Қамидан
Өлген соң арыстаннан тышқан артық,
Ақылсыз, ақымақ достан а-ай, дұшпан артық.
Қолына кей наданның түссе алтын,
Жасытар бабын таппай, а-ай, мыстан артық.
Қаратау басың биік тақиядай,
Көш өтсе көкорайды жапырады-ай.
Білімге әл келгенше таласыңдар,
Кейінде қалып жүрме қапиада-ай.
Бір балық, су ішінде қара балық,
Дауысым шыға алмайды, а-әй, қараңғалып.
Азырақ алдарыңда ән салайын,
Қалмасам былтырғымнан, а-әй, биыл танып.
Бір балық, су ішінде, қара балық,
Келемін дүние танып сабақ алып.
Азырақ алдыңызда ән салайын,
Қалмасам былтырғымнан биыл танып.
Жылқымды айдап салдым теріскейге,
Мал, шіркін, бақпай қойсам, өрістей ме?
Саңлақты жылқы ішінен ұстап мініп,
Ән салсам, осылайша, келіспей ме?
Ей, қалқа, хат жазамын ынта беріп,
Дос болар әркім сөзге тұрса берік-ай!
Жеріңе пәлен деген барар едім,
Аңдушы алты кісі тұрса келіп-ай!
Қоянды шалмай алар қара қаншық,
Сұңқарға жем тілеген болар талшық.
Жігітке нелер кетіп, нелер кетпес,
Сыртым су болып жүрмін, баурым балшық.
Деген соң қара нарша, қара нарша,
Қоймайды қара нарша, таудан арша.
Аршаны әкелуші ем таудан сүйреп, ей, ахау-ай,
Аршаны үйіп қойып, жұрт тұрғанша-ай.
Ей, қалқа, сендей болсын жанға серік,
Ішің дос, сыртың суық, дәтің берік, ә, сәулем-ай!
Ақ иық көктен төніп түйіліп жүр,
Түсірмей не себептен жүрсің көріп, ә, сәулем-ай!
Айналайын көзіңнің-ау қарасынан,
Нұр көремін жалт еткен шарасынан.
Күндіз-түні қасыңнан кетпес едім,
Мен қорқамын дұшпанның жаласынан.
Қолыма бір қамшым бар алтындаған-ай,
Кей жаман ұстай алмай қалтылдаған-ай.
Өзіңді бір көрмесем тұра алмаймын-ай,
Көзіңнен айналайын жалтылдаған-ау.
Құдай-ау құдыретіңе таң қаламын,
Жолында бір ғашықтың зарланамын.
Ішімді ғашық оты-ай күйдіреді-ау,
Сыртыма шығаруға арланамын-ай.
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі