Бұланжігіт басында күйші емес екен. Ол талапты, батыр боламын, елді жаудан қорғаймын деген ойы бар жігерлі жас жігіт екен.
Бір кезде Абылай хан қалмақтан барымта алдыруға батырларды жинап, екі жүздей кісіні іріктеп, ауылдың сыртындағы дөңде кеңес құрып отырады. Сол кезде, жиырма жас шамасында Бұланжігіт Абылайға келіп, осы жорыққа баруына рұқсат сұрайды. Абылай рұқсат етеді.
Аздан соң, ауылдан желек бүркенген бір жас келіншек шығып, отырған топтың шетіне таяп келеді. Оны көрген Абылай келіншектің айтатын арызы бар шығар деп біреуді жібереді. Келіншек жіберген кісісі арқылы Абылайға арызын айтады:
— Ханға айтыңыз: осы жолға Бұланжігітті жібермесін, егер жіберсе, ол аман қайтпайды, мерт болады. Мен ол туралы жаман түс көрдім, менің тілімді алмай кетті, — деп келіншек қайтып кетеді.
Ол Бұланжігіттің сол жылы түскен келіншегі екен. Хабаршы келіншектің арызын айтып келген соң, Абылай Бұланжігітке:
— Осы жолға сен бармай-ақ қой, кейінгі жорықта барарсың,— дейді.
Бұланжігіт әйелдің тілін алып, «желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан, кезенген жолдан» қалғанымнан өлгенім артық деп, көнбей, сол қолмен бірге аттанып кетеді.
Батырлар Алатаудың асып, қолмақтың жылқысына қас қарая тиіп, айдап шығады. Алдарына салып алған жылқыны айдаушыларға қудырып жіберіп, іріктеліп бірнеше батырлар арттарынан келе жатқан қуғыншыларды бөгеуге қалады. Сол тосқауылшылардың ішінде Бұланжігіт те болады. Бұлар қуғын шылардың беттерін басқа жаққа бұрмақ болып, бытырай әр жаққа бет алып, қаша соғысып жүргенде, асу аузындағы қазылған орға кез келіп, Бұланжігіт орға түсіп қалады. Басқалары жылқыны алып, құтылып кетеді.
Бұланжігітті қалмақтар байлап алып, ханға әкеп тапсырады. Бұланжігітті аяғына кісен салып, түнде керегеге керіп байлап, күндіз кісенімен бие сауғыздырып, құдық аршыттырып, су тасыттырып қояды. Абылай артынан іздетпей, Бұланжігіт бір жыл қалмақ қолында азапта болады.
Қалмақтың ханының Қаракөзайым деген бір сұлу, есті қызы бар екен. Бір күні Қаракөзайым қолға түскен қазақтың батырын көрейін деп келсе, ыстықта Бұланжігіт кісенімен жүріп, бие сауғызып, асау құлындармен алысып жүр екен. Бір жыл бейнет көргеніне қажып, жасымай жүргеніне таңырқап, әрі жастыға жаны ашып, әрі сүйіп аяйды.
Түн болғанда керегеге таңулы тұрған Бұланжігітке қыз келіп: «Сені босатсам қайтер едің?» — дейді. Бұланжігіт: «Бос кетпей, еліңнен жылқы алып кетер едім», — дейді. Қыз: «Жылқы алсаң және қолға түсесің, өйткені екі ел әлі барымта қайтарысқан жоқ. Сондықтан ел арасында қарауыл бар. Мен сені босатайын, астыңа ат берейін, жылқы алмай, жамбызбалап еліңе қайт. Жігіт болсаң, бір іздеп табарсың», — дейді.
Сөйтіп, қыз Бұланжігітті босатып, белдеудегі суытып қойған бір бәйге атты әкеп беріп, амандасып қала береді. Содан Бұланжігіт қыздың айтқанын істеп, көзге түспей, шекарадан өтеді. Бұл ел жайлаудан жаңа қайтқан кез болады. Бұланжігіт ессіз жайлаудағы ата-бабаларының молаларына келіп дұға етіп отырғанда, бір жас қабырға, ол қабырдың басына шаншылған қарқараға көзі түседі. Ол өзінің келіншегінің қарқарасы екенін таниды. Сол жерде оның көңлі босайды. Келіншегінің жорыққа барма дегені, келіншегін жақсы көретіні, қолға түсіп азап шеккені, артынан Абылайдың іздетпеуі ұласып келіп, одан бір зар шығарады. Моланың басында зарлай отырады. Сол зарын мұңлы үнмен сарын етіп шығарады. Сөйтіп, Бұланжігіт батырлықты тастап, сыбызғышы-күйші болған екен. «Бұланжігіт күйі» деген сондағы әйелі қойылған қабырдың басында айтқан зары екен деп, домбырашылар тартатын еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі