Өлең, жыр, ақындар


Бір кісі бар дүниеде,
Шемішке шағып тұрады.
Бұл кісіден әр уақыт
Әркім мезгіл сұрады.

Сағат



Өмірді өлшейді,
Ешкімнен сұрамай.
Тіліңді алмайды,
Тетігін бұрамай.

Сағат



Келгенде күн төбеге болады түс,
Кезегін ұмытады жаз бенен қыс.
Күніне он екі айлық жол жүреді,
Өзінің қанаты бар, бір жансыз құс.

Сағат



Бір нәрсе күндіз-түні шыр айналған,
Есебін оның айтқан кім ойлаған.
Қарайды анда-санда аузын ашып,
Жаңылмас есебінен қара басып.
Мойнында бір құлаштай шынжыры бар,
Жүреді адамзатпен араласып.

Сағат



Дегенде алпыс бұтақ, алпыс бұтақ,
Бір бұтақта бар екен алпыс жапырақ.
Өзі жансыз, жандыдай қызметі бар,
Үлкендігі түйенің көзіндей-ақ.

Сағат



Өзінен өзі айналған бір диірмен,
Көрінеді әр парасы бір бүйірден.
Қылдан нәзік ішінде бір жібі бар,
Қолы епті екен, шіркін-ай, кім иірген?

Сағат



Мен көрдім күн шығыстан бір диірмен,
Түс болса тұрады екен оң бүйірден.
Ішінде қылдан нәзік бір жібі бар,
Ол жіпті қолы епті, кім иірген.

Сағат



Желсіз, сусыз айналған бір диірмен,
Шыққан күннен айналып бірдей жүрген.
Қылдан нәзік мойнында бір бауы бар,
Ақылың жетік данасың ойлап білген.

Сағат



Бір нәрсе дөңгелейді шыр айналып,
Келеді бір жеріне қайта айналып,
Қызықты мұндай нәрсе бола ма екен,
Отырар оны көрсе ер жайланып.

Сағат



Үйрегім бар еді үйде үш жүз алпыс,
Мұнша үйректі санап алу елдің салты.
Күніне бір үйрегім жоғалады,
Айтшы сен сол үйректі кім алады?

Күнтізбе



Жабысқан жар бетінде көрдім бір зат,
Ай, жұлдыз,күн мен түнді тұрар санап.
Жанында шешен де бар, көсем де бар,
Мүшесі үш жүз алпыс алты қабат.

Күнтізбе



Үш бірдей бағып жүрмін арғымақты,
Біреуі біреуінен қарғымапты.
Үш бірдей үшеуінен қаққан қазық,
Біреуі біреуінен тар болмапты.

Таңертен, түс, кеш



Бірі - ақ, бірі - оның туған қара,
Отыздан он екі рет өскен дара.
Үш жүз алпыс әрбірінің серігі бар,
Жұп қылып бөліп алған екеу ара.

Күн,түн,он екі ай,әр айдағы отыз күн



Баяғыда болыпты екі патша,
Бірі қуып бара жатса, бірі қашса,
Артында он екіден баласы бар,
Үш жүз алпыстан болады тұқым шашса.

Күн мен ай,он екі ай - үш жүз алпыс



Алдымен қара тұлпар озық келер,
Арғымақ мойнын созып кейін келер,
Соңынан боз арғымақ басып озып,
Айналып бірін-бірі жүре берер.

Түн, таң, күн



Жаралған бұл дүниеде екі қақпақ,
Мезгілімен ашылып және жаппақ.
Болғанда бірі қара, екіншісі -
Күмістей жарқыраған сүттен де аппақ.

Күн, түн



Бір ұяда жеті жұмыртқа.

Апта



Бір адамға он екі егіз,
Бір егізде біреусіз сегіз.

Ай мен апта



Шілдедей шуақ күні бар,
Бұлбұлдайын үні бар.
Көк шалғыны құлпырған,
Масатыдай түрі бар.
Қызықтырған адамды,
Неше түрлі гүлі бар.

Мамыр айы



Екі үлкен нар көрдім,
Бірінің жақсы нұры бар,
Бірінің жаман түрі бар,
Арасында үзілмес бұйда жібі бар.

Жаз бен қыс