Өлең, жыр, ақындар

Алғашқы хат

Қалың тоғайды қақ жара ағып жатқан Қаратал өзенінің табиғаты әсем-ақ. Өзенді жағалай өскен миуалы ағаш, оқалы тонды көмкерген құндыздай құлпырады. Жыныс тоғайдың әр жерінен қой тасты белдеулер көрінеді. Ақ көбік ата ағып жатқан өзен күн нұрына шағылысып, айнадай жарқырайды.

Осы өңірге «Қара түлкі» ауылы орналасқан. Ақ шағаладай тізілген үйлер. Бой түзеп, көшені көріктендірген теректер мен ақ қайыңдар. Бұл жерде терісі бағалы қара түлкі өсіріледі. Бұл мекеннің «Қара түлкі» атаулының да сыры осы. Жазғы каникул күндерін осындағы Әзімбек атамның үйінде өткіздім. Атам әр нәрсені сұрап, көп отырды.

— Маған көмекші боласың. Шөп шабамыз, оны жинап алуға да бір кісі керек.

Аулаға шығып едім. Өзен жағасында бір топ бала жүр. Кішкентайлардың қасына келдім.

— Бізбен дос боласың ба? — деп жатыр жарыса сөйлеп.

— Алдымен танысып алайық, — дедім сыр тартып.          

— Менің атым Сабыр, — дейді кекілі көзіне түскен қара бала. — Мынаның аты Қасым. — Бойшаң келген, күнге күйгендіктен болар қара күреңденіп тотығып кетіпті. Танысып, енді қармақ салайық дегенше, Қасымды шешесі шақырды...

сылайша күндер өтіп жатты. Өзеннің ағыны баяу, жайпақ жерінде біреу отыр. Сабыр екен.

— Сен келгенше қанша ұстадым, — деп жіпке тізілген сазандарды көрсетті. Әңгімелесіп отырмыз.

— Маған хат жазып тұр, — дедім Сабырға.

— Жазу білмеймін, үйренгенде жазамын, — деп қояды ол.

Ауылға қайтатын күн де таянды. Сабыр мен Қасым өзеннен қайықпен өткізіп салды. Машинаға мініп, артыма қарадым. Қолдарында қармағы бар кішкентай екі досым көпке деін тапжылмай тұрып, қолдарын бұлғады...

Алғашқы сабақ өтіп жатты. Қызықты да әсерлі. Сабыр да мектепке барды ғой. Қандай тамаша!..

Қуанышты күндер... Сабақтан келсем:

— Саған хат кеді, — деді көкем. Жалма-жан ашып оқи бастадым. «Жомарт аға, мен мектепке бардым. Қазір әріптерді жазуды үйрендім. Енді жиі хат жазып тұрамын», — деп үлкен әріптермен дәптер бетін толтырыпты.

Қуанғаным сонша, хатты қолыма алып айғайлап жібердім. Бұл алғашқы хаттың қуанышы. Иә. Сабыр әріп жаза біледі, енді кітап оқитын болады. Маған хат жазып тұрады. Мен де өзімнің кішкентай досыма хат жазуға отырдым...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз