Өлең, жыр, ақындар

Апам, мен және дәу балық

Апам мен Жәмиланың әңгімесі түннің бір уақытына дейін созылды. Бірі — мені тапсырушы, бірі — қабылдаушы. Жәмила Жанайдар ағайым екеуі жақын арада жайлауға аттанды. Биыл көктемде бір отар қой өткізіп алған. Дегенмен апамның жалғыз қалуы мен үшін жағдайсыз-ақ. Оны ағатайым да түсінді. Апам сиыр сауып біткенше оянуым шарт. Ала қасқаны табынға қосамын. Одан қалса, бұзауды Ақөзекке айдаймын. Отын жағысып, тезегін тасимын. Тіпті апам жалғыздан жалғыз отырып шайын қайтіп ішсін?! Ағайым маған сынай қарап: «Әй, Бағлан! Жайлауға барасың ба?» — деп сұраған оның ойын түсінген мен басымды шайқадым.

— Ақылыңнан айналдым. Жігіт екен ғой. Бәсе, — деп ағатайым риза боп қалды. — Әй, Жәмила Бағланның киімдерін жуып, керек-жарағын дұрыстарсың, — деді ол сонан соң.

Ендігі әңгіменің түрін қара.

— Бір-екі сағат ойнатып аларсыз. Өзі ерке бала ғой. Көзіңізден таса қылмаңыз. Заман қиын. Адамдар бұзық, — деп Жәмила зуылдап айтып жатыр. Бәрінен де оның:

— Ойбай-ау, апа. Ұмытып бара жатыр екенмін. Өзенге жібере көрме. Қанды су ғой. Балалық жасап шетіне жақындаса-ақ, жұлып әкетеді, — дегені ашуымды келтірді. Мені әлі бала дейді-ау. Бәрінен де апамның мінезі қызық. Жәмиланың әр айтқан сөзі әкім айтқан бұйрық сияқты. Басын изеп, мақұлдай береді. Төсегімнен атып тұрып «Мені баласынбаңдар» дегім келіп кетті.

Жәмила мен ағатайым жайлауға кеткен күннен бері менің тірлігім мәз емес. Апам аттап бастырмайды. Әуелі асық ойнап көрші үйлердің ауласына барсам, ұршығын сүйретіп соңымнан жеткені. Ондайда намыстанып:

— Апам-ау, мұның не? Ұят емес пе? — деп жыларман боп ашулансам, ол өп-өтірік безек қағады.

— Құлыным-ау, жалғыз отырғанша Мәликемен бірге шүйіркелесіп ұршық иірмеймін бе? — дейді ол. Ал, қане құтылып көр. Аспанды алақандай, жерді тулақтай қып, дауыс салып соңынан жетеді.

— Бұлттың торлап келе жатқаны мынау, тезек су боп қалады. Жүгір, қарғам. Бетін жап, — дейді тағы. Амалсыздан үйге қарай жүгірем. Апамның сылтауы атан түйеге жүк. Біресе отыны бұталмай жатады. Немесе бақшаға мал түседі. Қойшы, айтар ауызға жетерлік дүние. Бұлар мені көз алдынан таса қылмаудың апам ойлап тапқан айла-шарғысы.

Бәрінен де Басқан өзенінен балық аулағанды айтсаңшы. Ертеңгісін қармақтарын көтеріп, балық аулауға бара жатқан балаларға көзің түскенде бір орында тұра алмай, тықыршисың да қаласың. Ал кешкісін солар сап-сары сазандарды шыбыққа тізіп алып келе жатқанын көрсең. Ондайда апам жәдігөйсіп:

— Ту, мыналар да ермек етпесті ермек етіп... Бақа-шаянды ұстап, түге, — дейді. Күйіп кетемін.

— Апа-ау, олар балық ұстап әкеле жатыр, — деймін.

— Не болса, о болсын. Әйтеуір ауыз толтырып жер ас емес, — дейді апам бой бермей.

— Табаға маймен қуырып жесем, апа, өзің де құр қалмассың, — деймін. Апам жанып түседі.

— Е, қойшы соны. Тамағыма қылтанағы тұрып қалып, тұншығып өлер шамам жоқ, — дейді ол. Себеп таба алмай жүрген басым:

— Апа, мен бүгін балық аулауға қашып кетемін, — дедім бір күні. Апам жалт қарады. Құдды жаман сөз естіген жанша қабағы түксиіп, әжімдері көбейіп кетті.

— Әй, қарағым. Не сөйлеп тұрсың? — деді ол бұрқ ете түсіп. — Дәл қазір қармағыңды ал да жөніңе тайып тұр. Онысы несі-ей...

— Кетемін! — дедім қасарысып. Апам жұмсарып, маған жалынар деген оймен.

— Кет, — деді ол. — Кет дегенде ит те кетеді. Қу Құдай! Осы күнгінің баласы аласа туады, әке-шешесімен жағаласа туады деген осы. Басыма бейнет қып несіне тастап кетіп еді мұнысын... — Апам шын ашуға мінген сияқты. Енді шегінерге жол жоқ. Қораға кіріп, сырыққа ілінген қармағымды тауып алдым. Жауынқұрт қазуға бақшаға ене беріп қайта тоқтадым. Шыны керек, апама жаным ашып кетті. Оның қандай жазығы бар? Айыбы мені қауіптен арашалағаны ма? Үйге бұрылдым. Мазаланған күйі түпкі бөлмеге еніп, кереуетке қисайдым. Әп-сәтте ұйықтап кетіппін.

— Әй, қара пұшық. Тұр орнынан, — деген дауыстан оянып кеттім. Төбемнен төне қарап апам тұр. Кері аунап түстім.

— Сен күшіктің мінезі кімге тартқан, ә?! — деді ол мені жұлқылап. — Маған жаның ашиды екен, ә?! — Апам мырс-мырс күлді. — Оның дұрыс. Алған бетіңнен таймай, Басқанға тұра безе ме деп ем. Қара пұшық, сен жеңдің. Ал орныңнан тұр. Балық аулауға барамыз. Бол еңді. Күн батып кетеді.

Апам кебісін сылпылдатып үйден шыға жөнелді.

— О, күшігім, — деді сонда да жолай сыбырлап. Мырс етіп күліп жіберуге сәл қалдым. Апамның мына мінезі адам таңданарлық.

Әп-сәтте жауынқұрт қазып, қармағымды алып Басқанға қарай жүріп бергенім сол еді, күтпеген жерден апамның:

— Әй, құлыным, су алатын өткелдің аузынан ұзай қойма. Қазір, біраздан соң мен де жетемін. Жарқабаққа отырма. Күйсеп тұр ғой, түге. Құлап кетіп жүрер. Жалғыз ұлдан айырылып қалсам, жер басып жүре алмаспын, — деген ұзынсонар тапсырмасы басталып кетті. Әр сауалына басымды изей-изей апамнан алыстай бердім. Әлдене деп қарсы сөйлесем апамның уәдесінен тая салуы оп-оңай.

Әншейінде байқамайды екенмін. Өзен бойы көк майсаға тұнып тұр. Бапа қамыс, балауса құрақ. Қара қуыс бойынан соққан жылы желдің өтіне баяу тербеледі. Жақын маңнан сарқыраманың үні естіледі. Айдаһардай иреленген өзен иін-иінді аралап, көкжиекке бағыт түзеген қалпынан ауар емес. Тас өткелге жақындағанда ойыма Көкиірім есіме түсті. Жағасы жазық, көбігі мол, бұл тұс — талай балықшы баланың мекені. Тайпақтау келген жағалықтың тұсы ағыны баяу, көбікті екен. Қармағымның жібін тарқатып, қалтқысын түзеп, құртын шаншып, өзенге тастадым. Көптен бері жеке шығып, еркіндік алғаным осы шығар. Өзен беті қайнап жатқан өмір. Бір-бірімен араласқан толқындар. Үлкенді-кішілі көбіктің легі бірін-бірі қуалай ағады. Жағаны соққан нөпір ағын анда-санда сылқ етіп күлген қыздай ғажап үн шығарады. Оның есесіне иір-иір шұңғыл иірім ауық-ауық қылқ етіп жұтып қоярдай сұс танытады.

Алғашқыда балықтар қалтқыны бүлкілдей қозғалтып маза бермеген. Екі-үш майшабақ түсіп те үлгерді. Артынша қалтқы тым-тырыс қалды. Су бетінен көзіңді алмай отырсаң, алдың тұманданып, басың айналып кетеді. Ауыл жаққа көз тіксем, апам көрінер емес. Қармақтың сабын жағаға бойлата шаншып, жүгіре басып биік қабаққа шықтым. Жан-жағына көз тастадым. Шындығында біздің ауыл жан-жағын тау мен төбе көмкерген қазаншұңқыр ойпаңға орналысыпты. Қиыры Қарауыл төбе, оңтүстігінде ақсақал қарттай алып Жоңғар Алатауы, шығысы Қышқаш белі. Ағайым айтпақшы, ертеде бұл ауылда Қыдырмолда шалдың ауласында ғана ағаш өсіпті. Артынша ел болып қолға алған соң, көше бойы көкке оранып, бау-бақшалы мекенге айналыпты.

Көк шалғынға аунай кеттім. Қаракөк аспан. Қоңыраудай сыңғырлаған ноқат құс. Кенет ойыма қармақ түсті. Атып тұрып төмен қарай жүгіре жөнелдім. Қызықты қара! Су бетінен қалтқым көрінбейді. Қармақтың сабының ұшы суға итіне кіріп, ары-бері қозғалып тұр. Бұл не ғажап? Жалма-жан қармақтың сабына жабыстым. Жібек жіп керіле қалтқы көрінді. Одан кейінгі мен үшін елес сияқты. Адырнадай серпілген жіптің ұшынан басы лаққа ұқсаған нән балық жағалыққа қарай суды қақ жарып, жылжып келе жатты. Қып-қызыл қанатымен суды ары-бері сабалап, тыным табар емес. Зіл батпан. Осындай бір сәтте бір адам бойына күш жиналатын сияқты ма, қалай? Бір метрге жуық сазан балық жағаға тіреліп, құрғаққа шыға қармақтың сабын тастай беріп, үстіне қона кеттім. Жан дәрменімен бұлқынған өзен тағысының оңай-оспақпен берісер түрі жоқ. Жалма-жан айқұлаққа қолымды тығып жіберіп, жағадан алыстата сүйрей бердім.

Сазан балық су мекенінен айырылып, алыстаған сайын жойқын күші де бәсеңси бастады. Жағадан он шақты қадам жерге жеткізгенде барып, «уһ» деп қолымды босаттым да, өзімнен-өзім:

— Апа, мен дәу сазан ұстадым, — деп дауыстап жібердім. Бір орнымды қуанғаннан секіріп жүрмін. Осы бір кезде жаулығы ағараңдап, шелегін салдырлатып апам да жетті. Зәресі ұшып кеткен ол аспанға шоршып жүрген тіршілікті құбыжық көргендей аң-таң күйі қарап тұрды да, әлдене деп күбірлей жөнелді.

— Құлыным-ай, мына сұмдығың не? — деді. Сонан соң бір сәт есімді жинап:

— Апа, ол сазан балық. Мына мен ұстадым, — деймін мақтанып.

— Ойпыр-ай, сені қалай сүйретіп кетпеген, — деді ол енді балыққа қарай батымсыз қадам басып.

Екеуміз балықты ары-берісін қарап, таңданумен жүрміз. Бұл екі ортада апамды болған жаймен хабар етіп үлгердім. Ол басын шайқайды. Таң-тамаша.

— Мынау өзі кәдімгі тоқтыдай ғой, — деді енді ол.

— Пәлі, апа енді мұның сыңары бар. Соны ұстау керек, — деймін күмпілдеп.

— Нысап керек, балам. Мына олжаның өзі бір той емес пе? — дейді ол.

Сол күнгі балаларға мақтанғаным әлі есімнен кетер емес. Аула толған балаларды қызықтырған әңгімемен таусылар емес.

— Балаң нағыз жігіт қой, — деп мақтады көршідегі Төлеубай қарт.

Бірақ апамның мақтанып сөйлеп отырғанымен, ар жағы белгілі. Өйткені, Тойкен екеуміз балықты екі жақтап көтеріп, апам шелекпен су алып келе жатып:

— Әу, құлыным. Бәрі дұрыс-ау. Ептеп-ептеп балық та аулатамын. Тек мына жайды Жәмила мен ағатайың естіп қоймасың, — дегенін Төлеубек қарт қайдан білсін?!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз