Көрші Әбине апаны адам түсініп болмайды. Бірде көл, бірде шөл.
Ол отырған жерде өзге әйелдердің ауызына құм құйылып, «Апа, апатай» деп безек қағады. Жақсысын ауызына тосады. Тіпті біреуі әлдеқайдан сапар шегіп келсе, Әбине апаны шақырып, төрге отырғызуы міндеттей. Сәлем-сауқаттың да қомақтысын да сол кісі еншілейді. Қойшы, әйелдер тұрмақ біздің Байтұрсынов көшесінің балаларына дейін апаңыздың алдында құрдай жорғалаймыз. Суын тасып, отынын жарамыз. Шөбін түсіріп, мая қылып жинаймыз. Бірақ Әбине апа қанша қатал десек те, мол қол адам. Бір-бір қалта құрт-ірімшігін үлестіріп әлек. Алмасыңа қоймайды.
— Әй, қарапұшық. Әлі осыған зар боласыңдар. Жер басып жүре беретін мен шайтан емес шығармын, — дейді. Бізді қойып Әбине апам ұжымның басшысы, әншейінде ауыздыға сөз, аяқтығы жол бермейтін Амантайды да билеп алған. Құдды сиқыры бар адам дерсің. Ол тірлігін көзіммен көріп, құлағыммен естігенім бар. Соны айтайын.
Бір күні ауылдың селекторында жұмыс істейтін Рая апайға барсам, бөлме ішінде селектордың трубкасын құлағына ұстап, оң қолын беліне таянып сары апам тұр. Тура, атам айтпақшы, министр сияқты.
— Әй, Амантай! Бала-шағаларың аман ба? Мен құдай алмайтын сары кемпір Әбинемін ғой. Үйде шөп бітіп барады. Ұн да азайды. Екінші қабатқа кабинетіне кіргізбегің келсе, тездет. Түсіндің бе? — дейді ол.
Ар жағынан Амантайдың «Мақұл, апа. Үйіңізге қайта беріңіз» деген дауысы естіліп тұр. Сары кемпір керенау бұрылып, сыртқа беттеп бөлмеден шығуы мұң екен, селектор безілдеп қоя берді. Амантайдың дауысы.
— Рая, сары апа кетіп қалды ма?
— Әлгінде шығып кетті, — деді Рая апай.
— Онда қуып жетіп, айтшы. Ертең түске шөп түсіреді. Ұнын біраздан соң Аманғали апарып түсіріп береді де, — деді Амантай. Таң қалдым. Сірә, сары апама бұл ауылда бағынбайтын адам жоқ шығар. Әуелі сол сәт Әбине апа біздің көшенікі деп мақтанғым да келіп кетті.
Күйбең тіршілік ертеден қара кешке дейін таусылған ба?
Көрші апамда тыным жоқ. Жалғызілікті адамның қаракеті шығар. Апаның қызынан асырап алған кішкентай Абылай бар. Бізден үш-төрт жас кіші.
— Әке-шешесіне барып келсін деп Ақсуға жібердім. Бауырларынан жат болып кетер, — деді ол маған күлімсірей қарап.
Әбине апаның таптаған тезегін жинастырып, есік алдындағы шағын күркеге тасып жүрмін. Жауынның астында қалмасын деген қам-қаракет. Ұзынша келген арбаға тезекті толтырып саламын да, сүйретіп жөнелемін. Жеп-жеңіл. Енді бір-екі рет апарсам, жұмыс бітеді. Соңғы рет барғанымда әкімшіліктің шатырындағы көк шүберекке көзім түсті. Алып келіп жалма-жан жазып жібердім. Алтын түсті әлдененің кескінін көріп қалдым. Бетіне балшық баттасыпты. Міне, дөңгелек күн көрінді. Жан-жағынан адамның кірпігіндей шырпыланған нұр таяқшалар белең берді. Артынша күн астындағы қанатын кең жайып, қалықтаған қыран көрінді. Масқара! Мынаны сырт адам көрсе, ұят-ау. Өн-бойым селкілдеп қоя берді. Сөйткенше желке тұсымнан:
— Әй, құлыным. Бір жерің ауырып отыр ма? Не қып жүрелеп қалдың? — деген Әбине апаның қамқор үні естілді. Жалпы әлденеге сасып, абыржыған сәтте осындай әдетімше кірпігімді қағып-қағып жіберіп, көк туды алдына жайып сала бердім.
— Мұның не? — деді төне қарап тұрған сары апа.
— Ту ғой, апа, — дедім дауысым әрең шығып.
— Туы қалай? — деді ештеңеге жөнді түсінбеген Әбине апай.
— Кәдімгі еліміздің көк байрағы, — дедім енді батымдырық тәпіштей түсіндіріп.
— Солай де, — Әбине апамның көзі шарасынан шығып сала берді.
— Мұнысы қызыл болмаушы ма еді?
— Апа-ау, Кеңес өкіметі кезінде қызыл еді, қазір мемлекет атанып, тәуелсіздік алған соң, көк тудың астында біріктік қой, — дедім білгенімді айтып.
— Дұрыс екен. Оны қайдан алдың?
— Сонау төбеден жел құлатып тастапты.
— Дұрыс болған екен. Енді сен, батырекесі, ешкімге тісіңнен шығарма. Ту деген халықтың берекесі ғой, құлыным.
Сөйтті де, Әбине апа еңкейе беріп, туды жерден іліп алды да, жан-жағына ұрлана қарап алып, сілкіп қағуға кірісті.
— Құдайым, кешіре гөр, — дейді әлсін-әлсін күбірлеп. Әбине апам мені дедектете жетектеп, үйге бастап берді дейсің.
— Әлгі Төлеубек жел құлатып кеткен туды да байқамған ғой. Әйтпесе, маңдайшада желбіреп тұрған қасиетті дүниенің қайда кеткенін білмей, көзі ағып кеткен бе? Әй, өңшең кіндігінін басына қарап, боқ дүниені ойлаған байғұс, түге, — деді енді ол кінәні ауылдық әкімге аударып, бұрқылдай сөйлеп. — Тудың құдіретін біле ме бұлар? Мені де Құдай атып... Қартайғанның белгісі ғой. Күлсең кәріге күл деген. Бірақ бүгінгі тірлігімді тәңір кешпес. — Әбине апаның тымық көлдің жылжыған толқындарындай болған әжімдері көбейіп, өзін-өзі іштей мүжіп жатқанын сезіп келеміз. — Әлгі Абылай да айтпапты. Бірақ ол да мен сияқты ғой. «Кәрің де бір, жасың да бір бала» деген осы. Көпке күліп ек, басымызға келді.
Дөңгелек үстелді ортаға қойып екі иінінен секілдеп тұрған ақ самаурынды жетекке алып, «үйбай, белімін» айта жүріп, дастарханға бар-жоғын үйіп-төккен Әбине апа бір күрсініп алды.
— Баяғыда «Ту — ел белгісі, намысы» деп Телібай атам айтып отырушы еді. Біздің балаларымыз тоғыз құйрық ақ тудың астына бірігіп, ата жауымызға қарсы тұрыпты, — деді ол.
— Апатай-ау, ту әскери қолдың ең батыр сарбазының қолына ұстатылып, кескілескен соғыс кезінде батырларға рух береді екен. Егер кім ту ұстаған сарбаз оққа ұшса, оны екінші бірі қабылдап алыпты. Ту жығылмасын деген сөз содан қалыпты, — деймін көрген-білгенімді айтып.
— Әй, Төлеубек. Мынаны ел естісе, ұят-ау, — деді кінәсін жуып шайған сары апа. Ойымды Әбине апаның:
— Әй, Белденбайдың қарашотпағы, бұл отырысымызға жөн болсын, — деп күңк еткені бөліп кетті. — Бір тірлік жасайық.
— Не істейміз, апа? Туды Төлеубекке апарып берейін бе? — дедім алдын ала тон пішіп.
— Тәйт, оның қай сасқаның? Ту деген — киелі нәрсе. Оны жақсылап жуып, тазалап, сәнін келтіру керек. Сұсын танытайық, — деді ол. Сөйтсем, Әбине апа қара қазанның астына от жағып, су ысытуды да ұмытпапты. Жеңін түріп тастап, легенге еңкейгенде, мен де суын тасып әкеп, жанына қойдым. Әбине апа асықпады. Тудың кішкене бұрышын ыстық суға малып алып, маған қарады.
— Бояуы шықпайды екен. Былқ етпеді, — деді ол қуанып. Ауық-ауық маңдай терін қолының қырымен сырып тастап, сары апа туды мейлінше жуып, сілкіп-сілкіп іліп, жұмсақ орындыққа рахаттана отырды. Сонан соң күлімсірей маған бұрылды.
— Әй, балапан. Жұмыс жоқтай, мынауымыз қызық болды-ау, — деді сонан соң.
— Өзі өңі ашылып, жайнап кетеді екен.
Алда мен, артта Әбине апа, қолымызда таяқшаға орап алған көк ту, әкімнің кеңсесін бетке алып келе жатырмыз. «Төлеубек орнында болса екен» деймін ішімнен. Әбине апам тас түйін. Қолындағы таяғын алшақ тастап, адымын алшақ алады. «Қазір әкімнің ит терісін басына қаптайтын шығар» деген қауіп те жоқ емес. «Өзіне де обал жоқ».
Әбине апа иін тіресіп, кезек күткендерге қараған жоқ, қолымнан жетектеген күйі ішке алып кірді. Алғашқыда мұрты едірейген Төлеубек сасып қалды. Орындығынан атып тұрып, алдымыздан шықты.
— Бейбітшілік пе, апа? — деді ол сонан соң, жаттанды сәлемін айтып.
— Қайдан болсын. Әй, Берікбол, сен бір сәт шыға тұршы, айналайын.
Апамыз ауылдың зоотехнигінен бөлмеде өзімізді жеке қалдыра тұруды талап етті.
Енді бір сәт менің қолымдағы туды еппен алды да:
— Өкімет еш нәрсесін жоғалтқан жоқ па? — деді көзін әкімге тікелей қарап. Төлеубек ештеңені түсінбей желкесін қаси берді.
— Маңдайшаға біруақыт көз салу керек қой. Мына туды жел ұшырып, күресінге тастапты, — деді кәдімгідей қатқылданып. Төлеубек екі аттап Әбине апаның жанына жетті.
— Ұят-ай, қалай ғана байқамағанбыз, — деді сонан күңкілдей сөйлеп.
— Туы жығылғанның тұғыры әлсіз. Бұл — елдігіміздің белгісі. Жан-жақтарыңа қарасаңдаршы. Қане, іліп қойыңдар, — деді Әбине апа Төлеубекке туды ұстатып жатып.
Артыма қарадым. Әбине апам айтқан әкімнің үйінің төбесінде көк ту желбіреп тұр екен.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі