Емес пе бәрі бірдей...
Көз жұмсаң ұмыт қалар пенделігің,
Емес пе бәрі бірдей көрдегінің.
Жақсының босағада бағасы кем,
Барлығы бекзат емес төрдегінің.
Көз жұмсаң ұмыт қалар пенделігің,
Емес пе бәрі бірдей көрдегінің.
Жақсының босағада бағасы кем,
Барлығы бекзат емес төрдегінің.
Тышқан аңдыған түлкі қулықтың
Құлағы қайда селтимес.
Күрсініп іштен, неге мұң жұттың,
Үмітім менің жел тимес?
Майысқанда бұғанаң, қайысқанда қабырғаң,
Өлген досың үн қатып жататындай қабырдан.
Алақтайсың аспанға, далақтайсың далаға,
Бөркіңді ала қашқанда ала құйын қағынған.
Дүр етіп көтерілсе көлдің құсы,
Қанатын кері тебер желдің күші.
Алмасып аласұрған көк толқынның
Жартасқа маңдай соғар алдыңғысы.
Жалғасқан дүние, алмасқан өмір,
Сырыңды қойдым ұға алмай.
Құлазыр кейде марғасқа көңіл,
Құдыққа түскен құландай.
Байқаймын, бір биіктеу белге шықтым,
Мүмкін, мен жетер жерге сәл кешіктім.
Іздейді сол баяғы сәбижүрек
Ырғағын әлдилеген талбесіктің.
Лезде лаулап жанатындай,
Жаным менің төкті зар.
Үлбіреген қанатындай
Көбелектің от құмар.
Жүзім қайтып тасқа шапқан қылыштай,
Жамырайды ойым ойға жұғыспай.
Құлағыма шыңылдайды бір әуен,
Шыңыраудың түбіндегі дыбыстай.
Топырағың торқа болсын, өлген сөз бен өлген ой,
Әуел бастан тағдыр жазған орның сенің көрде ғой.
Тіршіліктің тік қазығы қызыл тілге мызғымас,
Жанталасып жармасқанмен бұл фәниге пенде өгей.
Сайрашы тамылжытып, таң бұлбұлы,
Бірауық жеңілдесін тағдыр жүгі.
Үніңмен үмітімді жалғай тұршы,
Үлбіреп үзілгенше жанның гүлі.
Тамылжыған жазғы бақта бұлбұлдарды сайратып,
Тұрушы едің аспанымда жұлдыздарды жайнатып,
Көптен бері маған соқпай, қайда жүрсің, ей, Бақыт?
Сайрандатып, думандатып, таңға дейін тойлатып,
Зуылдап жеткізбейсің, желмая күн,
Ентелеп қуақуа талды аяғым.
Өкпелеп қашып бара жатқандайсың,
Япырау, сенен осы немді аядым?
«Қараймын көкшіл далаға,
Толқимын іштей, ойланам.
Ұлы ғой Кавказ, жан аға,
Өзіңе жету қайда оған!»
Адастырған аспанның ашығында,
Балалық шақ, қайдасың, жасырынба!
Байқамаппын бақыттың өзі екенін
Тепкен добым, ойнаған асығым да.
Айналайын, бата берме мұңға құр,
Іздегенің алыста емес, мұнда жүр.
Бақыт деген басы жұмыр пенденің
Маңдайына бұйырады мың да бір.
Бұлдыраған нәзік сәуле, арасынан мұнардың,
Көк пен жерді жалғап тұрған құдіретіңе құмармын.
Көз жұмғанша шұрықтесік көңілімнің жыртығын
Сенің алтын жібіңменен жамайтұғын шығармын.
Ұлы таулар, тебірен, жата бермей шалқалап,
Ұлы дала рухына басын иді шартарап.
Тәңірінің біздерге көктен түскен сыйындай,
Көктас көшіп келеді тарихымды арқалап.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі