— Ата, мынаны қараңызшы! Былтыр отырғызған көшетім... О-о, менен биік боп кетіпті!
Жасыл желек жая бастаған жас алма ағашына қызыға қараған кішкентай Олжастың үнінде таңданудан гөрі қуаныш басым. Өз еңбегінің жанғанына масаттанып тұрған сияқты.
— Өскені жақсы, құлыным! Демек, күтімі жақсы! Былтыр жаз бойы уақтылы суғарып, жақсы қарағансың ғой, — деп атасы оны арқасынан қағып, көтермелеп жатыр.
— Ал мен ше?.. — Аузы бұртия қалған Олжасқа атасы аң-таң.
— Сен немене?
— Мен неге өспедім?
Әңгіме ауанын жаңа аңдаған атасы еріксіз езу тартып:
— Сен де өстің, — деп түсіндіре бастады. Былтыр балабақшаның даярлық тобында едің, биыл бірінші сыныпты бітірдің, міне. Ойың өсіп, ақылың да толысып келеді. Амандық болса...
— Бойым ше?.. Мына қараңыз! — Алма ағашының түбіне тұра қалған немересі төбесіне қойған алақанының қырымен көшеттің діңін сызды. Расында бойы мәуелеп кеткен көшеттің түбінен ғана келеді екен.
— Құлыным-ау, бұл жеміс ағашы ғой. Ол тез өсіп, мәуелеп, тезірек жеміс беруі керек. Сөйтіп, «сыйға — сый» дегендей, сенің еңбегіңді ақтап, биыл болмаса да, келер жылы саған қап-қап алма сыйлауы тиіс.
— Алма! Келер жылы алма бере ме маған!?
Алманы естіп мәз болған Олжас бой жайын әп-сәтте ұмытып, жүзі бал-бұл жайнап шыға келді.
— Иә, құлыным, амандық болса, келер жылы бұл көшетіңнің жемісін жейтін боласың. Бұл — сенің өз қолыңмен отырғызған алғашқы жеміс ағашың, алғашқы маңдай терің. Жаратқан ием бұйыртып жегізсін де. Ол үшін сен биыл да мұны жақсылап күтіп-баптап, жаз бойы суғарып тұруың керек. Діңі мен жапырақтарына қаскөй зиянкестерді жолатпауға тиіссің.
— Ата, маңдай тер деген не?
— Ә-ә, маңдай тер деген бе? Маңдай тер деген — сенің осы жеміс ағашының жайқалып өсуіне төккен терің, сіңірген адал еңбегің. Атамыздан қалған «табан ақы, маңдай тер» деген сөз бар. Міне, ала жаздай осы бау-бағымызды күтіп-баптап, сары күзде жинаған жемісіміз екеуміздің табан ақы, маңдай теріміз, яғни өзіміздің таза еңбегіміздің төлеуі болып саналады. Демек, өзіміз егіп, өзіміз өсірдік, өзіміз жинадық. Ешкімнен сұрап та, сатып та алған жоқпыз. Рас қой?
— Иә!
— Ендеше, біліп қой, табан ақы, маңдай термен тауып жеген астан дәмді ештеңе жоқ. Бақыт дегенің де — сол еңбегіңнің жануы, маңдай теріңнің жемісін жеу деген сөз, балам!
Атасының салиқалы сөздері көңіліне қанат бітірген кішкентай Олжас қолына шап-шағын күрегін алып, алма ағашының түбін қопсытуға кірісіп кетті. Кішкентай немересінің құлшынысына көңілі сүйсінген атасы да кетпенін иығына асып, саяжайдың екінші жағына аяңдады. «Иә, раббым, кішкентай бағбаныңның талабына өзің медет бере гөр!»
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі