-анаң,
Жар алдында.
Шындық үшін тудың ба,
Жаралдың ба?!
Шімірікпей өлімге бара алдың ба?!
Тапсырады емтихан адалдығың
Ақ сүтіндей ананың ар алдында.
Күрес үшін тудың ба?!
Жаралдың ба?!
Қиындыққа қасқайып бара алдың ба?!
Тапсырады емтихан күш-жігерің
Жел мен дауыл,
Жауын мен қар алдында!
Тас жарады дейді жұрт жас талабы,
Арман үшін қалдырдық астананы...
Басталады осында жаңа тірлік,
Бір хикая осында басталады.
Оқығанбыз ағаның ақ шашынан,
Кейбір ойды босатып жақшасынан.
Бастаймыз біз дастанды үй салудан,
Шынын айтсақ,
Балалар бақшасынан!
Ол — келешек шаһардың іргесі еді.
Жыр менен сыр осында үндеседі.
Еңбек пенен Махаббат түйін салып,
Қаламыз бен баламыз бірге өседі.
Шығар ма екен есіңнен осы күн де!
Шежіре бар сәбидің есімінде.
Вульдозерлер үніне құлақ түріп,
Бөбегіміз қалғиды бесігінде.
Ұрпағынан бір жәрдем сұрап тұрған
Көзін алмай бөбектер қырат-қырдан,
Бесік жырын айтады және алыста,
Еңбек жырын тыңдайды трактордан!
Заман селі баспайды, сірә, кері,
Өркешінде Уақыттың тұрады Ері.
Бесігінде жатады бәрін көріп
Комсомолдың болашақ мұрагері.
О бастан-ақ есітпей жаманатты,
Өзімізді Уақытқа бағалаттық.
Әлі талай ақтаймыз абыроймен
Ленин комсомолы деген атты!
VII
Өмір ұстаз әлі де алда сынар,
Жасық жандар емеспіз жау басынар.
Біздің ғұмыр тұрмайды бір ғасырдан,
Біз — Жастықпыз қартаймас,
Жалғасы бар!
Өмір ұстаз әлі де алда сынар,
Жасық жандар емеспіз жау басынар.
Біздің ғұмыр тұрмайды бір ерліктен
Біз — батырлық қайталар,
Жалғасы бар!
Өмір ұстаз әлі де алда сынар,
Жасық жандар емеспіз жау басынар.
Біздің ғұмыр тұрмайды бір жеңістен,
Біз — жеңіспіз қайталар,
Жалғасы бар!
Өмір ұстаз әлі де алда сынар,
Жасық жандар емеспіз жау басынар.
Біздің ғұмыр тұрмайды бір кітаптан,
Біз — кітаппыз бітпейтін,
Жалғасы бар!
Өмір ұстаз әлі де алда сынар,
Жасық жандар емеспіз жау басынар.
Біздің ғұмыр тұрмайды бір фильмнен,
Біз — фильмбіз бітпейтін,
Жалғасы бар!
О бастан-ақ парасат, ой дарыған
Біз боламыз жарқын қыз,
Жайдары ұлан.
Біз —жалыннан жаралған жас ұрпақпыз,
Біз — комсомол жел ескен айдарынан!



Пікірлер (1)

Жанару

Тым көп сияқты мынауыңыз

Пікір қалдырыңыз

Көрініп тұрмағанмен көзге мінім

  • 0
  • 0

Көрініп тұрмағанмен көзге мінім,
Сыймайды қанша айтсам да сөзге мұңым.
Біреу кеп біреулерді жамандайды,
Өзіме бітпей жүрсе өз көңілім.

Толық

Кеше ғана бала едік

  • 0
  • 0

Кеше ғана бала едік,
Сенесің бе?
Жүрміз қазір қырықтың белесінде,
Жоқ есімде көңілді балалық шақ,

Толық

Калош пен Ботинка

  • 0
  • 0

Көшедегі қою сазды, балшықты
Өте алмайсың секіріп те, аттап та.
Калош кешіп лайсаңды, шалшықты,
Ботинканы тигізбеді батпаққа.

Толық

Қарап көріңіз