Эссе және өлең-жыр байқауы

Желтоқсанның алғашқы жеңімпазы

Осымен bilim–all.kz және bilimland.kz сайттары ұйымдастырып отырған эссе және өлең-жыр байқауының төртінші айы басталды. Дарынды жастардың шығармашылық жұмыстарының толастамай келіп түсуі көңіл қуантпай қоймайды. Себебі бұл дегеніміз — өскелең ұрпақтың көкірегі ояу, көзі ашық екенін білдірсе керек. Болашағынан жарқын үміт күттірер жалынды жастардың қатарының арта түсуіне осы сынды шаралар демеу боларына сенеріміз мол.

Ал желтоқсан айының алғашқы жеңімпазы — Құралай Жылтықаева атанып отыр. Оның жариялаған жұмысының тақырыбы «Таудағы қыз» деп аталады.

Осы апта қорытындысы бойынша үздік деп танылған туындыны назарларыңызға ұсынамыз:

Таудағы қыз

- Таудағы қызды көрдің бе? Таудағы қызды танисың ба? Таудағы қыз бар емес пе...-деген кішкентай Көркемнің таусыз ауылдағы қайдағы тауды айтып, қайдағы тау қызын айтатынын ешқайсымыз түсінбесек те, қайта-қайта қайталанып мезі еткен сұрағына "иə,жоқ" деп  жауап бере салушы едік. Көркем көкек айында төртке келгенмен, ойы тым жүйрік айтқанды бірден ұғып алатын, һəм өзі де көп нəрсені ойлай алатын пысық қыз. Өзінен екі-үш жастай үлкен екі ағасының қасында жүріп, əрі солармен ілесіп, ұлдардың арасында жалғыз қыз болып, ұлдарша ойнап  үйреніп кеткендікткен болар өзін кейде ұлдарға ұқсатып, солардың істеген қылығын қайталауға əуес. Топыраққа аунап дала ойынына тойып, кеш бата үйге кірісімен, үйдегі қос ағасына ұрынуға көшеді. Қашан көрсең де, үшеуінің бірін-бірі қуалап, бір-бірімен алысып-жұлысып ойнап жүргені. Осыдан бір айдай бұрын салынып біткелі ұзақ тұрып қалған үйге жаңа көршілеріміз көшіп келді. Жаңа көршілермен танысуды үлгертпей   қайғылы хабар қара бұлттай үйіріле қалды. Көршіміздің жеті жасар ұлы қаза болғанын естігенде жағамызды ұстадық. Расында да,адам шошырық жағдай, оның үстіне, балаға не болғаны да белгісіз. Бұл бір жұмбақ, əрі тылсым оқиға... Арада өткен біраз күндерден кейін ойнап жүрген балалардың аузынан "қайтыс болған бала..."  деп айтылып жүрген сөзді естіп, не дерімді білмедім. Ауыл балалары ойнайтын, жаңа үйдің дəл жанында улкен үйулі тұрған саз бар болатын. Баласын іздеген əр ана іздегенін осыннан табады. Бір күні Көркем мен екі ағасы - Бек пен Əлиді іздеп мен де осы үйулі тұрған сазға келдім. Сазда отырған тағы бір қызды көріп таң қалдым: себебі мұнда Көркемнен басқа қыз болмаушы еді. Қыздарға жақындай түстім. Байқасам, қолдарындағы ойыншық ыдыстармен, саздан балшық жасап, оны қамырша илеп, тіпті, балшықты алақандарымен дөңгелетіп котлеттерін де жасап, бір-бірімен күресіп, жүгіріп жарысып жүрген ұлдардан оқшауланып, таудай болып үйілген саздың етегінде отырған  екеуіне сүйсіне қарап біраз тұрдым.    

- Шəй шешиз бе? - деді Көркемнің қасында отырған, маған бейтаныс кішкентай қыз.       

- Ішемін,- дедім мен, періштедей аппақ жүзіне зер салайын деп тізе бүктім. Көркем екеуі дереу ыдысқа құм толтырып маған ұсынды. Кіп-кішкентай үш-төрт шамалас қыздың екі шекесіне тағылған алтындай бұйра, жылтыр-сары шашы қозғалғанда, көздің жауын алып тұр. Жарқыраған аппақ жүзі де, жылтыраған алтын түстес шашы да айналасына сəуле шашып тұрғандай.                                                    

-   Кімнің қызысың? Қайда тұрасың? Атың кім? - дедім, Көркемнің  жаңа досымен танысу үшін, оған сұрақтарды жаудыра түсіп. Əлгі қыз ботадай көздерін менің көзіме қаратып, енді-енді жауап қатқалы жатыр еді, арт жақтан ұлдың дауысы естілді:      

- "Қайтыс болған баланың" қарындасы,-деді ойнап жүріп сұрағымды естіп қалған бір кішкентай бала. Жүрегім су ете түсті.      

- Тəйт, олай айтпаңдар!..-деп жатырғаным сол еді, балалар қайтадан жүгіріп,асау арғымақтарша жүйіткіп саздың арғы бетіне қарай шаңдатып жарыса жөнелді.      

-  Атым - Айзере, мына үйде тұйамын,- деп дəл іргедегі  өзінің үйін нұсқады.

- Менің ағам қайтыс болған жоқ,- деді ол нəзік дауыспен сөзін жалғап,- ол тек мына тауға мініп, аспанға шығып түсе алмай қалды. Ейтең мен де өскесін, өймелеп, аспанға шығып ағамды алып келем. Оған шəй бейем, катлит бейем,- кішкентай төрт жасар қыздан осындай нəрсе естимін деп ойламаған мен аңтарылып қалдым. Айтуға аузыма сөз де түспеді. Көркемнің тау деп жүргені осы саз екенін, оны қос құрбының кіп- кішкетай көздері алып таудай көретінін, "таудағы қыздың" кім екенін дəл осы сəтте ұқтым. Қыздармен біраз шүйіркелесіп шəй ішіп, котлеттерінен дəм татқаннан кейін, Айзеренің ерекше əңгімесін арқалап, балаларды жетектеп үйге қайттым. Айзере мен Көркем шын құрбыларға айналып, үнемі бірге ойнап, бірге жүріп,  саздан, жапырақтан  əр түрлі тағамдар жасауды əдетке айналдырды. Көркемнің, өзіне дос тауып, қыздарша ойнағаны бізді шын қуантты. Біраз күндей үйдің қасынан трактор кетпей қойды. Оның не қылып жүргеніне онша бас қатыра қоймадым. Бір күні кешке балалар əдеттегідей ойыннан қайтқанда, неге екені белгісіз аяғым мені саздан жасалған тауға қарай жетелеп апарды.  Бірақ... Тау жоқ... Трактордың бірнеше күннен бері не үшін дыр-дыр етіп айналшықтап кетпей қойғаны түсінікті болды. Сазды жерге жайып, тауды тегістеп тастапты. Сазға жақындай түсіп едім, көзіме шырақтай жарқыраған бір нəрсе жарқ ете қалды. Айзере екен. Саздың дəл ортасында отырып, басын шалқайта енді-енді жымың қаққан жұлдыздарға қарайды. Кешкі самал қыздың алтындай бұйра шаштарын қызық көргендей, желбіретіп ойнап тұрғандай. Айзере артынан қарап тұрған мені байқамады.  - Аға... Ағатай... Аға, мен саған енді қалай байам, тауды білеу алып кетіпті... Сен маған жұлдыздалдан моншақ жасап бейем деуші едің ғой, маған моншақ кейек емес, өтінем, жерге түсші, мен сені ұстап алам, ағатай! Аспанға телміре, ағасына өтініп, жылап отырған таудағы қыз мені де жылатты. Жаным түршігіп кетті. Сөйтсе, таудағы қыз ағасын, өзіне жұлдыздан моншақ жасап беру үшін тауға өрмелеп аспанға шығып кетті деп ойлап жүр екен. Ағасын қатты жақсы көретін таудағы қыздың нəп-нəзік жүрегіне батпандай зіл етіп ағасының енді аспаннан түспейтінін қалай ғана айта алар едің...

(Автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған)

Жеңімпазды құттықтаймыз!

Сыйлықты алу үшін bilimland.kz сайтымен байланысуыңызды сұраймыз!

Ескерту! Құрметті қатысушылар, өлең енгізу барысында, ілмектер өрісіне bilim2019 ілмегін (қатесіз, тырнақшасыз, пробелсіз) міндетті түрде қосыңыздар (кері жағдайда сайысқа қатыспады деп есептеледі.)! Ілмек үтір арқылы қойылады. Мысалы: bilim2019, туған жер, ел, ... деп. Одан бөлек, авторы деген ұяшықты бос қалдырып, авторы өзім дегенді де (жазудың үстіне басу керек) басыңыздар.

Эссе енгізу барысында сайыс2019 деген бөлімді таңдауды ұмытып кетпеңіздер.(кері жағдайда сайысқа қатыспады деп есептеледі.) Авторы деген ұяшықты бос қалдырыңыздар.

Барлық талаптармен Қаламгерлер сайысы сілтемесі арқылы өтіп, толығырақ танысуға кеңес береміз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Жүктелуде...

Пікірлер (1)

Досбай Еңлік

СӘЛЕМЕТСІЗДЕРМЕ ОСЫ ЭССЕ ЖӘНЕ ӨЛЕҢ–ЖЫР БАЙҚАУЫНА ТЕК 14–26 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ҒАНА ЕМЕС 12–13 ЖАСТАГЫ БАЛАЛАРҒАДА ҚАТЫСУҒА БОЛАМА?

Пікір қалдырыңыз