Аңшылықты кәсіп қылған екі ағайынды жігіт әлдебір себеппен елден кетіп, бір таудың шатқалын мекендейді. Күндердің бір күнінде екеуі екі қырқада аң аулап жүргенде, ағасы бір құлан атып алады. Атып алған құланның етін қапқа салып, терісін күнге дегдітіп отырғанда аспанды аяқ астынан бұлт торлап, қалың нөсер бұршақ құйып кетеді. Аңшы құлан терісін тастың бір қуысына күркелеп, соны паналауға мәжбүр
болады. Міне, осы бір шақта, бір қырқаға шыға келген інісінің көз ұшында құлан көсіліп жатқандай болады. Ойланбастан садақ тартқан інісі, құланды бауыздап ала қояйын деп келсе, өліп жатқан өзінің ағасы болып шығады. Ағасын келмеске жөнелткен бейбақ ауыр қайғыға душар болып, еңіреп жүріп, ағасын арқалап қосына қайтады. Бірден қосқа әкелуге батылы бармай, сүйекті жақын бір жерге жайғастырып, ағасы ның
қосына келеді. Алдынан шыққан жеңгесі қайнысын қаннен-қаперсіз қарсы алады. «Кешіктіңдер ғой, ағаң қайда?» деген сұраққа, қайнысы айтарға жауап таппай, жоқ сылтау айтып қосына кіреді. Сол кезде керегеде тұрған қоңыр домбыра қолына түсіп, бір мұңды күй шертеді. Сезімтал жеңгесі: «ойпырым-ай! Мына күйің бұрын-соңды естілмеген зар ғой! Сен не сұмдықты бастап отырсың! Осы, ағаңнан айырылып қалып отырғаннан саумысың?» — депті. Сонда аңшының қолынан домбыра түсіп кеткен екен деп аңыз қылады.
Айша
қызық
Бекзат
Аңшының зары - Қазақ ауыз әдебиеті