Жазғы каникулға шығысымен жайлауға жеткенше асығамын. Жайлау совхоз орталығынан атпен шыққанда күншілік жер — Мыңшұңқыр жазығында. Көктемде көкек келісімен малшылар қыстауларын тастап, көкорай шалғын, көгі мол осы жазиралы жазыққа жетеді. Жылқышы атамның үйі қазір сонда. Осы жолы барғанымда ала бие аққұлақ құлын туды. Екі құлағы да қояндікіндей аппақ, көзі шымқай қызыл.
— «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген-ау, кемпір, мына құлынды осы балама атасам ба деп тұрмын, — деді атам менің кекілімнен сипай түсіп.
— Атаған-ақ жөн. Осы күнгі балалар қолына қамшы ұстауды да ұмытып барады, ең болмаса бұл малсақ боп өссін! — деді әжем бие сауып жатып.
Аққұлақ құлын еншіме тигесін қуанышым қойныма сыймай, оны соңыма ертіп алмақ болдым. Бірақ алғашқыда ала бие маңайына да жолатпады. Оның қантты жақсы көретінін білетінмін. Сондықтан ертеңгісін шай ішкенде әжеме көрсетпей, шалбарымның қалтасына бес-алты түйір тәттіні салып алатынды шығардым. Енді үйден шықсам болды, ала бие «қант жегім келіп тұр, тезірек жет» дегендей басын шұлғып, оқыранатын болды. Әжем кілемнен қалған тұр жіптен ою-өрнекті ноқта тоқып берді.
— Бірауық құлынды жетектеп, шөбі шүйгін жерге алып бар, бұлақтың тұнба көзінен суғар, желмен жарысып ойнаңдар, ол да бала ғой, — деді. Шынында бала сияқты екен, тура Әбіш інімдей аңқау.
Айдалаға жетектеп алып барып, жыңғылдың түбіне жасырынып қалсам, ақ құлағын қайшылап, қайда барарын білмей, мені күтіп тұрады. Бұтаның түбінен тұра салып қашсам, сонымнан қалмайды. Кейде менен озып кететіні бар. Мұндайда кәдімгідей ызам кеп, жерге отыра кетем. Өзіне өкпелегенімді білгендей, шөп жұлып жеген боп күтіп тұрады.
Бір күні ешкімге де айтпастан зоотехник Әубәкірдің атына мінгесіп, ауылға тартып отырдым. Үйге келісімен Ғайнидың бесігіндегі күміс қоңырауды шешіп алып, жол дорбамның ішіне салып қойдым. Кешкісін көкем жұмыстан келді. Қазір күріштің сушысы болып жүр. Апам әдетте ол келісімен дастарқан жайып, самаурын әкеледі. Шөлдеп, қаталап келді ғой деп ылғи екі кесеге құйып береді. Көкем шайды үсті-үстіне ішіп, маңдай тері бұрқ еткенде барып маған назар аударды.
— Кемпір мен шал қуатты ма екен? Неге ерте келдің, қолғанат боп, шаруа-жайына көмектеспедің бе?
— Ертең қайта кетем жайлауға.
Апам мен көкем бір-біріне қарады. Тақ-тақ етіп айтқан сөзіме де түсінбегендей.
— Онда неге келдің, әлде әжеңнің қант-шайы таусылып қалыпты ма? — деді апам.
— Иә, — дей салдым мен сылтаудың ойда жоқта табыла кеткеніне қуанып. Мұны апамның өзі тауып бергені қандай жақсы болды?!
Апам Ғайниды бесікке бөлеп жатып:
— Жаным-ау, күміс қоңырауды кім шешіп алған, әлгінде тұр еді ғой, — деп оны үй ішінен қарастыра бастады.
Жастыққа қисайған көкемнің арқасына шығып алып, асыр салып ойнап жатқан Сырлыбай мен Сабытқа: «Сендер алдыңдар, табыңдар!» — деп те ұрысты. Мен осындай іздеу болатынын біліп, ерте жатып қалған болатынмын.
— Қанат, әй, Қанат!
Мен көзімді жұма қойдым. Ұйықтап жатыр екен деп ойлаған болуы керек, қайта мазаламады. Бірақ ертесін жол дорбама шай, қант оралған түйіншекті салып жатқанда күміс қоңырауды көріп қойды.
— Бұның не, бөпеңе ойыншық әкеп берудің орнына бесіктегісін шешіп аласың, ә?! — деп маған кейи бастады. Үйге күміс қоңырау үшін келгендіктен:
— Бұл менікі, — дедім қоңырау ұстаған қолымды жалма-жан артыма тығып. Бірде «Мұны кім әкелді?» деп сұрағанымда, өзі «Атаң базардан саған арнап әкелді» деген болатын.
— Енді бөпеңе бер, ұялсаңшы ойыншықпен ойнауға, алдағы күзде бесінші класқа барасың ғой, — деді апам да дауысын жұмсартып. Ұрсып тұрып дауысын жұмсарта сөйлесе, айтқанын істей қоятынымды біледі. Бірақ бұл жолы күміс қоңырауды бере қоймаспын.
— Аққұлақ құлынымның мойнына тағам...
— Ақымақтың айтып тұрғанын қарашы, бөпең жақын ба, құлын жақын ба? — деп апам қоңырауды қолымнан жұлып алды.
Мен жолдорбаны төрге атып ұрдым да, жайлауға бармаймын деп табандап отырдым да қойдым.
— Қап, мынаның қырсыққаны-ай, ә? Әжең мен атаң қант-шайсыз қалады ғой енді, — деп апам не істерін білмей шыр-пыр болып жүр. Есіктің алдындағы жерошаққа сүт пісірмек болып, қазан көтеріп кеткен апам:
— Қанат-ай, Қанат! — деп еркелете дауыстады. Ернімді дүрдитіп «Не?» деп міңгірлеп, ошақтың қасына жақындадым.
— Қасымның баласы машинасымен Мыңшұқырға барады екен, қалма енді, қоңырауың қоржынның ішінде, ала ғой, — деді апам.
Менің де күндікке күткенім осы еді, орнымнан ұшып тұрдым. Жолдорбамды, қоңырауымды алып, үйден асығыс шықтым да, үлкен жолға қарай жүгірдім. Бірақ әлденені ұмытқандай кілт бұрылып, қайта келіп, апамды құшақтай алдым. «Не ұшпақ көрсетем дейсің, сен де кетерсің бетіңнің ауған жағына...» деп ұрсатыны есіме түсіп кетті. «Апа, — дедім еркелеп, — үлкен жігіт болғанда екі қолыңды жылы суға малып қоямын...». «Менің Қанатым үлкейгенде екі қолымды жылы суға малып қояды» деп, біздің үйге ұршық иіргелі келген кемпірлерге мені мақтап отыратын өзі.
Апам күлімсіреп:
— Айналайын, мұратыңа жет, бар енді, қалып қоясың, — деп бетімнен алма-кезек сүйді.
***
Машина түс ауа жайлауға жетті. Атам жылқыларды үйіріп жүр екен. Ол көзін күннен көлегейлеп, біз жаққа ұзақ қарады. Құрығын көлденең ұстаған күйі аққасқа атына қамшы басты. Шапқан ат қойсын ба, көзді ашып-жұмғанша бізбен қатарласты. Атам шоферға тоқта деп белгі берді. Мен машинадан қарғып түстім.
— Айтпай кеткенің не, қамшының астына алайын ба осы тұрған жеріңде? Әке-шешесін сағынуын мұның?! — деді атам қамшысының тобылғы сабымен айыр қалпағын бір шекесіне қисайта қойып.
Мен жолдорбамнан күміс қоңырауды алып, шылдырлаттым.
— Аққұлақ құлынымның мойнына тағамын! — дедім кінәмді жуып-шайған болып.
— Майыспай, мін атқа, пәтшағар! — деді атам шырт түкіріп тастап. Бұл оның жұмсарып, маған іші жылығанының белгісі. Ал әжемді шай-қантпен-ақ қуанттым.
— Сен, шал, бұған ұрсып жүрсің-ау, әлі-ақ бізді асырайтын осы болады. Көрдің бе, ақылды өзі, анау-мынау емес, үнді шайын әкеліпті, — деп маңдайымнан сүйіп жатыр. Әжем мен апам ылғи да маңдайымнан сүйеді, ал атам мен көкем мені жақсы көріп тұрса да, ретін тауып ұрсуға бейім.
Әжем ертесіне отыра қалып, кілемнен қалған түрлі жіптен қоңырауыма бау есіп берді. Күміс қоңырауды құлынның мойнына таққанша асықтым. Аққұлақ әдепкіде сыңғыр қаққан дыбыстың қайдан шыққанын білмей елегізіп, үркіп, үйді айнала шауып жүрді. Шапқан сайын мойнындағы күміс қоңырау сыңғырлай түседі. Ол құлдыраңдап шаба береді, кейде «мынауыңнан құтқар» дегендей маған келіп тығылады.
Арада әлденеше күн өтті. Бір күні түнде шошып ояндым. Қара жауын құйып тұр. Киіз үйдің әр жерінен аққан тамшыларға шелек, леген қойылыпты. Аспан шытынап жарылып, құлап түскендей болады да, артынша найзағай жарқ-жүрқ етіп, үйдің ішін күндізгідей жап-жарық етіп жібереді. Жауын селдетіп-селдетіп барып басыла қалады. Ұйқым келмей, біраз жаттым. Көзім ілініп бара жатқанда тағы да оянып кеттім.
Атамның айтақтаған даусы даладан естілді. Ақтөс те шабаланып үруде. Мылтық гүрс етіп атылды. Сәлден соң атам сулығын қаудырлатып, үйге кірді.
— Ол не, ата?! — дедім қорыққанымды білдірмей. Білсе, ұрсады ғой.
— Айналайын, ояумысың? Сенің күміс қоңырауың аман сақтап қалды малды. Қоңырау болмағанда дер кезінде оянуым да екіталай еді, — деп атам мені айналып-толғанып жатты.
Түнде ұялас қасқырлар желіде байлаулы жатқан құлындарға жер бауырлап жақындай түскенде аққұлақ құлын тыпыршып, бір орнында тұрмапты. Сонда күміс қоңырау қатты шылдырлап, атамды оятқан екен. Мұны атам таңертеңгі шай ішіп отырғанда жыр етіп айтты. Мұнан соң да күміс қоңыраудың атама көп пайдасы тиіпті. Қара суық желге, боранға ығып кеткен жылқыларды аққұлақ құлынның мойнындағы қоңыраудың үнін алыстан естіп, тауып алады екен.
Акқұлақ құлын алдағы жазда тай болады, жайлауға барғанда бас білдіріп, бәйгеге қосам.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі