Өлең, жыр, ақындар

Ағылшын капиталистерінің айуандығы

Ол кезде мен буыным бекіп, бұғанам қатпаған жас едім. Тар заман мені де мейірімсіз улы тырнағына ілді. Жас та болсам бір тілім нан үшін жұмыс істеуге мәжбүр болдым. «Ана сүті ауызыңнан кетпеген жассың ғой, жұмыс істеуге әлі ерте» деген ағылшын жоқ. Менің Спасс заводындағы қара пештің шлагын таситын тәшкеші етіп жұмысқа қойды. Бұл жұмыс мен сияқты бала емес, тепсе темір үзетін әлуетті жігіттерге де қиын еді.

Күніне 12 сағат бойы тәшке тартам. Шлакты апарып төгетін жер қара пештен 30 метрдей. Жұмыстан діңкең құрып шығып, үйге әрең жететін едім. Ол кезде үй дейтін үй бар ма, жерден қазылған үйшік болатын.

Ағылшындар жұмысшылардың еңбегін сүліктей сорды. 12 сағат титықтап еңбек еткенде ішсек асқа, кисек киімге жарымайтын едік. Ағылшын заводында бірнеше жыл істегенде ұшы-қиыры жоқ бересіден айырылғаным жоқ.

Әлі есімде. Ақырған ақпан айының іші еді. Бір күні жұмыста жүргенімде алай-талай боран соқты да кетті. Боранның қаттылығы сондай — тіпті аяқ астын жөнді көре алмайсың. Дүлей табиғатқа не шара? Тәшке тартуға болмайды, қара пештен дамылсыз шыққан шлак үйіліп қалды.

Тап осы кезде завод қожасы ағылшын Оравсон дегеннің сап ете түскені бар емес пе. Қорыққанымнан шлак толы тәшкенің тұтқасын ұстап, көтере бердім. Жуан жұдырық оң жақ шекем нен сарт ете түсті. Құлап қалыппын. Есімді жиып, көзімді ашсам, жұмысшылар мені қоршап тұр екен. Олардың мені аяған, ағылшынға қаһар төккен дауыстары естіледі.

Жұмысшылардың арасында аштық пен қайыршылық шыңына жетіп, өлгендердің саны тіпті көп болды. Талай жұмысшылар аштық азабын көріп өлді. Жұмысшылардың арасындағы наразалық пен ызалы ашу күшейе бастады. Ағылшындар кінәні өздеріне жуытпау үшін өлген жұмысшыларды аштық пен ауыр еңбек жағдайынан емес, қайдағы бір қатерлі аурудан өлді деп жар салды. Олар өздерінің бұл сайқалдығымен жұртты иландыру үшін өлген бір кеншінің сүйегін көпшілік алдында отқа өртемекші болды. Мұны көрген поселка халқы қатты ызаланды. Топталған адамдар рудник қожайындарының тұрған жеріне қарай беттеді. Мұнда оларға пристав Соколов қарсы шықты. Ол қылышын жалаңдатып, жиналған халықты қуа бастады. Ақырында бұл іс мынамен тынды: ағылшын Мансфелдің бұйрығы бойынша пристав Бекова Тәкіжан деген қазақ әйелінің қолын қылышпен шауып тастады. Сонан кейін бұл әйелді «бүлік шығарды» деген сылтаумен Ақмола түрмесіне айдап жіберді.

Мұндай шектен шыққан зұлымдыққа жұмысшылар төзе алмады. Олар үш күндей жұмысқа шықпай, мыс қорытатын пешті тоқтатып тастады. Парфенов, Қозыбаев сияқты жұмысшылар ереуіл бастап, ағылшындарға қатты наразалақ білдірді. Ашынған халықтың ұйымдасқан ереуілінен қорыққан ағылшындар Бекова Тәкіжанды тұтқыннан босатып, Ақмоладан Спасс заводына жеткізіп салды. Арсыз ағылшындар осындай неше түрлі айуандық істер істеді....


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз