Сәулем-ай /1-нұсқа/
Айдап салдым жылқымды ақ қауданға,
Жабағы арық, тай семіз көп сауғанға, сәулем-ай.
Қуанғаннан жүрегім от боп жанар,
Ақ білегің сыбанып қой сауғанға, сәулем-ай.
Айдап салдым жылқымды ақ қауданға,
Жабағы арық, тай семіз көп сауғанға, сәулем-ай.
Қуанғаннан жүрегім от боп жанар,
Ақ білегің сыбанып қой сауғанға, сәулем-ай.
Біздің ауыл, сұрасаң, Белтұрғанда,
Биік ағаш солқылдар жел тұрғанда.
Күн мен айын басқаның мен қайтейін,
Тал шыбықтай солқылдап сен тұрғанда.
Біздің ауыл текшенің етегінде,
Ерте шықсам аулыңа жетемін бе?
Ақ тамақтан емінте бір иіскетсең,
Айналақтап аулыңнан кетемін бе?
Сағыныш сазы сен едің,
Ғашықтың бірі мен едім.
Армандай асыл ақ гүлім,
Өзіңді аңсап келемін.
Па, шіркін, осылай ма еді айтқан сертің,
Бірдей деп ойлаушы едім ақыл-көркің.
Мінезің арқандаулы ат секілді,
Биікке сермегенмен жетпейді еркін.
Раушан атқан таңның жарығындай,
Өткір тіл Дағыстанның шарығындай.
Жауапқа қалап айтқан тілім тәтті,
Кәусардың ағып жатқан арығындай.
Дүние өте шығар құрдай пырлап,
Өтпейді-ау өтерінде, сірә, жарлап.
Екеуің, ойланшы өзің,
Бірге өскен кішкенеден құрбым едің.
Өлең айтқым келмейді ерінгеннен,
Бойым байсал тартады керілгеннен.
Көтеріңкі көңілім тарта бастар,
Қалқатайдың аулы көрінгеннен.
Айттым сәлем Мақпалға шын зерек деп,
Өзгеден, топтан затың бөлек деп.
Көйлекті көк атылас серпе тастап,
Алдымнан Мақпал шықса: “Сіз керек,” – деп.
Хал қайда мен дұшпанмен алысарға,
Ат қайда жүйрікпенен жарысарға?
Жайлауға ел қондырып, қой қоздатып,
Күн қайда Мақпалмен табысарға!
Жігітке қисық қылық мінменен тең,
Жараспас жас бойына сынменен тең.
Надан бар көңілі қара, қолы сараң,
Қараңғы жүрегі оның түнменен тең.
Жаз шықса, құрт-құмырсқа жыбырласып,
Тірілер өлген дене қимылдасып.
Қарулы, өзі жылпың бозбалалар
Ел көшсе, жүк артысар қом қомдасып.
Жас күнің таң болады қартайғанда,
Жан достың суысады мал тайғанда.
Көзіңе өткен күнің елестейді,
Алладан уақыт бітіп жантайғанда.
Қыз емес, қыздың аты – қызыл бидай,
Қыз үшін түнде жүрдім көңілін қимай,
Қалмады баста бөрік, белде белбеу,
Жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай.
Қызық-ты бұл дүниенің қадірін білсең,
Түрлентіп орныменен қадірлесең.
Қадірлес жолдас-жора, достарыңмен
Бірлесіп, тізе қосып ойнап-күлсең.
Құдай-ау, ұл етпедің, қыз еткенің,
Қайғы мен уайымнан құр етпедің.
Сарғайып күні бұрын жүрсем-дағы,
Арманға көңіл, шіркін, бір жетпедім.
Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Табиғат берген екен күн мен айын.
Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,
Дариға арманым көп не қылайын.
Қоңыр қаз көл жағалап қаңқылдаған,
Тізіліп көлге қонып салқындаған.
Көңілді басылыңқы оятқандай,
Әнге сал “Қоңыр қаздай” саңқылдаған.
Ғажап көп жер мен көктің арасында,
Біреу бай, біреу жарлы дүниясында.
Құдайым сауысқанға берсе бақыт,
Самұрық қызмет етер саясында.
Көк шығып, жердің жүзі жайнағанда,
Басына бұлбұл қонып сайрағанда.
Қойдан қатық, сиырдан айран ұйытып,
Тыста құрт, үйде ірімшік қайнағанда.
Аспанда түн қараңғы ай болмаса,
Ауырмас ер жүрегі қайғырмаса.
Бәйгеден ат та арманда шаба алмаса,
Топта сөз біз де арманда таба алмаса.
“Қисмет” жаралған жоқ бекер текке,
Шырқалса, көтерілер аспан көкке.
Қалықтап, жерге қонбай тұрып алар,
Шашқандай ән маржанын төңірекке.
Қисмет бір қызық ән тамашалы,
Естуге ел құмар боп таласады.
Бір өрлеп, бір еңістеп, бір бұлтарып,
Қиялап, орғып ойнап қыр асады.
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі