Өлең, жыр, ақындар

Бала Қазыбек би

Екі көріністі қойылым

Қатысушылар:
Абыз ата (оқиға желісінің дәнекері)
Абылай хан
Келдібек би
Бала Қазыбек (сол кезде 14 жаста дейді)
Қоңтажы
Уәзірлер, билер, тағы басқалар

Абыз ата. Қалмақтың ханы Қоңтажы қазақ елін үш рет шауып, біраз малын, бірталай ұл-қызын алып кетіпті. Сондықтан қазақ билері бос қосып, Абылай ханның алдына келіп: «Қалмақта шынымен-ақ ұлымыз құл, қызымыз күң болып кетпекші ме? Қол жинап, бір шайқассақ қайтеді?» – дейді.

Сонда Абылай хан ойланып барып: «Ойы терең, тілі өткір елші жіберейік, сөйтіп бір сынайық, болмаса шайқасамыз!» – деп басу айтады. Билер өзара келісіп, іштерінен Келдібек биді жібермек болады. Келдібек би бір себептермен өзі бара алмай, өзіндей кісі таба алмай, бір сынап көрмек болып, үлкен ұлы Қазыбекті ойнап жүрген жерінен тауып алады.

Бірінші көрініс

Келдібек би. Балам, сенің осылай асық ойнап, тай үйретіп жүр-генің жақсы ма, жоқ жақсылардың қасына еріп, ел танып, жер танып, сөз асылын зердеге түйгенің жөн бе?

Бала Қазыбек. Балалық шақ тәтті екен, қия алмай жүрмін. Бі-рақ жақсылардың қасына еріп, жер көріп, сөз сиқырына қанық-қаным да теріс болмас.

Келдібек би. Ендеше, балам, ат-тоныңды сайлап, қасыңа он кісі ертіп, алыс жолға аттанасың, қалмақтарға елші болып барып, екі елді бітістіресің.

Бала Қазыбек. Балаңызға үлкен жауапкершілік жүктеп тұр-сыз, әке... Елшінің астында ор текедей ойнақтаған аты, жанында сенімді серіктері болмай ма, әке?

Келдібек би. Астыңа екі биені кезінде тел емген Телқоңырды мінесің. Ал ең сенімді серігің – тасқа салса тіліп түсетін, мұзға салса асықтай алшы түсетін мына Малайсары батыр болмақ.

Бала Қазыбек. Жақсы, әке! Енді ештеңеден қам жемеспін. Жолымыз оң болар.

Келдібек би. Малайсары шырағым, қанша айтқанмен мынау бала ғой, бас-көз боп жүрерсің. Ал, балам, Абылай хан мен Тай-келтір биге барып сәлем бер, оң батасын алып кет.

Абыз ата. Абылай хан бастаған топ бір дөңнің басына шығып тұр екен. Самсаған сары қорға жете бере Қазыбек атынан түсіп, Абылай ханға сәлем береді.

Абылай хан. Балам, қай баласың?

Бала Қазыбек. Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек.

Абылай хан. Балам, жол болсын, қайда барасың?

Бала Қазыбек. Мен ауылда жүргенде балалардың басшысы едім, енді ағалардың атшысы болайын деп келдім. Тай бәйгесі мен құнан бәйгесін көріп едім, енді ат бәйгесіне қосылайын деп келдім, тақсыр.

Абылай хан (қарқ-қарқ күліп). Жарайды, балам, жарайды, барсаң бар. Астыңдағы атың да жақсы екен. Жүріңдер, балалар, сендерді біраз жерге шығарып салып қайтайын.

Бала Қазыбек. Туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат. Өзіңіз жолға шығарып салдыңыз, ел тірегі қабыл болар.

Абылай хан (Қазыбекке). Балам, шыныңды айтшы, атшы болғың келе ме, басшы болғың келе ме?

Бала Қазыбек. Тәйірі, мен жол көрген ағаларымның қасында басшы болып не қыламын, атшы болсам да жарар...

Абылай хан(риза болып, топқа қарата). Ал, балалар, барыңдар! Жолдарың болсын, алдарың олжаға толсын! Бас-шыларың Тайкелтір би болсын, хандарың қарқаралы хан Бертіс болсын, батырларың Малайсары болсын. Ал атшыларың, жаңа өзі айтқанымдай, мына Қазыбек бала болсын!

Көпшілік. Жөн, жөн!

Абылай хан(сапарға аттанушыларға қарап). Үлкендеріңді кішілерің сыйлаңдар. Көп арасында мына Қазыбек сықылды кішінің де сөзін тыңдаңдар. Жат елде жақсы елдің баласы құсап тұрыңдар. Қоңтажы тасып жүрген хан ғой. Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан. Жауды алмас қылышпен де, өткір сөзбен де көндіруге болады. Ауыздан шыққан сөз атылған оқпен бірдей, қайтып ала алмайсыңдар. Сөз сөйлегенде ойлап сөйлеу керек. Елдесе алмай, жауласып кетсек, сендердің олқылықтарың болмақ. Сынға төсер шақтарың алда. Ал жолдарың болсын!

Абыз ата. Елшілер асу-асу белдерден асып, небір қиыншы-лықтарды бастан өткізіп, күн демей, түн демей, жол жүреді. Жолда суы ащы көлдерді де, қарлы мұздақты тауларды да көреді. Сұрай-сұрай Тарбағатай жауының таң жағында, Алтай тауының оң жағында тігілген Қоңтажы ханның ордасына да жетеді. Сонда бала Қазыбек: «Қазақ елінің елшілері келдік, қайда орналасамыз?» – деп ханға хабар береді. Қоңтажы уәзірлеріне: «Мал сойып, шығынданбай-ақ әр үйге бөліп қонақ қылыңдар», – дейді. Мұны естіген Қазыбек: «Елшілердің атшы баласымын. Жүз атымыз бар, жүз атқа жүз атшымыз жоқ, бір жерге орналастырыңыздар», – деп табандап тұрып алады. Хан аттарды өзінің кең албарына байлатады.

Екінші көрініс

Қоңтажы ханның ордасы. Хан уәзірлерімен кездесіп отыр.

Қоңтажы хан. Мына қазақтар хабаршы қылып, бізге қаршадай баласын жіберді. Өзі тайға мінген дейді. Келеке қылғаны, ма, бұ несі? Келекеге келеке деп, келген кісілерді қырып тастап, аттарын жылқыға қоса салсақ қайтеді?

Бас уәзір. Хан ием, бұл табылған ақыл. Абылай хан кімді келеке қылғанын білсін.

Қоңтажының ханымы. Хан ием, ол дұрыс болмас. Қазақ деген қабырғалы ел ғой. Кісілерін өлтіріп, жайлана алмассың, жүз атты жылқыға қосып, байып кетпессің. Елшілерге өлім жоқ деген бар. Оның үстіне тай дегеніңіз тұлпар болып жүрмесін, бала дегенің өзі сұңқар болып жүрмесін, байқау керек.

Қоңтажы хан. Олай болса, ертең елшілерді ордаға жинаңдар. Өзіме өзі, сөзіме сөзі сай келетін адамы болса, оны көрейін, сай келмейтін болса, жазасын сол арада берейін. Ал сен, данышпан сыншы қариям, елшілер келгеннен бері не біліп, не көрдің? Ойың сұңғыла, көзің қырағы еді ғой.

Данышпан сыншы. Мен олардың ішінен сен шошитындай адам көре алмадым, бірақ...

Қоңтажы хан. Байқа, елшілер келгеннен-ақ бақыла деп едім ғой. Олардың сөзіне есе берсек, сүбемізді суырып кететіні бар ма екен? Есіңе түсіріп көрші.

Данышпан сыншы. Бірақ, бір байқағаным, жылқының ішінде көгінде хабаршы болып келген атшы бала жатты. Екі аяғы екі жақта, екі қолы екі жақта. Аузынан жалын атқылайды. «Аузым жеткенше сөйлеймін, қолым жеткенше сермеймін, аяғым жеткенше жүремін. Төңіректің төрт бұрышына болса да сөйлеуге жараймын. Халықты қара шыбындай аузыма үймелетемін» деп жатқандай екен.

Қоңтажы хан. Ақылгөй қариям, сен ақылыңнан шатасып тұp-ғaн жоқсың ба? Ол өзі бала болса, өзі аттардың арасында жатса, одан несіне қорқамыз? Қой, бұларды қаңтарып қоймайық, бәрін де ордаға шақырыңдар. Сөзден де, үкімнен де жеңіп, аттарына теріс мінгізіп жіберейік.

Абыз ата. Қоңтажы ханның жігіттері қазақ елшілеріне келіп: «Хан шақырып жатыр. Сөзге, сөз сөйлеуге дәмелілерің, қалмаң-дар!» – деп шақырып кетеді. Қазыбек те аттардың арасында қалмай, хан ордасына барады. Хан тісін суытып, ашулы жүзбен, мұртын тікірейтіп, сөз бастайды.

Қоңтажы хан. Игі, қазақтар, неменеге келдіңдер, айтатындарың болса, айтыңдар.

Тайкелтір би (ханның мысы басқандай, бәсең дауыспен). Өлеңді өзгеге бердік, ерлікті төменге бердік. Алдияр тақсыр, алдыңа келдік.

Берсең алдық,
Бермесең қалдық,
Сөзді, өзіңе салдық.

Қоңтажы хан. Олай болса, кешке дейін бір жауабын қайы-рармын, жауап қайтпай қалатын күн болса, ат-тонның аманды-ғында елдеріңді тапқан теріс болмас.

Бала Қазыбек(Тайкелтір бидің сөзіне көңілі толмай, Бертіс xaнғa жүгінеді).

Ерден ердің несі артық –
Елдестірген сөзі артық.
Малдан малдың несі артық –
Бір-ақ асым еті артық.
Жерден жердің несі артық –
Бір-ақ уыс шөбі артық.
Міндетіне алған сөзден шегінген жігіттен,
Аштан өлген аюдың өзі артық.

Бертіс хан. Қазыбек бала, ханға датың болса, айт. Абылай хан-ның өзі де: «Көп арасында мына Қазыбек сықылды кішінің де сөзін тыңдаңдар», – деп еді ғой. Ал айтарың болса, айт.

Бала Қазыбек(Қоңтажының алдына жетіп барып, қасқая қapan тұрып). Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат!

Қоңтажы хан. Әй, өзің жөніңді айтшы, атың кім?

Бала Қазыбек. Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек. Халқым – қазақ...

Қоңтажы хан. Япырмай, даусың қаздың даусындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы.

Бала Қазыбек(аузынан жалын шашып, қайтпас қайсар-лықпен). Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқ-тықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Acқaқтaғaн хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен – арыс-тан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар, жарысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!

Қоңтажы хан(не дерін білмей сасып қалып). Өзің сөзге шешен бала болсаң, отырған орныққандай төмен еді, былай жоғары шықшы, жоғары!

Бала Қазыбек. Біздің қазақтың әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлей береді. Өзімнің үлкен ағаларым төрде отырса, мaғaн төбеде отырғанмен бірдей.

Қоңтажы хан(сөзден жеңіліп, сасып қалып). Осылардың өзі келгелі әр үйде қонақтап жүр, алыстан келген елші ғой, ашулары бойында тұр екен, қонақ үйіне апарып, бір жерден күтімге алыңдаршы.

Уәзірлер (қонақтар шығып кеткен соң жамыраса). Бір жұдырықтай баладан тосылып, қара терге малшынып, осынша дірілдеп кеткеніңіз не?

Қоңтажы хан. Сендер білген жоқсыңдар. Сөзді өңменімнен сұққылап тұрып айтқан кезде, екі иығынан екі аю аузынан от шашып: «Тықыр етші осыдан, көріп алайын!» – деп тұрды. Мінеки, мен содан сескендім. Сендерге көрінбегенмен, маған солай болып көрінді. Менің енді бұдан қайтарып айтар сөзім жоқ. Мал мен жанын, сұрағандарын есептеп санап, алдына салып беріңдер.

Абыз ата. Қоңтажы сөзден жеңіліп, қазақтар мал-жанын түгендеп алып, елге қайтар кезде Қоңтажы Қазыбекті жанына шақырып алып: «Жаным, Қазыбек, сен жаңа үйреткен жас тұл-пар екенсің, сенің айтқан сөзіңе менің буыным шыдамай, сіресіп тұра алмадым. Сондықтан caғaн екі түрлі белгі беремін. Біреуі – сенің даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен, бұдан былай сенің атың Қаз дауысты Қазыбек болсын. Екінші – қoc тоғыз жүлде байладым, бұдан былай сен екі сыбағалы бол!» – депті. Міне, балаларым, бабаларың қандай батыр, батыл болған, сөзде есе жібермеген шешен болған! Сендер де ойнай бермей, ойлай біліңдер. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты көптеген билердің, шешендердің сөздерін, іс-әрекеттерін көкіректеріңе түйіп, сөзге ұста, істерің көпке нұсқа болып, қатарларыңның алды болыңдар. Әумин!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз