Дұшпаныма білемін аласамын
Дұшпаныма білемін аласамын,
Достарыма, биікпін, тамашамын.
Ақиқаты — қазақтың ақын қызы
Қай төріңе қойсаң да жарасамын.
Дұшпаныма білемін аласамын,
Достарыма, биікпін, тамашамын.
Ақиқаты — қазақтың ақын қызы
Қай төріңе қойсаң да жарасамын.
Кім үшін жазғанмын өлеңді
Тұншыға сүзгілеп тереңді!
Жырыммен тербетіп оятам,
Айтам деп ойымды кемелді.
Өкшелеп менің, шырақ, ізім баққан
Сенсіз де жетіп жатыр құрған қақпан...
Сол «сылқым» бұл дүниеде біреу-ақ қой
Өзгесі болса, іздерсің басқа жақтан.
Неге өспейміз, бауырым, білесің бе!
Пәтуәміз озбайды күресіннен.
Тұлпар топқа түскенде жабы қосып
Жарбаңдауды берген ғой үлесіңе.
Сен сынды шоқпарым жоқ қолда сайлы,
Тобым жоқ, мені ешкім қолдамайды.
Япыр-ау жүз жасай ма мына құзғын
Деп мені ешбір пенде қарғамайды.
Дүние-ай, ой жетпесті көз көреді,
Кездейсоқ қиракезік кез келеді.
Жанында жақсы дос боп жүрген жандар
Қас болып аяқ асты өзгереді.
Бөтендей бір, біліспеген тосындай...
Ең арысы жиында да осындай
Ұлы-қызы қазекеңнің бүйректей
Бөлінумен жүр бастары қосылмай.
Жақсының қашанда жауы көп,
Сондықтан басында дауы көп.
Күншілдер, жарамсақ, жағымпаз
Шеп құрып жабылар қауым боп.
Наз айтасың ақтарылып,
Дұшпан күліп, дос тыңдайды.
Ой туындап, жүрек баурап,
Көктей қаулап еш тынбайды.
Халық мәтел қалт айтпайды.
Тек мәніне жету бар.
Адамдыққа, адалдыққа
Азбас басшы ету бар.
О, адамдар. жүрегі, жаны ғажап,
Ізгілікпен андарды да емдеп жазад!
Тағыны да аяйсың, өз бауырыңа
Ұсынарың жаным-ау, неге азап?
Айтыстың, аянбадың,
Айтшы не өндіре алдың?
Жамандап жаныңды салдың,
Кімді оған сендіре алдың?
Көріп жүрсің жанымда
Алаулаған шоқ барын.
Бірақ сенің сілтеген
Бола алмаймын шоқпарың.
Шүкіршілік, атамай ерке қатын.
«Еркек қатын» әйгілеп берген атың.
Әйел болып тұрып-ақ қабылдайын
Өзің берсең мойындап еркек атын.
Мұңсыз жан жаралмас та,
Адамнан адам басқа.
Көк жойқын теңіз-көлшік,
Көңілі, көзі ашқа.
Қиындық жоқ өмірде мен көрмеген,
Бірін жеңсем, біріне мән бермегем.
Үгітілмей, жаншылмай, қара тас боп
Қатқан талай ауырға әл келмеген.
Талықсыды, талды әбден ел ана,
Қинады дер болсаңыздар не ғана:
Жөргегінде үзілер ме жұлыны
Дүниеге келмей жатып «Невада!»
Оралды наурыз араңа
Жақсылық басы сана да,
Мәнісін, жұртым, сарала,
Қосылар көп нәр санаңа.
Малға да, малы барға бас ұрмаған,
Кедейлік қасіретіне жасымаған.
Өмірге өзі шашу болып келіп,
Шашу боп өткен қандай асыл анам!
Япыр-ай, қаскөй тағдыр-ай,
Қандай еді салмағың.
Алысып бақтым,
Деп саған көнсем бе?
Әйел дейсің осалсынып,
Көңілің жұбап құр алдайсың.
Өзің және сол әйелсіз,
Бір күн өмір сүре алмайсың.
Алаулап аппақ сәулесі шайып маңайды,
Батар күннің арайы қызыл тарайды
Біртіндеп күрең көлеңке жапқан қою түн,
Ақтанды күтеді ағарып атқан арайлы.
Еркелеп, еркін жүріп жыр елінде,
Мұңлының шырақ жаққан жүрегінде.
Көксейсің күндеріңді қайран көңіл,
Ойлама оралмасты құр егілме.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі