Тамыр
«Тамыр» деймін, тамыры бар жыр атын,
Тоғыстырып арман үміт, мұратын,
Кіші-гірім ұқсап шулы вокзалға,
Мен туған үй жол үстінде тұратын...
Өсіп-өнген өмір барда ұран бар,
Ұрандардан ұлы болсаң сыр аңғар.
Шырқау көктен шырқау шыңға соғылып,
Қыс айында өледі екен қырандар!
Тағдырымен елімнің туыс далам,
Қабатында ғасырдың тыныстаған,
Түртіп қалсаң әр сайдан, әр төбеден
Түрегеліп кетердей қылышты адам.
Қаламыңды қолыңа ал, бол, тұр, ақын,
Шағың сенің қырандай шарқ ұратын.
Қиялыңа қанат боп қозғау салар
Ыстық сезім, бойдағы салқын ақыл...
Мен кетермін, соңымда бәрі қалар,
Сөз кезегін тағы бір дарын алар.
Шыңырауға түскен бір жарықтай боп,
Тау аңғарын тас бұлақ жарып ағар.
Қайтемін бақыт сұрап бақыттыдан,
Барлығын бүріп түсер уақыт қыран.
Жанымды қамшылап бір қарыздарым,
Шошынып төсегімнен атып тұрам.
Өмір деген бұтақты зор қарағай,
Асығады құшуға таңдағы арай.
Бір жапырақ тартады көкке қарай,
Бір жапырақ тартады жерге қарай!..
Ерттеп бір мінгендей-ақ шабыт желін,
Басылар әр қияға барып көңіл.
Оқталған зұлымдыққа от жүрегім
Шығардай көкірегімді жарып менің.
Кім қарап жұмбақ сырды білген оңай,
Ойнатқан сәби күлкі күннен арай.
Жер-ана көзіндей боп, өзіндей боп,
Келдің сен, ескі бесік, мұнда қалай?
Өмірде ұмытпаспын мына түнді,
Жүректен жанартаудай жыр атылды.
Ұйқымнан неге ояндым деп өкіндім,
Түсімде көріп бүгін ұлы ақынды...
Өмір тұрмас басымда, сірә, мәңгі,
Бір күнімнен бір күнім сынақ алды.
Жылатпай бер, не берсең, ей, туған ел,
Сұратпай бер, берсең бір сыбағамды.
Түпсіз аспан қабағымен тұнжырап,
Бұтақтары бір түзеліп, бір құлап,
Жылмен келер жоқтап әнші бұлбұлын,
Жел өтінде жалғыз қайың тұр жылап.
Аспанында қалқып ұшқан жас қыран,
Аспанында қалқып ұшқан жастық ән,
Шалқар дария табылыпты бір теңіз,
Мен шыр етіп туған жердің астынан.
Ер жігіт өсіреді жапанға гүл,
Ойлайтын кезің келді Отан қамын.
Парызын өтеу үшін туған елдің,
Барасың, балам, күткен сапарға бұл.
Қуанамын көгімде аман тұрса күн,
Көзін ашқан еске түсіп гүл шағым.
Құрсағымнан шыққан балам кешегі
Кезіп жүр кең дүниенің құрсағын.
Анаң сенің болады қатал қашан,
Ант берерсің күніне Отанға сан.
Мазам кетіп бір түрлі алаңдаймын,
Аптасына бір рет хат алмасам.
Аңсарың күмбірлі күй болды мәңгі,
Әніңмен оятушы ең қалғығанды.
«Сағындым туған жердің сырлы әуезін
Сал, – депсің, – кешіктірмей домбырамды...»
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі